Өтемақы сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған кәмелетке толмағандарға, адам саудасымен және азаптаумен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілерге беріледі.
2020 жылдың 1 шілдесінен бастап жәбірленушілерге өтемақы төленеді.
Мемлекеттік өтемақылар қылмыстан зардап шеккен адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың қолданыстағы тиімді тетігі болып саналады, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
"2018 жылы "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" заңның қабылдануымен елімізде қылмыстан материалдық зардап шеккен, алайда қылмыстың ашылмауы немесе қылмыскердің соттан жасырынуы себепті өтемақыны өндіріп алуға мүмкіндігі жоқ адамдарға шұғыл қажетті көмек көрсетуге арналған институт құрылды", - деп жазылған хабарламада.
Жәбірленушілерге қордан өтемақы төлеу өндіріп алушыға қатысты жасалған құқық бұзушылықтың санатына қарай 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін бір реттік төлем түрінде 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап іске асырылады.
Адам жәбірленуші деп танылған күннен бастап 3 жылдың ішінде қылмыстық қудалау міндетін атқаратын мемлекеттік органға өзіне өтемақы тағайындау туралы өтініш жасауға құқылы.
Өтемақы сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған кәмелетке толмағандарға, адам саудасымен және азаптаумен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілерге, қылмыс салдарынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген не АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдарға, Қылмыстық кодекстің баптары бойынша жәбірленуші қайтыс болған жағдайда жәбірленуші құқықтары берілген адамдарға беріледі.