Энергетика министрі қызметіне бір апта бұрын тағайындалған Нұрлан Ноғаев Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты пікір білдіріп үлгерді.
Үкімет отырысынан кейін журналистер Энергетика министрінен: «Атом электр стансасын салу мәселесі күн тәртібінен түсті деп айтуға бола ма?» деп сұрады.
«Жоқ, әзірге мәселе күн тәртібінен түсті деп айтуға болмайды. Бұған дейін қай сатыда тұрса, әлі сондай», – деді Ноғаев.
Шенеуніктің айтуынша, АЭС құрылысы жөнінде Энергетика министрлігінің бұрынғы позициясы өзгермеген.
«Әзірге мәселе қаралып жатыр. Энергетика министрлігінің ұстанымы мынадай: энергияның қосымша көздері бар кезде біз бұл мәселені тек қарастырамыз. Бүгінде республика энергиямен өз-өзін қамтамасыз етіп отыр, тіпті бір бөлігін сыртқа экспорттайды», – деді министр.
Ноғаев қазір елімізді электр қуатымен қамту жүйесін жетілдіру шаралары қолға алынып жатқанын жеткізді. Өз сөзіне дәлел ретінде Атырау облысында республикалық маңызы бар, 310 мегаваттық Қарабатан электр стансасы пайдалануға берілгенін хабарлады.
Көзі қарақты оқырманның есінде шығар, сәуір айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары барысында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда атом электр стансасын салуды ұсынған. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланды. Экологтар оның орасан зардабын айтып дабыл қақты. Қалың жұртшылық атом энергиясына ешқандай мұқтаждық жоқ екенін жеткізді. Әлеуметтік желіде халықтың пікірі екіге жарылды. Алайда басым көпшілігі Путиннің ұсынысына үзілді-кесілді қарсы шықты.
Нұрлан Ноғаевтың сөзінен не түюге болады? Біздің түсінгеніміз, баяғы жартас – сол жартас. АЭС-ті салу-салмау мәселесі қуат тапшылығына байланысты шешіледі. Яғни, Қазақстанға электр энергиясы жетіспей жатса, министрлік халықтың пікіріне пысқырмауы да ғажап емес.
Дәтке қуат қыларымыз – Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі ғана. Мемлекет басшысы кез келген жағдайда қазақстандықтардың пікірі ескерілуі тиіс екенін айтқан. Лайым солай болғай!
Ерсайын БАҒДАТ