Тағылымы мол тарихи күн
Тағылымы мол тарихи күн
243
оқылды

Қазақстан халқы «1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні» мерекесін мемлекеттік деңгейде тойланады. Бұл мерекенің маңызы зор, тарихы да тереңде жатыр.

1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет қазақ даласында Президент сайлауы болып өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып аса басым дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Міне содан бастап, осы күнге дейін Қазақстанның болашағы, даму жолы қалыптасты. Нәтижесінде, Тәуелсіз Қазақстанды сан түрлі белестерден құлатпай, сүріндірмей алып шығып, әлемнің дамыған елдерінің көшіне қосты.


Абилкасым Кожахан Казыгурт.jpeg

Қазақстанның тағдырын өз қолына алған Н.Ә.Назарбаев дәл сол жылы 16 желтоқсанда бабаларымыздың арманына айналған Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін бүкіл елге жариялау бақытына ие болды. Ол елге тәуелсіздік сыйлаған тұлға ретінде де үлкен құрмет пен қошаметке ие.    
Н.Ә.Назарбаев үлкен қажыр-қайратымен, ұлтына, қазағына деген сүйіспеншілігінің арқасында сындарлы да салиқалы саясат ұстанды.

Біздің еліміздің асқар биікке өрлеп, бүкіл әлем мойындаған ел болуы аянбай еңбек еткен басшымыздың арқасы екенін бүгінде баршамызға аян. Бұл мерекенің тойлануының өзіндік ұлтқа берері мол. Осы мереке арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын танып, оның ел болып қалыптасу жолында қандай тұлғаның аянбай еңбек еткенін жадында сақтауына үлесін қосады. 1-желтоқсан Қазақстанның шежіресінде үлкен мәнге ие, сондықтан аталған датаның Тұңғыш Президент күні ретінде тойлануы заңды құбылыс.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды.

Бұл бағдарлама партияның белсенді мүшелерін топтастыру, яғни партияның ядролық электоратын қалыптастыру мен бастауыш ұйымдардың ролін көтеру; жемқорлықпен күресті күшейту мен партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау; барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыру мен биліктің барлық деңгейіндегі партия алдындағы жауапкершілігін арттыру; халықпен, оның барлық әлеуметтік топтарымен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізу; партияның ақпараттық-идеологиялық жұмысын қарқынды ұйымдастыру және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды қамтиды.

Партиямыз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Nur Otan еліміздің жетекші күші ре­тінде саяси басшылықты бекем­деп, стратегиялық бағыттан ауыт­қымауы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруы тиіс. Біздің ұйым- Қазақ­стан халқын жарқын болашаққа жетелейтін ұйым­. Партия мүшелері алдында тұрған жауапкершілікті барынша сезінсе, бағдарламада көрсетілген маңызды міндеттерді орындауға қауқарымыз жетеді.

2050 жылға дейін қабылданған бағдарламада Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қо­сылуын мақсат етіп қойдық. Бар­лық бағдарламалар осы ме­женің төңірегінде тоқайла­сады. Индустриялық, инфрақұры­лымдық бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, үй құрылысы, медицина, халықты ағарту жұмыстары – барлығы бір мүд­деге жету мәселесі. 2015 жылдан бастап 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруды бастадық. 2017 жылы Парламент пен Үкіметті күшейту үшін билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта қарап, сая­си жүйені жаңғырттық.

Nur Otan партиясының Төр­ағасы 2018 жылы сайлау заң­намасы жетілдірілгенін, алдағы сайлаулар конституциялық мерзімде өтетінін және мәс­ли­хаттардың келесі сайлауы алғаш рет Мәжілістегідей пар­тиялық тізім бойынша өткізі­летінін мәлімдеді. Сол себепті келесі сайлауда жеңіс тұғырынан көріну үшін партия белсенділері жұмыла жұмыс жасау керек.

Nur Otan партиясы Қазығұрт аудандық филиалында 16 бастауыш партия ұйымы жұмыс атқарады. Онда 6747 мүше тіркелген. Қазіргі кезде филиалда Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын іске асыру мақсатында ауқымды іс-шаралар атқарылуда.

Атап айтсақ, тұрақты түрде аудан тұрғындарының арыз-шағымы, өтініш-талаптары бойынша ауыл округтеріне барып көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізіледі. Оған аудан басшысы, орынбасарлары, бөлім меңгерушілері мен БАҚ өкілдері қатысады. Сонымен қатар әр аптаның жұмасы күні филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарынан түскен арыз-шағымдар бойынша тиісті сала басшылары қоғамдық қабылдау өткізеді.

Аудандық филиалда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жандандыру ісі бойынша бірлескен дөңгелек үстелдер өткізіліп, қауіпті індеттің себеп-салдары және оны жою жолдары таныстырылды. «Жастар жылына» байланысты аудан жастарымен кездесіп, қордаланған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер тыңдалды. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында іс-шаралар атқарылып, аудан ардагерлеріне сый-сыяпат жасалынып, ыстық лебіздер айтылды. Партияның беделін көтеру мақсатында тұрақты түрде аудан мәслихатындағы Nur Otan партиясы фракциясының жиналысы өткізіліп тұрады.

«Менің туым, менің Отаным!» патриоттық акциясы аясында Қазақстан туының мерейі ұлықталып, рәміздердің мән-мағынасы тереңінен түсіндірілді. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оның өз деңгейінде өтуіне қолқабыс жасалынды. Аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері барлық ауыл округтерінде болып, сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысымен сайлаушыларды таныстырды.

Сонымен қатар «Ауыл-ел бесігі» партиялық жоба аясында партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Тұрбат ауылында болып, жаңадан салынған ауыл ішілік жолдың сапасымен танысты. Ал партиялық «Халыққа көмек» акциясы бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері филиалда қоғамдық қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарына әлеуметтік көмек жайында толыққанды түсініктемелер берді.

Nur Otan – Қазақстанда жүр­гізіліп жатқан ауқымды, саяси және әлеуметтік-эко­номи­калық реформаларды жүзеге асырушы партия. Елбасы, партия Төрағасы партияның алдына кез келген уақыт сынағына сай жедел және сапалы жауап беру міндетін қойды. Осы орайда партия әрқашанда күрделі мәселелердің оңтайлы жолын тауып, тиімді шешімдер қа­былдап келеді.

Біздің ортақ мақ­сатымыз – халқымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға, елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға, қоғамның тұрақтылығын сақтауға бағыт­талған партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жүйелі түрде жүзеге асыру. Жа­уапкершілігі мол бұл міндет­терді іске асыру әрбір партия мүшесінің борышы.

                         Ә.Қожахан,Nur Otan партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары