Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің (WADA) атқарушы комитеті Ресейді 4 жылға Олимпиада ойындарынан шеттету туралы шешім шығарды. Бұл жайт Ресейде ғана емес, әлемдік БАҚ-та резонанс тудырды. Шеттетудің сыры неде? Фазель айтқандай, астарында саясат жасырулы ма, әлде кінәлі біреу бар ма?
Дауыл алдындағы тыныштық 25 қараша күні болды. WADA Ресейді 4 жылға халықаралық жарыстарға қатысу құқығынан айыруға кеңес берді. Артынша 9 желтоқсан күні түбегейлі шешім қабылдады. Ұйымның ұйғаруынша, Ресей Олимпиада ойындарына, халықаралық спорт жарыстарына қатыспайды. WADA-ның бұл шешімі 21 күннен соң түбегейлі күшіне енеді. Әрине, Ресей тарапы шағымданса, Спорттық арбитраждық сот апелляцияны қараған соң ғана іске асады. Осы жерде сұрақ туындайды. Ресей спортшылары 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына қатыса ала ма? Қатысады. Ол үшін спортшылар Токио Олимпиадасы мен 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасына бейтарап статусында баруы керек. Яғни, аталған жарыста ресейлік спортшы жеңіске жетсе, Ресей әнұраны ойнамайды, туы көтерілмейді.
Шектеудің себебі не?
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Мәскеу зертханасының допинг сынамасы деректерін бұрмалағанын мәлімдеді. Олар 298 ресейлік спортшының 145-і халықаралық жарыстарда тыйым салынған дәрі-дәрмекті қолданғанын, сынама нәтижесі «көз байлағанын» анықтады. Сондай-ақ WADA 2 мыңға жуық допинг сынамаларын қайта тексеріп, 15 жаңа допинг ісін ашты. Әлі тексеріс толық аяқталмады. Соңына қарай нәтиже еселенуі мүмкін.
Әлемдік БАҚ бір істің шеті шығарын алдын ала сезгендей. Өйткені осындай санаттағы жаңалықтар ауық-ауық шығып тұрды. Азаттық радиосы Frankfurter Allgemeine-дің WADA күдігі туралы, ARD телеарнасының мәскеулік зертхана соңғы бір жарым жыл бойғы нәтижені бұрмалағаны жайында «сезіктенгенін» жазды. Тіпті, The Telegraph жоғарыдағы күмән расталса не боларын тізіп көрсетті. Ресей спортшыларының 2020 жылы Токио Олимпиадасынан шеттетілетінін айтып, дабыл қақты. Бұл аз десе, даниялық Sports Press басылымы WADA-ның Ресейге зертханадағы допинг сынамасы бұрмаланғаны жайлы тұспалдың түйінін тарқатуға үш апта уақыт беріпті.
Бұдан бұрын WADA 2015 жылы Ресейді допинг ережелерін бұзды деп айыптаған еді.
Ресей не жоғалтады?
WADA шектеуі тек әлемдік деңгейдегі турнирге ғана қатысты. Ресей құрлықтық және аймақтық жарыстарға қатысуы мүмкін. Бұл Ресейдің 2020 жылғы Еуропа чемпионатының төрт матчын Санкт-Петерборда өткізетінін білдіреді. 2021 жылғы Чемпиондар лигасы финалы да Санкт-Петерборда өтеді. Сонымен қатар Ресей 2020 жылы ауыр атлетикадан және жартасқа өрмелеуден Еуропа чемпионатын өткізе алады.
Алайда таяқтың екі ұшы бары белгілі. Ресей шектеу салдарынан оннан астам ірі турнирді өткізуден бас тартуға мәжбүр. Соның ішінде 2021 жылы өтетін жағажай футболына, 2022 жылы ерлер арасындағы волейболға, 2023 жылы хоккейден әлем чемпионатына «қош» дейді. 2023 жылғы жазғы Универсиада ойындары да Ресейдің қатысуынсыз өтуі мүмкін.
Бірақ WADA Ресей спортшыларының жарысқа Пхенчхандағыдай қатысуына түбегейлі қарсы. Өйткені Оңтүстік Кореядағы бәсекеге Ресей құрамасын «Ресей Олимпиадалық атлеттері» деп атауға рұқсат берді. Бірақ «Ресей» сөзі жазылған әріптің мөлшеріне дейін қандай пішін болуы керек екенін ХОК анықтады. Енді бұл шара екі есе күшеюі мүмкін. Себебі WADA Ресей атауын мүлде қолданбауды жөн көріп отыр.
Бірақ нақты тізім әлі жарияланбады. Сондықтан «мынау бар, мынау жоқ» деп кесіп айтуға әлі ерте. Мысалы, РИА Новостидің хабарлауынша, Халықаралық хоккей федерациясының басшысы Рене Фазель хоккейден әлем чемпионатының жалауы Ресейде желбірейтінінен үмітті. Тіпті, шектеуге қарамастан шешімге қарсы шығуға бар. Ол WADA шектеуінің мәнін саясаттан іздейді. Фазель ойыншының ертеңіне, спорттың болашағына балта шабудың қажеті жоғын алға тартады. Білікті басшының ойынша, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітуіне» жол бермеу қажет.
Бір айналдырса, шыр айналдырады
Ресей спортшылары Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға бейтарап түрде қатыса алады. Бұл ел мұндай тәжірибені бұрын да байқап көрген. WADA Ресейді 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Пхенчхан қысқы Олимпиадасына қатысу құқынан айырды. Бірақ ХОК Ресейдің 170 атлетіне тәуелсіз спортшы «мәртебесін» беріп, жарысқа қосты. Сарапшылар Токио Олимпиадасында да осындай жайт қайталануы мүмкін екенін айтады.
Ал WADA сәйкестік жөніндегі комитет басшысы Джонатан Тэйлор халықаралық жарыстарға жіберу кезінде әрбір спортшының ісі жеке қаралатынын алға тартты. Спорттың жекелей түрі ме, әлде, командалық ойын ба, әрбір спортшының жеке-жеке рұқсат алатынын еске салды. Аталған комитеттің жағдайды бақылағанымен, нақты шешім қабылдай алмайтынын атап өтті. Соңғы сөзді CAS айтып, шешім шығаратынын мәлімдеді.
Ел президенті ойын білдірді
Жоғарыда WADA шешімі 21 күннен кейін күшіне енетінін жаздық. Оған дейін Ресей тарапы апелляциялық шағым түсіре алады. Соңғы мәліметтер РУСАДА-ның шағым түсіруге сақадай-сай екенін көрсетеді. Не болса да, олар 2019 жылдың 30 желтоқсанына дейін CAS-қа талап қоюы тиіс. WADA-ның шектеуіне қатысты ел президенті де өз ойын білдірді. Путин спортшыларының «таза» екенін, әйтсе де, барлық құрам «жапа шеккелі» отырғанын мәлімдеді.
Ресей президенті баспасөз мәслихатында шешімнің әділетсіз екенін, допингке қатысты шешімнің өткен Олимпиадада орындалғанын айтты. Спортшыларының Пченчханда бейтарап тумен өнер көрсеткенін алға тартты. Енді тағы да сол үшін жазаланып отырғанын қосты. Мұндай әрекет әлемнің ешбір құқықтық жүйесінде болмағанын атап өтті. Сондай-ақ заң бұзған адам ғана жазалану керегін, WADA шешімі Олимпиада хартиясына қайшы келетінін айтты.
Сонымен бірге Путин WADA шешімі әлемдік спортқа кері әсерін тигізетінін тізді. Мәнерлеп сырғанау спортынан мысал келтірді. Елдің спортшы қыздары күрделі элементтерді орындайтынын, мұның допингке қатысы жоғын жеткізді.
Ресей президенті шағым айтып, спортшы қамын ойлап шырылдағанымен, WADA міз бақпай отыр. Тек жазаны қысқарту үшін қоятын арнайы талабы бар. Егер Ресей WADA-мен «достасып», талдау жүргізу және тағы басқасында ұйымға сенім артатын болса, арадағы мұз «ериді». Алайда ресейліктердің РУСАДА-ға «қалтқысыз» сенетіні, өзге де шетелдік допингке қарсы ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста екені белгілі. Демек, WADA талабы орындалмай, алдағы 4 жылда байрақты бәсекеде Ресей әнұранын естімейміз. Арадағы «қырғиқабақ» қатынас түзелмей, ешкімнің ісі алға баспасы анық.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ