Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Қоғамдық кеңес жұмысына Мәдениет және спорт министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері, Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру әдістемелік орталығы, Ұлттық тестілеу орталығы өкілдері, КазТест жүйесінің дамыту басқармасы мен Атамекен кәсіпкерлер палатасының басшылығы және т.б. қатысты.
Қоғамдық кеңес отырысында күн тәртібіндегі негізгі 4 мәселе қаралды. Атап айтқанда, Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобының қызметі, мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сәйкес меңгеруі міндетті кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін заңды түрде бекіту, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңындағы «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» деп аталатын 21-баптың орындалуы, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмысының тиімділігі талқыға түсті. Отырыс барысында бейнебайланыс режимі арқылы облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы Miras аймақтық кеңесінің мүшелері, жергілікті тіл оқыту орталықтарының партия аймақтық филиалдарының басшылықтарының есебі тыңдалды.
Кеңес отырысын кіріспе сөзімен ашқан Бекболат Тілеухан мемлекеттік тілді, мәдениет пен дәстүрді дамыту еліміздегі жетекші партияның стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Қазан айында Miras республикалық қоғамдық кеңесінің жаңа құрамымен алғашқы отырыс өтіп, кеңестің күн тәртібінде Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-19 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы мәселе қаралды. Сол жиында Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданған болатын. Бүгінгі отырыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобының құрамына кіретін, олардың айналысатын мәселелерімен таныстыру. Алдағы уақытта біз мүмкіндігінше айына бір рет жиналып, жұмыс тобының қызметі аясында үш мәселені жеке қарастырамыз, – деді Бекболат Тілеухан.
Кеңестің күн тәртібіндегі мәселесі бойынша Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов баяндама жасады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Жаңа әліппені енгізудің барлық аспектілерін мұқият тексеріп, оны пысықтау керек екенін айта келе, қазақ тілін реформалаудың маңыздылығына тоқталған болатын. Осы ретте Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі үш тіл саясатын үйлестіруші уәкілетті орган ретінде Мемлекеттік тілдің қолдану заңы аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыра беретін болады. Министрлік 2019 жылғы 24 қазан күні Miras республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында тіл саясатын жүзеге асыру жөнінде есеп беріп, 18 қараша күні мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен кеңес өткізді. Онда мемлекеттік тіл бағдарламадағы бірқатар индикаторлар мен көрсеткіштердің орындалмау себептері талқыланып, жаңа мемлекеттік бағдарламаның мақсат-міндеттері, оның аясында жүзеге асырылуы көзделген іс-шаралар кешені жан-жақты қарастырылды, – деді Н.Мұратұлы.
Өз кезегінде қоғам қайраткері, жазушы Алдан Смайыл Заңның 23-бабында «мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деп жазылғанын, осы бойынша арнайы тізім бекіту туралы ұсыныс жасалғанын айтты.
– Тілдер туралы заңға біз ұсынған өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін деген жоба бойынша Үкіметтен қолдау таппадық. Бұл мәселе кейінге қалып қойды. Алғашқы ұсыныс 1999 жылы жасалды. Бірақ орындалмады. Одан кейін 2001 және 2008 жылдары қайта көтерілді. Кейін «бұл мәселені жүзеге асыру әлі де ерте» деген жауап алдық. Ендігі кезекте Халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне осы тізімді жасату қажет және жұмыс тобының кеңесінде мұны қайта қарап шығуымыз керек, – деді Алдан Смайыл.
Жиында бейнебайланыс арқылы Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің қате жазылуы мен айтылуы жиі сынға ұшырап отырғандықтан БҚО Тілдер басқармасы жеке және ортақ кәсіпкерлермен бизнес субъектілермен бірге қызмет атқару жолын қарастырғанын айтып, жұмыс барысына қысқша тоқталды. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп тілді оқыту, ономастика, латын қарпіне көшу, деректемелерге, сыртқы жарнама мәселелеріне қатысты атқарылған іс-шараларды баяндады. Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры Бақыт Шукеева лингвистикалық тіл оқыту орталығының жұмысы жайында айта келе, мемлекеттік тілді меңгертудің маңыздылығын сөз етті. Ол сонымен қатар Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесіне оқыту орталықтарының статусы мен беделін арттыру мәселесін басты назарға алу керегін жеткізді.
Бұл ретте Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова да жыл бойына атқарылған іс-шаралар жөнінде есеп берді. Атап айтқанда аталған оқыту орталығы жекешеленгенін, оқытушылар құрамының саны өскені де сөз болды. Әңгіме арасында ол қазақ тілін шетелдіктер мен қазақстандықтарға оқытудың жаңа тәсілін қолдануды ұсынды. Сондай-ақ әр облысқа тіл сарайы салынса деген тілегін жеткізді.
Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің әр басқосуы сайын нақты істелген, жүзеге асқан жұмыстарды көрсетейік деген ойын ортаға салды. Тілдің мәртебесін арттыру қажеттігін, жиындарда, отырыстарда қазақша сөйлеуді, қазақша баяндама жасауды талап ету қажет екенін, мемлекеттік тілге деген құрметті арттырудың маңызын әңгімеге арқау етті.
Miras қоғамдық кеңес мүшелері баяндамадан соң ашық талқылауға, пікір алмасуға көшті. Басқосу соңында отырыс барысында талқыланған мәселелер мен жасалған ұсыныстардың барлығы да аяқсыз қалмай, партиямен бірлесе атқарылу арқылы жүзеге асатыны айтылды.