Қазақстанда жаңа заң қабылданды. Енді спортшының допинг қолданғаны белгілі болса, мемлекеттен алған сыйлығын қайтарып береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Спорт және денешынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасына сәйкес, допинг қолданып, ереже бұзған спортшы құзырлы орган алдында жауап береді. Аталған заң, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге көмектеседі. Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы өзгерістер мен толықтырулар енеді. Тікелей қатысты да, жанама себепкер де жазасыз қалмайды. Спортшыға допинг тағайындағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірден қолдады. 104 депутат допингке қарсы күрестің қолға алынғанына қуанып, құжатты Сенатқа жолдады. Жоғарғы палата да допинг дауының халықаралық дәрежеде ушыққанын, оның үстіне ел спортшыларының жағдайын «біліп», бірден келісті. Көп өтпей Президент ресми түрде қол қойды.
Заң жобасында допинг қолданғаны үшін жобасында дисквалификация, спорттық нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату, спорттық атағынан айыру, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, спорт түрлері бойынша Қазақстанның құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару тәрізді жазалар бар.
Сыйға берілетін тұрғын үйдің тағдырына қатысты тармақ бар. Заң бойынша Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жыл мерзімге жалға берілетін үй мерзімі аяқталғанда спортшының меншігіне өтеді. Өйткені допинг сынама нәтижесін сақтау мерзімі – 10 жыл. Егер сынамада спортшының «таза» екені анықталса, нәтиже белгілі мерзім ішінде сақталса, абырой да, сый да спортшы иелігінде қалады. Осы ретте заңда аталған жүлдегерлер қайтыс болған жағдайда допинг сынамасы нәтижесіне қарамастан спортшы мұрагері тұрғын үйді өтеусіз алуы қарастырылған.
Осыған дейін Ұлттық допингке қарсы орталығы 2013 жылдан бастап жүргізген тексеру нәтижесінде допингке қатысты 307 оқиға анықталды. Ал 2019 жылдың 10 айында 37 рет допингке қарсы ереже бұзылған.
Мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрағасы Серік Сәпиев БАҚ-қа берген пікірінде заң жобасы жайлы ойын ортаға салады. «Мұндай жаза бұрын болмаған. Бірқатар елде допинг қолданғандарға қарсы заң әлдеқашан қабылданып қойған. Енді олимпиада ойындарының алдында Қазақстанда да осындай заң қабылдауды жоспарлап отыр. Жалпы биыл допинг қолдану бойынша 30 іс тіркелді. Жаңа құжаттың жаңалығы – допингке қарсы ұлттық ұйымның құзыреті күшейеді. Бұдан бөлек Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондарымен қоса жүлдегерлеріне де жергілікті бюджет есебінен үй беру қарастырылып отыр», – дейді.
Комитет төрағасы допингке қарсы ұлттық ұйымның құзыреті күшейетінін тауып айтқан. Қазір WADA-мен тығыз байланыс жасап, сынама нәтижелерін уақытында өткізбесе дау тууы мүмкін. Заң жобасы нәтижесінде спортшы «ақылға» келіп, Ұлттық орталықтың деңгейі көтерілетін болады.
Десе де, заң елде допинг мәселесін майшаммен қарау керегін айқындап берді. Мұны белгілі спорт журналисі Руслан Меделбек те мақұлдап отыр. «Билік осы заңды қабылдау арқылы Қазақстанда допинг мәселесі бар екенін мойындап отыр. Себебі басында мойындамады. Батыстың Ресейге салған санкцияларының салқыны Қазақстанға тиіп кетті деген сияқты түсініктеме берді. Алайда бұл олай емес. Заң қабылдадық. Алдағы уақытта допинг қолданған спортшы қатаң жазаланады. Дегенмен заң қағаз жүзінде қалып қалмауы керек. Болашақта Қазақстанның кез келген спортшысы «таза» болуы тиіс», – дейді ол.
Заңның күшіне енгені жақсы. Алайда допинг қолдану процесін түбегейлі тоқтатуға күші жете ме? Жалпы, спортшылар неліктен допинг қолданады?
– Заң нені шешеді? Иә, Қазақстанда допинг қолдану азаюы мүмкін. Қазір 2012 жылғы Олимпиаданың 4 алтынын, Пекин Олимпиадасының бір алтынын қайтарып бергеннен соң, Қазақстанның ең атақты спортшысы Илья Ильиннің допинг дауына іліккеннен кейін, Қазақстан шынымен ойлана бастады. Бізге мұндай атақ керек пе? Бұл ретте заңның қауқары допингті тыюға жетуі тиіс. Бір жағынан, заңның бұдан да қатаң болғаны дұрыс еді. Мұндай жүйелі күресті Қазақстан бұрын бастауы керек еді. Батыс елдерінде «ана спортшысы допингпен ұсталыпты, мына спортшысы допингпен ұсталыпты» дегенді көп естімейміз. Арасында құлақ шалып қалуы мүмкін. Жаппай допингпен ұсталып жатқан елдің біразы – посткеңестік елдер. Оған қоса Қытай, Солтүстік Корея мен Тайланд бар. Әсіресе, ауыр атлеттер жиі допингпен ұсталады. Бұл жерде спортты мемлекет имиджі ретінде қабылдаған кезде спортшы, бапкер кез келген жолмен жеңіске жетіп, өзіне жағдай жасап алғысы келеді. Ол үшін барлық ережені, заңды таптап өте шығады. Мұндай әрекет – дамушы елдерге тән қасиет. Аталған жайт адам капиталы экномикадан кейін екінші орында тұратын елдерде жиі байқалады. Экономикадан төмен тұратын дегеніміз жөн болар. Өйткені қай елде адам капиталының нешінші орында тұратынын саралау керек. Менің ойымша, экономика адам капиталынан жоғары тұрған елде спортшы осындай әрекетке, заң бұзуға барады. Бұлар спорттық карьерасының ұзаққа созылмайтынын біледі. 30 жастан кейін де, 40 жастан кейін де өмір сүру керек. Сондықтан жағдай жасап алғысы келеді. Спортшы болсын, басқа болсын Қазақстандағы фактор осындай. Бапкер мен спортшының амбициясы осыған жеткізеді. Мұндай амбициялар Қазақстан спортының абыройын төмендетеді, – дейді Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының репортері Руслан Орманбекұлы.
Допинг берген бірінші соққыдан «нокаутқа» түстік. Бұл – шын. Қазақстан ауыр атлетикасы осыдан 6 жыл бұрынғы көрсеткішін жоғалтып алды. Жалпы, бұл спорт түрінің ертеңі «тұманданып» тұр. Өйткені бірқатар елде ауыр атлетикадан допинг дауы шықты. Сәйкесінше Халықаралық олимпиада комитеті шара қолдануы мүмкін. Тіпті, ауыр атлетика Олимпиада ойындары тізімінен алынып тасталуы да ғажап емес.
«Ауыр атлетика мүлдем тұралап қалды. Олимпиада чемпионы болып жүрген спортшылар үздік ондыққа ене алмай әлек. Бүкіл техника, жұмыс тізбесі бұзылды. Мұның басқа спортшыларға кесірі тиді. 4 спортшы мен 2-3 жаттықтырушының қателігінен болашақта олимпиадаға қатыссам деген спортшылардың жолына кедергі болды. Сондықтан допинг туралы заң елдегі допинг мәселесін түбегейлі шеше алады деп айта алмаймын. Бірақ бір қадам болсын жасалды. Ендігі кезек – Халықаралық олимпиада комитетінде. Бұрындары допингпен ұсталған спортшылар олимпиада ойындарына мүлдем қатыса алмайды деген сыбыс шыққан. Олимпиада комитеті бір спорт түрінен осыған ұқсас 2-3 жыл шу шыға берсе, спорт түрін олимпиада бағдарламасынан алып тастауы мүмкін. Егер шынымен қабылданатын болса, бұл өте қатал заң болмақ. Сондай-ақ кез келген спортшы өмірінде бір рет допингпен ұсталса, жазасын өтесе де олимпиада ойындарына қатысуы неғайбіл», – дейді Руслан Меделбек.
Иә, допинг дауы шыңға шығу мен құлаудың арасы бір сәт екенін көрсетті. Қазақстанның келбеті деген спортшының бұл күн жарыс тізіміне енуі мұң болды. Ары қарай мұндай әрекеттің орын алмауын заң қадағалайды. Атақ пен абырой бас айналдырса да, заңның күші бәйге дейтін нәпсіні жеңетін болар.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ