Қазақстан халықаралық Адам дамуының индексінде – 50-орынға шықты. Бір жыл бұрын (2018) аталған көрсеткіш бойынша 58-орында тұрғанбыз. Адам дамуының индексі – бұл әлем мемлекеттерінде адамның даму деңгейін сипаттайтын жинақталған көрсеткіш.
Индексті жыл сайын Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) сарапшылары тәуелсіз халықаралық сарапшылар тобымен бірге есептеп шығады. Оны түзуге сараптамалық материалдардан бөлек, халықаралық және ұлттық институттардың статистикасы пайдаланылады. Әр мемлекеттегі халықтың өмір сүру көрсеткіші, білім алу және лайықты тұрмыс жағдайы индекстегі маңызды элементтер саналады. Одан бөлек, адамның саяси бостандығы мен құқығы қосымша элемент ретінде есепке алынады.
Сонымен, БҰҰ ДБ-ның 2019 жылы әлемнің 189 мемлекетіне жасаған талдауында Қазақстан 50-орынға ие болып, адам дамуы өте жоғары елдер тобына енді. Айта кетейік, 189 мемлекеттің көш басында тұрған мемлекет – Норвегия. Норвегиядағы адам дамуының индексі – 0,954-ке тең болған, ал біздің елдің көрсеткіші – 0,817.
БҰҰ сарапшыларының баяндамасында 1990 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде Қазақстандағы адам дамуының көрсеткіші 18,5%-ға өскені айтылған. «Қазақстан адам дамуының бірқатар аспектілерінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді, бірақ кейбір экологиялық проблемалар бар», – деп атап көрсеткен хабарламада.
Ал Орталық Азияның өзге мемлекеттері бұл индекс бойынша Қазақстаннан көп кейін қалғанын байқаймыз. Адам дамуы индексінде 189 мемлекеттің ішінде Өзбекстан мен Түркіменстан 108-орынды бөліссе, Қырғыз Республикасы (122), Тәжікстан (125) және Ауғанстан (170) көрсеткіштерімен екінші жүздікке кірген. 189 мемлекеттің индексі түзілген биылғы тізімді 0,377 көрсеткішпен Нигерия мемлекеті тұйықтапты.
БҰҰ ДБ 2019 жылға арналған талдауында жаһандық теңсіздік мәселесін басшылыққа алған. Сарапшылар дүниежүзіндегі даму деңгейі әртүрлі елдердегі 2000 жылы туған екі баланың жағдайын мысал ретінде салыстыра қарастырыпты. Мәселен, адам дамуы индексі төмен мемлекеттерде 2000 жылы туған балалардың 70-80%-ның жоғары білім алуына қолы жетпеуі мүмкін. Ал даму көрсеткіші жоғары елде олардың құрдастарының 55%-ның жоғары білім алуына мүмкіндігі бар. Оған бір себеп әлеуметтік-тұрмыстық жағдай болса, екіншіден, даму индексі төмен елдерде адамның өмір сүру көрсеткіші төмен. БҰҰ сарапшылары адам дамуы индексі төмен аймақтарда дүниеге келген балалардың 17 пайызы 20-ға толмай қайтыс болатынын ашып көрсеткен. Ал даму көрсеткіші жоғары елдерде ол 1% төңірегінде ғана.
Сондай-ақ ғалымдар жыл сайынғы адам дамуы индексін өлшеуде жаңа формаларды қолданып жатқанын айтады. Уақыт, әсіресе білім беру ісі мен технология және климаттың өзгеруін қатаң басшылыққа алуды талап етуде. Егер бұл критерийлер бақылауға алынбаса, қоғамда бұрын-соңды болмаған «маңызды алшақтық» туындауы мүмкін. Себебі адам капиталы тұрақты түрде дамып келе жатқан аймақтарда кеңжолақты интернет қызметіне жазылушылар саны 15 есе, ал жоғары білімге ие азаматтар үлесі 6 есе жылдам өсіп жатыр.
«Бұрын жоғары білім мен интернетке қол жеткізу адам дамуындағы қосымша тетіктер ретінде қарастырылып келсе, бүгінгі күні ол тұтас қоғамның дамуымен тікелей байланысты» дейді мамандар. Мұндай теңсіздік көріністері мемлекеттегі теріс саяси тенденцияларды күшейтеді.
Адам капиталын дамытудағы негізгі мүмкіндіктерге бастауыш білімге және негізгі технологияға қолжетімділік және сапалы медициналық қызметтерді алу мәселесі жатады.
БҰҰ сарапшыларының айтуынша Орталық Азия мемлекеттерінің Адам дамуы индексінде жоғары көрсеткішке ие бола алмай отыруының бір себебі – миграциялық көші-қон үдерісінің артуы. Өйткені көші-қон мен жұмыссыздық көптеген азаматтың үздіксіз білім алуына кедергі келтіріп отыр. Әсіресе, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстандағы еңбекке жарамды халықтың 12-15% еңбек мигранты ретінде өзге елдерге барып, жұмыс істеуге мәжбүр.
Бұл тұрғыда Қазақстан БҰҰ ДБ түзген индексте 189 елдің ішінде 50-орынға тұрақтап, адам дамуы көрсеткіші жоғары елдердің қатарына кіргенін жоғарыда жаздық. Дегенмен сарапшылар Қазақстан әлі де болса ересек адамдардың өлімі, жан басына шаққандағы көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту секілді көрсеткіштерді қолға алғаны жөн.