Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жарлық бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап орталық және жергілікті атқарушы органдар шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылау мен қадағалауға үш жылға тыйым салады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Мораторий кезеңінде өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыру керек. Бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауапкершілікке тартылады. Осылайша, шағын бизнеске түсетін ауыртпалықты азайтамыз. Сонымен қатар бизнес өкілдері құқық қорғау және тексеруші органдардың іс-әрекетіне байланысты көптеген қиындыққа тап болуда. Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кетті. Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс» деген еді.
Осылайша, мораторий экономикаға, шағын және микро кәсіпкерліктің дамуына жаңа жол ашады. Бұл Жарлық – кәсіп бастайындарға, ертеңін экономикамен байланыстыратындарға берілген мүмкіндік. Мәселен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізу Жарлық бойынша тоқтайды. Сондай-ақ осы Жарлықты жүзеге асыру үшін түрлі шара қабылданатын болады. Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктеледі.