Қазақстанға жылына 8,5 млн турист келеді. Бұл мәліметті Ұлттық статистика комитеті жіліктеп берген. Елге келгендердің ішінде 1,2 млн іскерлік мақсатта ат басын бұрғанын, 6,5 млн жеке мәселесі бойынша, қалған 81 мыңы турист екенін бюллетеньде көрсеткен. Ал елге келгендер табиғатқа тамсанып, туризмді көтеруді көршіден «үйреніңдер» деп жар салып жүр. Сонда ішкі туризмді дамыту үшін қайтпек керек?
Естеріңізде болса, күзде елге келген әйгілі блогерлер Арам Варданян мен Меган Старр шетелдің Қазақстанға деген пікірін «өзгертті».Армения блогері Алматыға келіп, көптің арманын орындап қайтты. Енді Қазақстанға келген шетелдіктің көші-қон орталығына уақытша тіркелуінің қажеті болмайды. Осының алдында Варданян Facebook парақшасында алмалы қалада әуреге түскенін, әлеуметтік желідегі достарына Қазақстанға келуге кеңес бермейтінін жазды. Осыдан кейін Президент арнайы мәлімдеме жасады.
«Егер біз шынымен мемлекетіміздің, ірі қалаларымыздың инвистициялық және туристік тартымдылығын арттырғымыз келсе, онда шетелдіктерді көші-қон полициясында міндетті түрде тіркеу сияқты анохранизмнен арылуымыз керек. Міндетті тіркелу шетелдіктер үшін қолайсыздық тудырып қана қоймай, сонымен қатар жемқорлыққа да түрткі болады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді. Сандық технологияны не үшін іске қостық? Үкіметке бұл мәселені жаңа жылға дейін шешуді тапсырамын. Ішкі істер министрінің мәліметінше, біз бұған толықтай дайынбыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расымен де, өзі артынып-тартынып келген туристі үркітіп алғанымыз жөн болмас. Мемлекет басшысы аталған мәселені жаңа жылға дейін шешуді тапсырды. Ендігі кезек – шенділерде. Президент цифрландыруды әртараптандыру керегін жыл басынан бері айтып жүр. 2019 жылы электронды визаны 25 мың шетелдік алған.
Қазақстанға Арам Вардаянмен бірге еріп келген Меган Старр time.kz-ке арнайы сұхбат берген. Бірінші кезекте елдегі шектен тыс қағазбастылықты сөз еткен. Бәрі онлайнға ауысқан дәуірде бір штамп үшін Алматыны айналғандарын «майын тамыза жеткізген». Көші-қон сайтына кіргенде ағылшын тілінде мәлімет таба алмағандарын да қосқан. Дегенмен Қазақстанның таңғажайып табиғатына тамсанып, ерекше әсер алғанын да жасырмаған. Бірақ туризмнің «жеңіл жолы» жоқ екенін айтыпты. Мысалы, Арам мен Меган Іле өзенінің бойындағы Көшпенділер қаласын бетке алады. Арнайы көлік жалдап, межелі жерге жетуді қалайды. Алайда жолда адасып, шаршағандарын айтады. Өйткені елде ең әдемі аймаққа апарар автобус, такси жағы қарастырылмаған. Иә, Қайыңды мен Көлсай болсын, Айқайқұм болсын арнайы тур-пакет алмасаңыз, жете алмайсыз. Ал бұл шетелдік туристерге ұнамайды. Өйткені олар Колизейге де, Плимут жазығына да оңай жетеді. Мәселен, Алматы облысындағы Шарынды көремін дегенше, жолдан әбден титықтайсыз. Аталған мекеннің үлкені – Гранд-Каньонға жету мұншалық қиын емес. Шетелдіктер тур пакеттің «қыр-сырын» жақсы біледі. Олар үстемеақы төлемей-ақ, ұнаған жерінде ұзақ болып, рахаттана тамашалағысы келеді. Осы мәселеге интернет желінің жырын қосыңыз. Елге келгендер айтып та, жазып та жүр. Арам Варданян Шарында түскен фотосуретінің астына «Жабайы Қазақстан» (Дикий Казахстан) деген жазба қалдырыпты. Нұсқаудың астарын айқындамаса да, түсінікті. Интернет байланысы жоқ, жол жөндеуді сұрап тұр, сапарға шығатын шетелдікке үш тілде анық бағдар көрінбейді. Солай бола тұра, ішкі туризмді дамытуды қалаймыз.
Егер біз шынымен мемлекетіміздің, ірі қалаларымыздың инвистициялық және туристік тартымдылығын арттырғымыз келсе, онда шетелдіктерді көші-қон полициясында міндетті түрде тіркеу сияқты анохранизмнен арылуымыз керек. Міндетті тіркелу шетелдіктер үшін қолайсыздық тудырып қана қоймай, сонымен қатар жемқорлыққа да түрткі болады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді.
Қазақстаннан «шалдығып» шыққан Арам мен Меган бұдан соң қайда барды деп ойлайсыздар? Қырғыз еліне. Артынан әлеуметтік желіде айырқалпақ ағайын туралы жылы лебізін білдірген. Өйткені оларға тауға шығамын десе – аты, жаяу серуендеймін десе, велосипеді дайын тұрған. Жоғарыдағы сұхбатта Варданян Алматыда велосипед жолы көп әрі кең болғанымен, шайтанарба таба алмағанын айтқан. Ал Қырғызстан болса, шағын жолын пайданың көзіне айналдырып отыр. Қырғыз елінің ішкі туризмі Қазақстаннан қарағанда көші ілгері екенін атақты блогерлер мақұлдап отыр. Олардың сөзінше, қолайлы жағдай қалыптастыру алдыңғы орында тұрады.
Дей тұрғанмен, кей өңірде ішкі туризм ілгерілеп келеді. 2019 жылы киелі Түркістанды көруге 1,5 млн-ға жуық турист ат басын бұрған. Мұны Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Иә, сәулет өнерінің ерекше туындылары орналасқан өлке туристі тартары анық. Өйткені Самарқан пен Бұхараны әлемнің әр бұрышынан іздеп келетіндердің қарасы көп. Бір жағынан Ташкенттің танымал болуына әдеби аңыздар, кинематография да сеп болады. Мысалы, еуропалықтарды Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты заманауи қала емес, Отырар, Сарайшық, Түркістан мен Ақыртас тәрізді мекен тәнті етеді. Мәселен, телесериалдарымен танымал Түркия ішкі туризмін дамытып отыр. 2017 жылы шыққан «Чукур» сериалы Балат ауданында түсірілген. Аталған ауданды көруге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Стамбұлдың архитектурасы ерекше бөлігінде дәмханасы мен дүкені барлар табысының 50 пайызын сериал арқылы тауып жүр. Туристер аудан дуалдарындағы графиканың жанында суретке түсуге, сериал символы бар кеудеше сатып алуға құмар екен. Міне, кинематографияның құдіреті. Ал Түркияның сериал сатудан экономикасына көмек көрсетіп отырғаны тағы бар.
Елге келгендердің шағым айтатын тағы бір тұсы – гид-нұсқаушылардың аз екені. Көбі елге келгенде шет тілін еркін меңгерген, кез келген сұрағына жауап таба алатын нұсқаушыны «итпен іздейтін» көрінеді. Осыған байланысты елде гидтерді арнайы үйрететін орталықтардың жұмыс істемейтінін көреміз. Сәйкесінше нұсқаушы таба алмағандары көрші елдегі гидтерден жәрдем сұрайды. Ал олар болса, тауды көрсетіп тұрып, біздің елде мұнан да кереметі бар демесіне кім кепіл?
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ