Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғалы бері 12 елге сапармен барды. Оның ішінде Өзбекстан, Қытай, Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапармен, Ресей мен Германияға ресми сапармен барған. Ал Ресейге 2 рет және АҚШ, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан, Арменияға жұмыс сапарымен жолға шыққан. Сонымен бірге халықаралық деңгейдегі 9 жиынға қатысып үлгерді. Ол жиындардың қатарында АҚШ-та өткен БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясы, Бішкектегі ШЫҰ отырысы, Душанбедегі АӨІСШК-ке, ЕАЭО саммитіне, Ашхабадтағы ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы бар. Бұл жөнінде Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына кіріскен күннен бергі жұмыстарын қорытындылаған брифингте мәлімдеді.
– Ел жылнамасы биыл үлкен ірі оқиғалармен есте қалды. Бұл, ең алдымен егемен еліміздің қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған сәтінен бастау алады. Осыдан кейінгі еліміздің саяси өміріндегі маңызы зор оқиға Президент сайлауы болды. Биліктің басты сайлау науқаны Ата заңымызға сәйкес жүзеге асты. Қасым-Жомарт Кемелұлы халық алдында ант бергеннен кейін Мемлекет басшысы ретінде бірден білек сыбана кірісіп кетті. Мемлекет басшысы еліміздің бүкіл өңірін аралап, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты. Көптеген халықаралық кездесу өткізді, шетелдерге сапармен барып, маңызды келіссөздер жүргізді. Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен 463 шара өтті. Оның ішінде еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барды, кейбір облыстарға екі рет барғанын білесіздер. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент қызметіне кіріскен сәттен бері мемлекеттік органдардың 249 басшысын, Парламент депутаттарын, саяси партиялар мен қауымдастық өкілдерін және жеке тұлғаларды қабылдады. 31 елдің басшысымен телефон арқылы сөйлесті, – деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Оның дерегінше, Президент елшілермен, шетелдік іскер және саяси ортаның халықаралық ұйымдарының жетекшілерімен, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутеришпен, Еуропалық кеңес төрағасы Доналд Тускпен және басқа да әлемдік деңгейдегі саяси тұлғалармен 100-ге жуық кездесу өткізді. 23 шетелдік елшіден сенім грамотасын қабылдап, Қазақстанның шетелдердегі 30 елшісін тағайындады. Қазақстанның 6 мемлекеттегі – Болгария, Латвия, Португалия, Сербия, Словакия, Эстониядағы дипломатия миссиялары елшілік ретінде қайта құрылды. Нұр-Сұлтан қаласында 70 мемлекеттің елшілігі мен 30 халықаралық ұйымның өкілдерімен өткен айдың соңында Ақордада кездесу өткізді. Қазақстан Президенті халықаралық сапарлар кезінде шетелдің мемлекет басшыларымен бірге 8 брифинг және 3 баспасөз мәслихатын өткізді. Отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне берген 16 сұхбаты жарияланды.
Берік Уәлидің айтуынша, Президент биылғы 20 наурыздан бері 45 заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойды. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толтырылған. Мемлекет басшысы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы заман талабына сай мемлекет болу үшін азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесіне сәйкес жаңғыру біртіндеп жүзеге асатынын атап өтті. Саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», кезең-кезеңімен, жан-жақты ойластырып орындау қажетін айтты. Жолдауда еліміздің саяси жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналатынына баса мән берілді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет екенін белгілеп берді,– деген баспасөз хатшысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президент Әкімшілігінде Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі және Президенттің Виртуалды қабылдауы ашылғанын еске салды. Бұл бөлімге 1 тамыздан бері 15 669 өтініш түскен, оның 4 025-і виртуалды қабылдау арқылы келіпті.
Президенттің бастамасымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 500 мыңнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несие қарызы мен үстеме төлемдері кешірілді. Бұл мақсатқа жалпы алғанда 107 млрд теңге жұмсалды. Ал Сириядағы отандастарымызды қақтығыс алаңынан алып шығу мақсатында «Жусан» операциясы сәтті іске асты. Нәтижесінде, Сириядан – 406, Ирактан 14 бала туған жерге жеткізілді.
Елбасы жариялаған «Жастар жылы» аясында бірқатар маңызды іс-шара атқарылды. Мәселен, Президенттік кадр резерві жасақталып жатыр. Биыл «Жастар жылының» жабылу салтанатында Қ.Тоқаев «Волонтер жылының» тұсауын кесті.
Мемлекет басшысы Twitter әлеуметтік желісін 2011 жылдан бері белсенді қолданады.
– Бүгінде Мемлекет басшысының Twitter әлеуметтік желісінде 137 мың оқырман бар. Биыл еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты 862 туит жариялады. Ал сәуір айынан бері Қасым-Жомарт Кемелұлының Instagram желісінде миллионға жуық жазылушы тіркелген. Президент осы желідегі парақшасына 60 жазба жариялады, – деді Б.Уәли.
Президенттің баспасөз хатшысы брифинг соңында Мемлекет басшысының жұмысы мен мемлекеттік саясатты насихаттауға атсалысып жүрген БАҚ өкілдерін Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғысхатымен» марапаттады.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ