Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында қоғамды алаңдатып отырған бірнеше мәселе қозғалды. Соның бірі – Қазақстанда Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау. Бұл туралы аталған кеңестің мүшесі Мұхтар Тайжан айтты.
Экономист М.Тайжанның айтуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды кеңес мүшелері үш айдан бері ұсынып келе жатқанымен, шешімін таппай отыр. «Бәріңізге мәлім, кредит бүгінгі күні үлкен проблемаға айналған. Ресейде және басқа елдерде мұндай заң бар. Бізге де сондай заң керек. Бірақ оған Үкімет өкілдері келіспей отыр. Өйткені ол масылдық тудырады дейді. Бұл жерде ешқандай масылдық жоқ. Біздің тобымыздың мүшелері онымен келіспейді», – деді ол.
Айта кетейік, Мұхтар Тайжанның «біздің тобымыздың мүшелері» деп отырғаны ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі экономикалық блок мүшелері. Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Дания Еспаева 12 қыркүйекте Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына жолдаған сауалында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның дереу Парламентке жіберілуін талап еткен болатын. «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы үкіметтен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын енгізуді сұрайды, егер ол дайын болмаса, 2015 жылы Үкімет қабылдамаған заң жобасын қайта енгізуге ниеті барын мәлімдейді», – деді депутат.
Банкроттық туралы заңның қабылдануын сұрап отырған кеңес мүшелері Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі өсіп бара жатқанына алаңдайды. Банктерге борышын өтей алмағандардың көбеюінен қоғамда ажырасу, өз-өзіне қол жұмсау секілді келеңсіз жағдайлар жиі орын алуда. Биылғы 11 қараша күні exclusive.kz сайтына берген сұхбатында Мұхтар Тайжан қазір 4 миллионнан астам қазақстандықтың несиесі барын, олардың көп бөлігі үш айдан астам мерзімі өткен, проблемалық несиеге айналғанын айтады.
Біздің қоғамда жастардың ажырасуы көбейгені жасырын емес. Британиялық The Econоmist журналының сарапшылары Қазақстанды ажырасу бойынша алғашқы ондықтағы мемлекеттердің қатарына қосқан. Басылымның жазуынша, әрбір үшінші неке айырылысып кетеді. Әрбір төртінші бала толық емес отбасында өсіп жатыр. Рас, шаңырақ көтерген жастардың айырылысып кетуінің себебі тек несиеге байланған ба, ол жағын тап басып айту да қиын.
Еске сала кетейік, елімізде тұтынушы несие көлемінің ұлғайғанын шілде айындағы Сенат отырысында депутат Ольга Перепечина да көтерді. Оның айтуынша, тұтынушылық несие бойынша жалпы қарыз 4 трлн теңгеден асып кеткен. Халықтың 27%-ы борышкер, яғни әрбір алтыншы жұмыс істейтін адамның тұтынушылық несиесі бар. Бұл – ипотекалық несие мен автонесие, бизнес-кредит және өзге де займ түрлерін қоспағандағы көрсеткіш.
НЕСИЕ АЛУ ЖАН БАҒЫС ПА, КӨРПЕҢЕ ҚАРАЙ КӨСІЛУ МЕ?
Әрбір алтыншы тұрғын тұтыну несиесін алған. 4 трлн теңге – үлкен ақша. Әдетте, адам қарызды жетпеген соң сұрайтыны рас. Бірақ психологтар мәселені қарызбен шешу үйреншікті жағдайға айналса, соңы жақсылыққа апармайтынын айтады.
Қазақстандықтардың табысының 47,6% азық-түлік сатып алуға жұмсалады. Демек, тапқан қаржысының жартысы «қарынның қамына» жұмсалады. Сарапшылар бұл қымбатшылық жайлаған кедей мемлекеттерге тән құбылыс екенін айтады. Таяуда Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Үкіметке жолдаған сауалында халық көп тұтынатын тауардың бағасы қалай қалыптасатыны терең талданбай отырғанын, өндірушілердің тасымалға, электр мен жанармайға жұмсайтын шығындары және басқа да факторлар назарға алынбайтынын мәлімдеді. «Үкімет азық-түлік бағасын мониторинг жүргізу арқылы ғана бақылап отыр. Отандық нарық импорт және экспорт бағасындағы тұрақсыздыққа тәуелді. Сол себепті баға теңгерімінде жүйелі жұмыс жоқ. Осының кесірінен кез келген өнімнің тапшылығын болжап, бағаның құбылуына байланысты алдын ала шаралар қабылдау мүмкін болмай отыр», – деді депутат. Демек, халықтың несие алуға деген сұранысының артуының бір себебі – осы қымбатшылық.
Десе де, ел Үкіметі биыл Қазақстан Президентінің арнайы жарлығы бойынша борышкерлердің 106 млрд теңге көлеміндегі қарызын мемлекет есебінен жауып бергенін айта кеткен жөн. Бұл қаражат бюджетке едәуір салмақ салғаны анық. Алайда несие амнистиясы бір жолғы шара. Үкімет несиеңізді үнемі жаба бермейді. Тіпті, кредит алуға шектеу қойылмақ. Келесі жылдан бастап қарызы 90 күннен асып кеткен, кірісі төмен азаматтарға енді несие беру заңмен шектеледі. Бірақ оның халықтың несиемен күнін көріп отырған бөлігіне қатты әсері болатыны сөзсіз.
Осы себепті ұлттық қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңын қабылдауды ұсынып отыр. Яғни, әлдебір себептерге байланысты қарызыңызды төлеу мүмкіндігін жоғалтсаңыз, заң жүзінде борышыңыз жойылады. Әйтсе де, аталған заңның қабылдануына қарсылар да бар. Ең алдымен, оған қаржы институттары, банктер қарсы. Себебі бұл олардың бизнес-моделіне едәуір әсер етеді. Бөлшек саудадағы үлесі, яғни тұтынушылық несие портфелінің қысқаруына әкеледі. Екіншіден, халықтың тұтынушылық несиесін жойғанымен, жартылай қайтарылған несиелер үшін банктер салық төлеуі (пайда тапқаны үшін) мүмкін. Сондықтан қаржы институттары үшін мұндай займдарды проблемалы несиелер ретінде қайтаруға тырысқан тиімді. Сайып келгенде, банкроттық кез келген жағдайда банк үшін жағымсыз рәсім.
БАНКРОТТЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ МҮМКІН?
Қазақстанда банкроттық туралы заң жоқ емес, бар. Бірақ ол заңды тұлғалар мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды. Ал экономикалық қатынастардың басқа қатысушылары – жеке тұлғаларға аталған заң қарастырылмаған. Яғни, азаматтарды күтпеген жерден туындаған қолайсыз жағдайлардан құқықтық қорғау жоқ. Мәселен, ипотекалық қарыз алушылар төлей алмаса, жалғыз баспанасынан айырылып қалуы әбден мүмкін. Осының кесірінен жоғарыда айтылған өз-өзіне қол жұмсау, аштық жариялау, қылмыс жасау, тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдардың қатарын толықтыру және тағы басқа жағымсыз салдарлар орын алады.
Жалпы, бірқатар дамыған елдерде бұл мәселелер өркениетті түрде шешіледі. Тіпті, көршіміз әрі одақтас ел Ресейдің өзінде жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жұмыс істеп тұр. Мәселен, Ресейде осы заңның енгізілуінен бастап жыл сайын 15-25 мың азаматтың борышы жойылады екен.
АҚШ-та банкроттық туралы істерді мамандандырылған соттар қарайды. Азаматтың немесе компанияның жеке жағдайына байланысты банкроттық рәсімдерінің әртүрлі түрлері бар. Мәселен, білім алуға арналған несиелер, балаларды дамытуға арналған қаражат, алимент, сот шешімімен төленетін айыппұлдар, жарақат алып қалуға байланысты міндеттемелер, ипотека бойынша төлемдер кешіруге жатқанымен, алаяқтық секілді жолмен алынған қарыз мемлекет есебінен кешірілмейді. Осылайша, АҚШ заңы азаматтарды сауықтыруға, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге, «жаңа өмір» бастауға мүмкіндік береді.
Ал Швецияда банкроттық туралы заңға қосымша ретінде «Қарыздан құтылу туралы» заң қабылданған. Ұлыбритания мен Францияда қарыз мерзімі 120 күннен асатын міндетті банкроттық институты бар. Жапонияда қарызды мүлік сату арқылы өтеу, «жою» процедурасы деп аталады. Бірақ өзін банкрот деп жариялаған азаматтар компанияларды басқару құқығынан айырылады.
Ашығын айту керек, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды енгізу керегі біздің елімізде де жиі көтеріліп жүр. Дегенмен оған қарсы уәж айтатындар заң қабылданса «жалған банкроттық» туралы өтініштер мен құжаттар қаптап кетуі мүмкін. Ол пікірдің де жаны бар. Естеріңізде болса биыл атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көптеген ауқатты отбасы табысын жасырғаны әшкереленді. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін шет мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерделеп, жеке тұлғаларға банкроттық рәсімдерін қолдануға нақты талаптар қою қажет. Сонда біздің отандастарымыз шешілмейтін қаржылық қиындықтарды өркениетті түрде шеше алады. Банктер де оңды-солды қарыз таратуды азайтар еді.
Десек те, банкроттық туралы заңның орындалуының өзі оңайға соқпайтынын айта кеткен жөн. Заң қабылданды, қарыз жабылады деген әңгіме жоқ. Ең алдымен, заң процедурасы ақылы жүреді. Егер борышыңыз үлкен болса, төлейтін ақшаңыз да көбірек шығады. Екіншіден, іс жүріп жатқан кезде борышкер азаматтың құқығы белгілі бір мерзімге шектеледі. Яғни, сіз банкрот деп танылсаңыз мүлік сату, сатып алу және кепілге қою құқығынан айырыласыз. Белгілі бір кезеңде кез келген лауазымды атқаруға және қаржылық операцияны жүзеге асыруға қатыса алмайсыз.
Ресейде жеке тұлғаның банкрот болу процедурасы 15 күннен үш ай мерзім аралығында қарастырылады екен. Қарыз ақшаны қайта есептеуге төрт ай, мүлікке иелік етуге құқық беру жарты жыл көлемінде жүзеге асады. Демек, жеке тұлғаны банкрот деп танудың ең қысқа мерзімі кем дегенде 8-9 ай мерзімді қамтиды. Енді шығындарын есептейік. Ресейде жеке тұлғаның банкроттық деп тануға берген өтінішіне мемлекеттік алым (госпошлин) 300 рубльді құрайды. Одан бөлек, сотқа арыз беру мен қаржылық басқарушыға төлейтін сыйақыңыз бар. Одан басқа ұсақ-түйек процедураларды қосқанда, бір азаматтың банкрот деп танылуы 30 000 рубльге шығады екен.
Ал біздің елімізде аталған заң қабылданып, жүзеге асса оның шығындары қалай болады? Ол жағы әлі анық емес. Оның үстіне, заң барлық жеке тұлғаны бірдей банкрот деп тани бермейді. Қатаң талаптарға сай 500 мың борышкердің 5-10% ғана банкрот деп танылуы мүмкін. Дегенмен үмітсіз жағдайда қалған адамның қарызын жабудың жалғыз жолы – банкрот болу.