Ауқымды жұмыс атқарылды
– Бірінші отырыстан бері үш ай уақыт өтті. Осы қысқа мерзімде барлық үш блок ұсыныстарын берді. Президент Әкімшілігінде 18 отырыс өтті. Бұл өз кезегінде ауқымды жұмыс атқарылғанын білдіреді, яғни әрбір блок кем дегенде 30 ұсыныстан енгізді. Президенттің сөзінен ұсыныстардың көбі қабылданғанын түсіндім.
Мен Ұлттық кеңестің экономикалық блогының құрамында жұмыс істедім. Экономикалық блок қамтыған ұсыныстардың көбі бойынша Президент деңгейінде шешім қабылданғаны қуантады. Сонымен қатар саяси реформалар да назардан тыс қалмады. Өздеріңіз білесіздер, қоғамның даму процесі бар. Сондықтан партияларды тіркеуге қатысты мәселе маңызды болды. Мүшелер саны 20 мың болса, партияны тіркеу мүмкіндігі туралы айтылды. Яғни, партияны тіркеуде мүшелер санының төменгі шегі екі есеге азайтылмақ.
Арманжан БАЙТАСОВ, Қазақстан медиа альянсының төрағасы:Батыл жұмыс істеуге мүкіндік береді
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысының мен үшін әсері өте жақсы болды. Өйткені Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері арасында, сондай-ақ әртүрлі комитеттерде талқыланған ұсыныстар Президенттің баяндамасында қандай да бір түрде көрініс тапты. Саяси реформаларға, оның ішінде саяси партияларға және митингілерге қатысты ескертулер сипатына ерекше назар аударғым келеді. Біз қазір біртіндеп дамып жатқан елміз, реформа тұрғысынан алғанда даму эволюциялық түрде жүріп жатыр. Біз өзара келісімге келіп, реформалардың ең дұрыс және түсінікті жолдарын іздестіріп жатырмыз. Бұл өте маңызды.
Менің ойымша, Қылмыстық кодекстің 130-бабының (жала жабу – ред.) қылмыстық сипатының алынып тасталуы журналистер жұмысының мүмкіндігін кеңейтеді. Журналист ретінде, медиа саласының қызметкері ретінде, Қазақстан медиа альянсының төрағасы ретінде, әрине осы баптың қылмыстық сипаттан алып тасталатыны қуантады. Өйткені сөз бостандығы, меніңше мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді. Осы баптың декриминализациялануы журналистердің батыл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Журналистік зерттеулер қайта шыға бастайды, журналистер сапалы материалдар дайындауға ұмтылады. Сосын біздің журналистерді де көп оқи бастайды. Сондықтан да 130-бапты қылмыстық сипаттан алып тастау туралы шешім өте маңызды болды деп санаймын.
Марат БАШИМОВ, заңгер:Митингі заң шеңберінде өтуі тиіс
– Жолдауда айтылған маңызды мәселенің бірі – митинг өткізу. Шеру өткізуді қалай реттеу керек екенін Мемлекет басшысы айтып берді. Ата заңымызда көрсетілгендей, митингі ұйымдастыруға азаматтардың құқы бар. Алайда заң шеңберінде ғана, заңды түрде болуы тиіс, Конституциямызды бұзбау керек. Қазір рұқсат берілді. Мәселен, министрліктер үйінің жанынан күнде өтем, төрт күннен бері бір жігіт пикетке шығып жүр. Айналасында адамдар да, полиция да бар. Бірақ оған ешкім, тіпті полиция да тиісіп жатқан жоқ. Осылай көзқарас ақырындап өзгереді.
Халықаралық адам құқығы жөніндегі шартқа байланысты төрт жағдайға митинг өткізуге шектеу қойылады. Біріншіден, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төнген жағдайда. Мәселен, қару пайдаланып, елде төңкеріс жасау. Ата заңымыз бойынша сайлау деген бар, сайлауға келіп, өзің ұнатқан кандидатқа дауыс бересің. Екіншіден, қоғамдық тәртіп бұзылған кезде. Үшіншіден, адамның құқығы бұзылған кезде. Мысалы, басқа адамның мүлкін бұзып, дүкенін тонап, материалдық зарар келтірсе, шектеу қойылады.Төртіншіден, адамның денсаулығына зиян тигізген жағдайда шектеу қойылады.
Тағы бір принцип – 12-баптың 5-тармағында «Өз ойыңды айтуға құқығың бар, бірақ басқаның құқығын бұзуға құқың жоқ». Мәселен, темекі шеккің келе ме, арнайы орындарға барып шегуің керек, шеруге шыққың келе ме, басқа адамдардың құқығын бұзба. Біз осының аражігін түсінуіміз керек.
Төлеутай РАХЫМБЕКОВ, Ұлттық аграрлы ғылым-білім орталығының басқарма төрағасы:Қоғамды дамытуға ықпал етеді
– Мемлекет басшысының баяндамасын тағатсыздана күткендер көп болды. Себебі бірнеше күн бұрын Президент Қ.Тоқаевтың өте маңызды бастамаларды жариялайтыны туралы болжам айтылған-ды. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының баяндамасы біз күткеннен де асып түсті.
Президент баяндамасын екі бөлімге бөлер едім. Бірінші бөлімінде қоғамдағы өткір де өзекті мәселелер көтерілді: ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімсіз пайдаланып жатқандардан алып қою, латын графикасына көшу, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, Қылмыстық кодекстің бірқатар баптарын декриминализациялау, халықтың осал тобын әлеуметтік қорғау.
Баяндаманың екінші бөлімі бүгіндері пісіп жетілген саяси реформаларға арналды. Партияларды тіркеу кезінде талап етілетін мүше санын 40 мыңнан 20 мыңға азайтуды қарастыратын «Партиялар туралы заңды» өзгерту, заңнамаға «парламенттік оппозиция» ұғымын енгізу, митингі өткізерде рұқсат алудан ескерту сипатына көшу, депутаттарды сайлау кезінде партияларға кандидаттар тізімінде әйелдер мен жастардың 30 пайыз үлесін сақтау. Мұның барлығы қоғамда соңғы уақытта жиі көтерілген мәселелер еді.
Осынау саяси реформалардың маңызын уақыт өте келе түсінеміз. Бір анығы, бұл реформалардың қай-қайсысы да қоғамды, мемлекетті тұтастай дамытуға ықпал етеді.