Мұғалім мәртебесі биіктейді
Мұғалім мәртебесі биіктейді
393
оқылды
Ұстаз мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған тарихи шешім - «Педагог мәртебесі туралы» заң дер едім. Тәуелсіз ел болғалы түрлі қиындықты бастан кешірдік. Елдің әлеуметтік жағдайын көтеру үшін экономикасаласына жіті көңіл бөліп, кейбір саланы ескерусіз қалдырдық. Тәуелсіз ел болғалы түрлі қиындықты бастан кешірдік. Елдің әлеуметтік жағдайын көтеру үшін экономикасаласына жіті көңіл бөліп, кейбір саланы ескерусіз қалдырдық. Ел болып еңсеміз көтеріліп, дамыған елдің қатарына қосылуға ниет етіп жатқанда олқытұсымызды толтыруды қолға алдық. Соның бірі – педагог беделі. «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», –деп Мағжан Жұмабаев айтқан еді. Бүгін алаш арысыныңосы сөзі қайта тіріліп педагог мәртебесі заңмен бекітілгелі отыр. Жаңа заңда қарастырылған позициялардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, педагогтың оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту формаларын таңдау бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілді. Педагогке тән емес функцияларға тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген.Осы нормалар бұзылған жағдайда құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады. Бұдан бөлек, педагог мамандардың балаларын балабақшаға орналастыруда басымдық беру,«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатысияқты бірқатар материалдық емес ынталандырулар қарастырылған.Бұл ретте әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтарға жоғары жалақы төлеу, денсаулығын  сақтау, «Үздік педагог» сынды гранттарға әлеуметтік кепілдіктер сақталған. Жергілікті атқарушы органдарға педагогтардың еңбегін көтермелеудің қосымша шараларын, оның ішінде жергілікті ерекшелік белгілерімен, құрметті атақтармен марапаттау, біржолғы сыйақы төлеу құқығы берілетін болады. Көзделген нормалардың маңызды блоктарының бірі – материалдық ынталандыру.Негізгі материалдық ынталандыруларға  сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы, барлық педагогтар үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту,  тәлімгерлік  үшін қосымша ақы төлеу және басқа да шаралар жатады. Бұған қоса  магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған.  Бұл норма өз кезегінде мектепте жұмыс істейтін 5029 педагогке қатысты және мектептерге  академиялық дәрежесі бар жаңа мамандарды тартуды көздейді. Педагог мәртебесі туралы заңды Мәжіліс депутаттары да қызу талқылап өз тарапынан  бірқатар  ұсыныстар айтып, түзетулер  енгізді. Мәселен, 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтары үшін апталық нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма; -педагогтардың педагогикалық этика нормаларын бұзуы бұрын көзделгендей әкімшілік құқық бұзушылыққа емес, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінде көрсетілгенкәсіби жауапсыздыққа  әкеп соғатын  теріс қылыққа теңестірілді; -білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогқа тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен лауазымдық үш айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленуін көздейтін норма енгізілді; -"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағымен марапатталған педагогқа 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем белгіленді; -мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының педагогтарына магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы енгізіледі; -ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленді; - педагогтың білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан өзіне құрметпен қарауды және тиісті мінез-құлықты талап ету құқығы нақтыланды; - мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарға тарту, оларды қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндеттейтін нормалар және  қайталанатын ережелері бар нормалар алынып тасталды; - өзінің лауазымдық міндетін орындау кезінде педагогқа былапыт сөйлеген, мазақ қылған, бейәдеп іс-әрекеттер жасаған, және де бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы басқа да осындай әрекеттерге барған адам  әкімшілік жауапкершілікке тартылады.Мысалы,  педагогтарға этикаға жат қылық көрсетен жеке тұлғаға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген.  Егер ол адам осы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған болса, 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Осы құқық бұзушылықты он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалар жасаса,ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осы әрекет  әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, бұл айыппұл 10 АЕК-ке өседі. - жоғары оқу орындарының педагогтарынан басқа, барлық педагогтарға әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру жөніндегі норма қарастырылды. Бұрын мұндай норма  тек ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға қатысты еді. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік  жағдайы заңмен бекітіліп,   үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика мен методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім, – деген Ахмет Байтұрсыновтың  сөзі бүгінгі ұстазға қойылатын талапты дөп басып тұр. Балабақша – мектеп – колледж- жоғары оқу орнында берілетін білім мен тәрбиенің қайнар көзі ұстаздың  өресіне, білімділігіне байланысты. Жаңа заң еліміздің тиісті деңгейдегі білім ордаларында қолданысқа енсе, мұғалімдерге де, білім алушыларға да тиімді болып, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді деп сенемін.    

Әбдіманап Бектұрғанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, NurOtan партиясының «Білім беру» бағыты бойынша партиялық кураторы