Қазақстан құрамасы қоржынында Токио Олимпиадасының 25 жолдамасы бар. Соңғы екі жолдаманы Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко алды. Ал Қарағандыда боксшы қыздар Олимпиада жолдамаларын сарапқа салып жатыр. Ғалым Жарылғаповты еске алу турнирінде бірнеше есім белгілі болады.
12 қарашада Қытайдың Ухань қаласында бессайыстан лицензиялық Азия чемпионаты өтті. Олимпиада комитеті осымен құрлық додасында ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сын аяқталғанын мәлімдеді. Турнир нәтижесінде Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко Олимпиада жолдамасына ие болды. Елена Потапенко Азия чемпионатында 12-орын алды. Ал аталған бәсекеде 5 жолдама берілуі керек. Бұл – Олимпиадаға іріктеу турнирінің ережесі. Қағидаға сәйкес әр елден бір спортшы үміткер болады. Кестеде Оңтүстік Кореядан – төрт, Жапония мен Қытайдан – үш, Өзбекстанның бір спортшысы болғандықтан кезекті жолдама Потапенкоға бұйырды. Ерлер арасында Павел Ильяшенко 4-орын иеленіп, Токио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды.
Қарағандыда Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр. 2020 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу турниріне қатысу үшін боксшы қыздар бағын сынап көрмек. Олимпиадаға барудың кілті – рейтинг пен ұпай саны. Ал ұпай алу үшін түрлі жарыс пен турнирде бақ сынау керек.
20 желтоқсан күні бокстан әйелдер арасындағы жарыстың жартылай финалы өтті. 52 келіде Ангелина Лукас пен Жайна Шекербекова қолғап түйістірді. Ангелинаға Шекербекова байырғы қарсылас болғандықтан, қиындық тудырмады. Ал әлем чемпионы Назым Қызайбай Жансая Әбдірайымовадан жеңіліп қалды. 57 келіде Ресей мен Өзбекстан боксшылары алтын жүлде үшін кездесу өткізеді. Турнирдің финалдық кезеңіне 60 келі салмақта Римма Волосенко мен ресейлік Екатерина Дынник жолдама алды. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова Баян Ақбаевамен жұдырықтасты. 69 келідегі бәсекеде Олимпиада жүлдегері Ақбаеваға жол берді. 75 келіде Надежда Рябец төрешілер шешімімен Ақерке Бақытжаннан басым түсті.
Аталған турнир нәтижесі бойынша рейтинг түзіліп, Токио Олимпиадасына кімнің баратыны анықталатын болады. Әзірге құрамада 25 жолдама бар. 2020 жылдың көктеміне дейін спортшылар түрлі турнирде топ жарып, ұпай түгендесе, жолдама саны артады. Ұлттық құраманың Токио Олимпиадасында спорттың 20 түрінен сынға түсетінін ескерсек, әлі де жолдама жағын қамдау керек. Өйткені құрама спортшылары Рио Олимпиадасында спорттың 27 түрінен 100-ге жуық жолдама алды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ