Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионаты өтті. Төрт күнге созылған жарыстың нәтижесінде қыздар арасынан Айза Мамбекова чемпионаттың жеңімпазы атанды. Ол алғашқы қысқа бағдарламасын көрсеткеннен-ақ алға шығып, топ жарған. Ал қарағандылық Аяна Рахимова 21, 82 балмен соңғы орынға ілікті.
Ал чемпионаттың күміс жүлдегері Ажар Жұмаханова атанса, Ясмин Текик қола жүлдені жеңіп алды. Ерлер арасындағы турнирдің «алтыны» Михаил Шайдоровқа бұйырды. Екінші орында Рахат Бралин тұр. Үш көшбасшының тізімін Диас Жиренбаев жапты.
Айзаның осыдан бір жұма бұрын prosports.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан чемпионатына дайындығымен бөліскен. Сонда ол «Егер бәрі ойдағыдай болып, жеңіс тұғырына жетсем, бірнеше ұпай жинау үшін қаңтарда Польшада өтетін Mentor Torun Cup – 2019 халықаралық жарысына қатыспақшымыз» деп алдағы жоспарын айтқан.
Айта кетейік, Айза Мамбек «Алтын коньки – 2019» байқауында ең үздік жиырмалыққа кірді. Ол кезде Айза еркін бағдарлама бойынша 84,02 ұпай жинап, 24 қатысушының ішінен 19-орынға ие болды. Бұл турнирдің біріншілігі Ресейдің Елизавета Туктамышева иеленсе, жүлде тұғырының екінші сатысында белорустық Виктория Сафонова алды.
– Хорватиядағы ойыныма шыны керек, көңілім толмады. Жаттығу барысында көрсеткен көрсеткіштерім әлдеқайда жоғары еді. Осы жолғы бағдарламамды таза орындай алмадым. Негізі жаттығудан аянбадым. Өз-өзіме деген сенімділік жетіспеді-ау, – деп ақталды сол сайыста ол. Енді алдағы үміт – Mentor Torun Cup – 2019 халықаралық жарысы. Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен Айзаның уәдесі еді.
Алматылық Айза мұзайдынына төрт жасында келді. Содан бері оның бүкіл өмірі осы айдында өтуде. Бүгінде мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері «Қиял» спорт клубының тәжірибелі жаттықтырушысы Галина Маслюкпен бірге жаттығуда. Оның айтуынша, барлық жаттығу елде өткізіледі. Бірақ арасында көрсеткішті жақсарту үшін шетелдік мамандардың қатысуымен оқу-жаттығу жиындарын жібермеуге тырысады. Мәселен, Санкт-Петербордағы оқу-жаттығу жиыны оған үлкен тәжірибе болды. Соның нәтижесінде 2014 жылы ол өзін екі жасөспірімдер арасындағы Гран-приге бағын сынап көрді. Сол кезде Айза Чехияның Czech Skate байқауында 22-орын және Хорватияның Croatia Cup-та 25-орын алған болатын.
Жас жұлдыздың өзіндік ерекшелігі – қазақтың ұлы күйшілері Құрманғазы, Дәулеткерей, Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларымен жұмыс істейді. Ол репертуарды әкесімен бірге таңдайды. Сол ерекшелігімен Айза Алматыдағы 2016 жылғы Универсиадада 16-орын алды. Содан кейін ол мәнерлеп сырғанаушы Елизавета Тұрсынбаевамен бірге Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында өнер көрсетіп, нәтижесінде 8-орын алған. Міне, осы жарыстар Айза үшін Универсиададан кейінгі есте қаларлық сәттері болды. Оның осындай ұмытылмас, жарқын сәттері әлі де алда деп сенеміз.