Қар ерітіп, су ішіп отыр

Қар ерітіп, су ішіп отыр

Шымкент қаласының Қай­нарбұлақ саяжайының Жаңа­құрылыс алабынан хабар­лас­қан қария ауызсу мен жарықтың зардабын тартып отырғанын жеткізді. Осында келіп, тұр­ғын­дардың жағдайымен танысуды өтінді. Бардық,  көрдік.  

Редакцияға телефон шалған Базарбай Янгибаев ақсақал осыдан 10 жыл бұрын Жетісай ауданынан көшіп келіпті. Оған дейін Өзбек­станның Сырдария өңірінде тұ­рып­ты. Жалпы, мұнда тұрғын­дардың басым бөлігі оралмандар екен. «2011 жылы біз айдалада жал­ғыз үй тұр­дық. Кейін біртіндеп қоныстанушы­лар көбейді. Сол 10 жылда көшіп келушілердің кө­бейгені болмаса, мына жерде еш нәр­се де өзгерген жоқ. Су жоқ, электр жарығын өзіміз қаржы жинап, жекеменшіктен тар­тып алғанбыз. Жолдың тұрысы міне, мұны да біраз жыл бұрын ақша жи­нап, тас төсеттірдік. Анау сай­дағы мектепке балалар осындай қар жауған, жер қатты кезінде жол­ды жа­қындатып төте жолмен бара­ды. Ал жаңбыр жауып,  жер лай болғанда айналып жүреді», – дейді қария. Шымкенттің іргесіндегі Қай­нар­бұлақ одақ тұсында саяжай ре­тінде құрылған. Қазір  саяжайға арналып, 3-4 сотық жерге салынған үйлер тұрғындардың ме­кеніне айналған. Саяжайдың ай­наласына соңғы он шақты жылда жаңа үйлер қоныстана бастады. Соның бірі – бүгінде 2 мыңнан аса отбасында 8 000-ға жуық тұрғыны бар Жаңа­құрылыс алабы. Оның бүгінгі келбеті ақсақал айтып тұрғандай. Мұндағылар үйін кө­мірмен жылы­тады. Шамасы кел­гендер қыс түс­пей күздігүні көмір­ді базадан 15-16 мың теңгеден алып қалса, оған жағ­дайы көтер­мегендер Қайнар­бұлаққа әкелетін алып­сатар­лардан тоннасын 20 мың тең­геден сатып алып жүр. Қаптап алатындар да көп.

Ауызсу да жоқ

Ауылға ауызсу әкімдік тара­пы­нан аптасына бір мәрте су таситын көлікпен келеді. Оны «ЛТД Тұр­мыс» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі мойнына алған. Ал ауыл ішін лай, қар басып қалған күн­дері су таситын көлік көшеге кіре алмай  үлкен жолдың бойына ке­ліп тұрады. Тұрғындар бірі шелегімен, енді бірі баклаж­касымен, бөшкеге үйді-үй су тасып алуға асығады. Бір отбасы аптасына 400 литр су алуға құқылы. Көбі оны да тасып ала алмайды екен. Себебі күндіз үйдегі ер-азамат­тар жұмыс­та, бала-шаға мен кем­пір-шал шама­сы келгенінше тасып алады. «Қақаған аязда ол су да қатып қа­лады», – дейді тұрғын­дар. «Екі ке­лінімнің де аяғы ауыр. Балалар жұмыста, немерелерім кішкентай. Өткенде көп су тасып алуға шама келмей қалды. Одан бөлек, 1 айға жуық су таситын көлік бұзылып, су келмей қалып, ауыз­судың азабын тарт­тық. Сосын қар­ды ерітіп ішуге мәжбүр болдық», – дейді Базарбай ақсақал. Көше бо­йында бір үй 3 метр тереңдікте су тол­тырып қоя­тын құдық қазыпты. Кейінгі кез­дері көлік суды осында құйып кетіп жүр. Көршілерге бұл да бір медет. Ең бастысы, мұнда су қатпайды. Көр­ші-қолаң  су келгенде осында кезекке тұрады. «Ауызсу жер астынан 35-40 метр тереңдіктен шығады. Құдық қазып алуға ешкімнің қалтасы көтер­мейді», – дейді тағы бірде атай. Ауылдағы ауызсудың азабы осы­мен тоқтай тұрсын. Электр жа­рығының машақаты бұдан да өтіп кетеді. Жел үп етсе, жарық жалп ете­тін аймақтың нағыз өзі. Үйел­мелі-сүйелмелі қолдан құрас­тырыл­ған  бағаналарды көріп қор­қа­сыз. Сымдары айқыш-ұй­қыш, үстіңе түсіп кетердей. «2011 жылы көшіп келген соң 4 жыл бойы жарықсыз отырдық. Мотормен, кейде шырақпен үйге жарық кіргізетінбіз. Ол да күйіп кете береді, жыл сайын бір мотор алып жүрдік. 2015 жылдың басында адам басы жиналған соң жеке­меншік компанияға ақша жинап беріп, үйімізге электр жарығын кір­гіздік. Бағаналарды өзіміз қой­дырдық. Әр бағанаға 10 мың тең­геден, оның астын қазғанға 2 000-нан, одан бөлек сымы бар, жалпы әр отбасы 35 мың теңге көлемінде қаржы жинап бергенбіз. Жеке­меншіктің 1 кВт-інің тарифі – 25 теңге.  Үкіметтікін алып отырған мынау Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары 13 теңгеден төлеп жүр.  Жақында жарықтың өзіне бір айға 6 800 теңге төледім. Онда да жар­қырап отырғанымыз шамалы. Сәл жел тұрса жарық өшеді де қалады. Кешке мүлдем сығырайып қалады. 2 тоңазытқыш, 1 телевизор күйдір­дік» деп мұңын шақты Базарбай ақсақал.

Атауы жоқ көшелер

Ал 2015 жылы көшіп келген Өмір­зақ Байышов ақсақал кешке тіптен телевизор көре алмайтынын айтып шағымданды. «Үкіметтің электр жарығы келсе дұрыс болар еді. Ақша жинайтындарға тағы 300 теңгеден қосымша береміз. Үнемі жарық өшіп қалады-ау деген күдік­пен қамымызды жасап отырамыз. Жаңадан көшіп келіп жатқандар сол бір трансформатордан сым тар­тып,  жалғап ала береді. Сосын шы­ғар, трансформатордың қуаты жетпей жатады.  Келесі көшенің басында тұратын электр жарығы меке­месінде жұмыс істейтін бір жігіт сол аумаққа орталықтан­дырыл­ған электр энергиясын тар­тып беріпті. Бізде ондай да мүмкін­дік болмай тұр. Күл-қоқыс алып кететіндерге ай сайын 700 теңгеден төлейміз. Ондағы шығаратын қоқысымыз – от жаққан күліміз»,– дейді ол. Ауыл тұрғындары биыл судың не болмаса жолдың, не табиғи газдың, тіпті жарықтың да келетін-келмейтінінен бейхабар. «Аудан әкімін мүлдем көрмегенбіз, депу­таттарды сірә танымаймыз», – дейді олар. Базарбай атай тұрғын­дардың аманатын арқалап талай мәрте тұр­ғын үй-коммуналдық шар­уа­шылы­ғына барған екен. 5 жыл бұрын барғанында ондағылар «астанада EXPO-ға дайындық жү­ріп жатыр, қаржының бәрі сонда кетіп жатыр, сәл шыдаңыздар» деп шығарып салып­ты. 2-3 жылдан соң EXPO біт­ті ғой, қарағым деп барған екен, қар­жы бөлінсе, мәселелеріңіз ше­шіледі деп тағы шығарып салып­ты. Был­тыр біреулер келіп,  келесі жыл­ға табиғи газды жобаға енгіз­еміз деп, әр үйден 10 мың теңгеден жи­нап алып кетіпті. Одан кейін ізім-қайым хабар жоқ. 2 200 түтіні бар ауылда 20 шақты көше бар. Бірақ атауы жоқ, жедел жәрдем келсе де, біреуге мекенжай айтқанда да ыңғайсыз. Қаратау ауданы әкімдігіне қа­райтын Қайнарбұлақ саяжайы­ның Жаңақұрылыс алабы туралы мәлі­метті сұратқанымызда да осы жағ­дайға тап болдық. Аудан әкімі Абзал Әліқұлов ауылға жиі барып, халық­пен жүздесіп тұратынын, тұрмысы төмен отбасыларға демеу­шілер есе­бінен көмір жеткізіп бер­генін айтып ақталғанды. Кімге се­не­міз, «өмірі түрін көрмедік» деген халыққа ма, әлде ант-су ішіп отырған әкімге ме? Әкімдік берген мәліметтерге сүйенсек, тұрғын алапқа 2021 жылы ауызсу мен табиғи газ кіргізу үшін 49,8 млн теңгеге жоба жаса­лып, өт­кен жылдың қараша айында мә­сли­хат сессиясына ұсынылған. Мұн­да тек ұсынылғаны айтылып отыр. Ал электр жарығына жоба­лық-смета­лық құжат дайын­да­лыпты. Айтуын­ша, 2021 жылы «Бе­реке» ЖШС 2 760 абонентке жарық кіргізеді. Ал автомобиль жолдары үшін жасалған жобада бірнеше атауы жоқ  көшенің  орташа жөндеуден өтетінін айтады. Жалпы, әкімдіктің әуелдегі әдеті, барлық мәселені биыл шешіп тастаймыз деп үйіп-төгеді. Деген­мен 10 жылда бірде-бір мәселесі шешілмеген бұл аумаққа бір жылда айды алып беретініне сенгіміз келмей отыр. Жалпы, миллион тұрғыны бар мегаполистің миллион проблемасы бола бермек. Оның үстіне, соңғы 3 жылда қалаға қосылған қала шетін­дегі жаңа ауылдардың  мәселесі бүгін-ертең шешіле қоймайды-ау.  Қайтып шешілсін, қала әкімі М.Әйтеновтің қалаға жұлдыздарды жинап, одан бөлек алтынмен пара-пар жерді қалталы компанияға тұрғын үй кешеніне беремін деп басы дауға қалып жатқанда, қала шетіндегі тұрғындар сол баяғы көмескі тіршілік кешіп отыра беретін секілді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы