Ашық сұхбатқа бейіл екенін көрсетті
Қасым-Жомарт Тоқаев риторикасындағы президенттіктің алғашқы күнінен бастап халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық сұхбат басым бағыт ретінде алынған. ҰҚСК-ның екінші отырысы Президенттің ашық сұхбатқа және «құлақ асатын мемлекет» қағидатына бейіл екенін көрсетті.
Тапсырмалар арасында әйелдер мен жастар үшін міндетті 30% квотаны ерекше атап өткен жөн. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген ел ерікті партиялық квоталарды енгізуде. Мысалы, «Кеңес 90/Жасылдар» (Германия) партиясы және Австриялық жасылдар партиясы партиялық тізімде әйелдердің кемінде 50% болуы тиіс деп қарастырады. Испанияның Социалистік жұмыс партиясы өз кандидаттарының тізіміне әйелдердің 40% қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Швецияның барлық партиясы кезектесу («зипперинг») принципін ұстанады. Бұл жағдайда кандидаттардың партиялық тізімінде әйелдердің 50%-ы ғана емес, сондай-ақ сайланған депутаттар санының 50%-ын барынша жақындайтындай етіп ерлер мен әйелдер ауысып отырады. Швеция әйелдер өкілдігінің деңгейі бойынша әлемде төртінші орында және ел парламентінде 45%-ды әйелдер алады.
Жалпы, партиялық квоталар екі тәсілмен белгіленеді: партияның құрылтай құжаттарына, ережелер жарғылары мен жинақтарына өзгерістер енгізу арқылы саяси партиялар ерікті түрде қабылданады немесе ерікті квоталар әдетте квоталау туралы ресми заңдарда (сайлау, саяси партиялар және т.б. туралы заңнама) белгіленеді. Біз көріп отырғанымыздай, Қазақстан партиялық квоталаудың екінші тәсілін енгізуде және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, бұл шара әйелдердің саясатқа, әсіресе заң шығару процесіне белсенді келуін ынталандыруы тиіс.
Әли БЕКТАЕВ, Сенат депутаты:Жұмыс жанданып келеді
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы күннен күнге жанданып келе жатыр. Бірінші отырыс пен екінші отырыстың арасында қоғамдық кеңестің көптеген мүшесі Президенттің қабылдауында болды. Екіншіден, Мемлекет басшысы көптеген қоғамдық ұйым мен саяси партиялардың басшыларымен, сарапшылармен кездесті.
Себебі бірінші отырыста айтылған мәселелерді Қасым-Жомарт Кемелұлы тиісті мамандармен және сарапшылармен, саясаттанушылармен, Ұлттық кеңес мүшелерімен бірлесе отырып қарастырып, нақты бір шешімге келу үшін жағдай жасады.
Мемлекет басшысы қоғамдағы саяси реформаны жандандыру, демократиялық принциптерді тереңдете түсу, сондай-ақ қоғам арасындағы әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелер тұрғысында халықты толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді. Қазіргі уақытта Ұлттық кеңестің жұмысы, орны халқымыздың ой-пікірінде де, қоғамымызда да нақты орын ала бастады. Бүгінгі таңда Президентке де, Мемлекет басшысы құру туралы бастама көтерген осы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне де ел халқының арасында үлкен сенім бар. Себебі бұл кеңесте, шынында да, қоғамда айтылып жүрген, қазіргі уақытта шешімін табуды күтіп тұрған көптеген мәселе көтеріліп жатыр.
Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты:Саяси реформасыз ілгерілеу мүмкін емес
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысындағы Мемлекет басшысының ұсыныстары мен тапсырмалары «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін айтарлықтай сенім ұялатты. Президенттің жаңашылдық әрі азаматтық күш-жігермен жасалған бірқатар қадамға құрметпен қараймыз.
Жалпы, бүгінде саяси реформаларсыз әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілету мүмкін болмайтындай жағдай қалыптасып отыр. Бүгінде саясатты дамытпай, экономиканы дамыту мүмкін емес. Сондықтан саяси жүйедегі тың қадамдарға назар аударған жөн. Сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешпестен, саясатты ілгерілету де мүмкін емес.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық кеңесте сөйлеген сөзінен Мемлекет басшысы қазіргі жағдайды айқын түсініп отырғанын байқауға болады. Президент өз шешімдерін де ұсынды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы бірқатар маңызды тапсырмаларды бергеніне алғысымды айтамын.
Менің ойымша, парламенттік опозицияның, азшылықтың базалық құқықтары Парламент регламенттерінде ғана емес, сонымен бірге заңнамалық тұрғыда бекітілуі тиіс.
Талғат ҚАЛИЕВ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:Көп ұсыныс қолдау тапты
Жұмыс топтарының отырыстарында жасалған ұсыныстардың көпшілігі қолдау тапты десе болады. Кейінгі айларда мүдделі мемлекеттік органдардың, Президент Әкімшілігінің басшылығымен өткізілген кездесулерде алдыңғы отырыстардың ұсыныстары кеңінен талқыланған болатын. Саяси жаңғырту тобының нәтижесінің бірі – митингілер туралы хабарлау жүйесіне көшу. Бұл – өте маңызды қадам.
Саяси партиялардың мүшелерін тіркеуді 40 мыңнан 20 мыңға азайту ісіне де назар аударған абзал. Бұл көп пе, аз ба? 17 өңірге есептеп бөлсеңіз, бір партия үшін 1 176 адам керек деген сөз. Блогерлердің жазылушылары мыңдап саналатын әлеуметтік желінің заманында өз партияңыздың қатарын оп-оңай жинап алуға болады. Оппозициялық партия өкілдеріне Парламенттегі жетекші позициялар беріледі. Мәжілістегі комитеттің басшысы лауазымына кез келген партияның жолы ашылып тұр. Мұндай жағдайда Парламент пікірталасқа бейім әрі батыл болуы тиіс.
Мемлекет басшысының Есеп комитеті аудитінің жариялы болуы керек деген шешімін де атап өтуге болады. Жаңашылдықта экономикалық сипат басым десек те, бұл шешімнің саяси маңызы да жоғары. Себебі осы өзгеріс азаматтық сектордың құзыретін арттырады. Ал жала жабу туралы баптың декриминализациялануы отандық журналистерді жігерлендіре түсуі керек.