Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалында облыс әкімі Серікбай Өтелгенұлы жетекшілігімен Саяси кеңес бюросының отырысы өтті. Шараға саяси кеңес бюросының мүшелері, партия қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен Qutty meken ұлттық жобасы аясында Ақтау қаласындағы 100 орындық онкология диспансері құрылысының жұмысы жөнінде «Маңғыстау Құрылыс Инвест» ЖШС директорының орынбасары Кеңес Әлібеков баяндама жасады.
Баяндамадан соң бірқатар маңызды мәселе туындады. Мәселен, диспансердің ашылуы алдымыздағы жылдың сәуір айына жоспарланғаны белгілі болды. Алайда құрылыс жұмыстары мен медициналық қондырғылар бойынша әлі де шешімін таппаған мәселе бар. Өз кезегінде облыс әкімі бұл олқылықтарға бейжай қарамауды ескертті.
Осыған орай, бюро мүшелерінен бірнеше ұсыныс түсті. Алғашқысы, онкология құрылысын мерзімінде аяқтау үшін нақты жұмыс жоспарын құру және оны бір апта көлемінде тапсыру. Екіншісі, диспансерге орнатылатын медициналық құрылғылардың орнатылу мерзімін белгілеу.
– Онкологиялық диспансерді сәуір айында ашуымыз керек. Бұл облыс халқы үшін өте маңызды нысан. Сондықтан Денсаулық сақтау басқармасы, тапсырыс беруші, жеткізуші және электржелісімен қамтамасыз етіп отырған тараптар қала әкімдігімен бірлесіп, етене жұмыс істеуі керек. Осы тараптардың жұмысын үйлестіруді орынбасарым Нұрлыбай Қаржаубайұлына тапсырамын. Бұл іске жауапты қарағанымыз жөн, – деді облыстық партия филиалының төрағасы С.Өтелгенұлы.
Облыс әкімінің тапсырмасынан соң Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық бақылау-тексеру комиссиясы төрағасының жылдық есебі тыңдалды. Бұл баяндаманы Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Ада Ким жасады.
Саяси кеңес бюросы отырысындағы үшінші мәселе бойынша облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттық фракцияның 2020 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілетін болды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі төртінші мәселеге сәйкес, Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының 2020 жылға арналған жұмыс жоспары жасалды.
Әбілмансұр ЖАСАН