Қазыбек ИСА,
ақын, публицист:
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданса...
– Ұлттық сенім кеңесінің бірінші отырысында мемлекеттік тілдің мәселесін көтеріп, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жөнінде ұсыныс жасадым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің екінші отырысында мен ұсынған мәселелерден латын әліпбиінің Ұлттық кеңесте көтерілгеніне тоқталып, кемшіліктерді түзету керегін, бұл мәселеге ғалымдарды тарту қажетін қадап айтып, нұсқау бергенін жеткізді. Ал Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесінен біздің білетініміз – бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігінде жұмыс жүріп жатыр. Алдымен Мемлекеттік тілді дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Биыл 12 қазанда сала министрі Ақтоты Райымқұлова Ұлттық кеңес мүшелеріне есеп берді.16 қазанда Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында да Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесі сөз болды. Мәдениет министрлігі өткізген Тіл форумында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жөнінде қаулы қабылданды. Қазақстан халқы ассамблеясы өткізген «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форумда да Қазақстанды мекендейтін этностар Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануын қолдады. Қыркүйекте өткен Халықаралық Қазақ тілі қоғамы пленумында да Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы қаулы алынды. Бұл бастаманы халық та қолдап отыр.
Президенттің «Билік халыққа пайдалы кез келген өзгеріске дайын» дегеніне ден қойсақ, бүгінгі таңда Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау өзекті мәселе болып тұр.
Ерлан САИРОВ,
саясаттанушы:
Ұтымды сұхбат алаңына айналды
– Ұлттық кеңес жұмысы аясында Қылмыстық кодекстің 130-бабы мен 174-бабын өзгерту мәселесін белгілі заңгер Айман Умарова көтерді. Мемлекет басшысы мен Кеңес мүшелері алдында өзінің принциптерін дәйекті түрде дәлелдей білді. Осы шешім бүгінде құқығы шектелген 2 мыңнан астам адамның тағдырына оң әсер ететін болды. Жазасын өтеп шыққан азаматтардың банктен есеп-шот ашуға, несие карточкасына ие болуға, жұмысқа тұруға құқы шектеулі. Енді осы мәселенің барлығы шешіледі. Кеңес жұмысы оңай жүрген жоқ. Жұмыс барысында дискуссия да, келіспеушілік те, қарама-қарсы пікірлер де аз болған жоқ. Дегенмен сең қозғалды. Кеңес ұтымды сұхбат алаңы ретінде көрсете білді. Бүгінгі өзгерістер реформалардың алғашқы пакеті деп түсіну қажет. Кеңес өзінің жұмысын жалғастырады, демек, келесі пакет дайындалады.
Кеңес жұмысына сыни көзқарас бар. Саяси плюрализм болғандықтан, сынның болғаны заңды. Бірақ сынның мінсіз болғаны дұрыс. Барша қоғам өкілдерімен бірге жұмыс істеуге Кеңес мүшелері дайын...
Жәнібек ҚОЖЫҚ,
Ұлттық кеңес мүшесі:
Жастар жұмыспен қамтылады
– Ұлттық кеңестің жұмысын сынайтындар да, құптайтындар да. Барлық пікірге түсіністікпен қараймын. Бұл кеңеске еліме, жеріме, қарапайым ауыл халқына сәл де болса пайдам тисін деген мақсатпен кірдім. Ауылда тұрамын, ауыл халқының ең басты мәселесі – жұмыссыздық. Жастар жұмыс іздеп қалаға көшіп жатыр, соған қарағанда қаланың жағдайы, ауылға қарағанда шүкір болар деп ойлаймын.
Ұлттық кеңестің бірінші отырысында шетелден келетін жұмысшыларға берілетін квотаның санын қысқарту, заңсыз келгендерін елден шығару, олардың орнына жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа қабылдауды сұраған болатынмын. Ұлттық кеңестің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза шетелден келетін жұмысшыларға берілетін квотаның санын қысқартып, оларға қойылатын талапты күшейтіп, бұл жағдайды қатаң бақылауға алатынын айтты. Сол қысқарған шетелдіктердің орнына жұмыссыз жүрген мыңдаған жас жұмысқа кіреді. Бұл теңізге тамған тамшыдай болса да елге тиген пайда. Сондықтан Ұлттық кеңеске кіргенім үшін өкінбеймін.
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
«Байтақ-Болашақ» экологиялық
альянсының төрағасы:
Партия құруды қолға алдық
– Билік қоғамдағы қордаланып қалған түйткілдердің жолын шешу үшін, алғышарттарды жасауға көшті. Мәселен, күні кеше ғана өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Президент халықтың арыз-талаптарын, ұсыныс пен бастамаларын бірте-бірте орындайтынын, халық пен билік арасында тұрақты диалог болатынын жеткізді. Дұрыс шешім. Президент елде бәсекелес саяси партиялардың көп болуын, олардың Парламенттен орын алуын, сол партияларды құру үшін кедергілерді алып тастау керегін және жұрт арыз-уәжін жеткізу үшін Ата заңның аясында бейбіт митингі жасауға рұқсат беретіндігін айтты. Құптарлық жайт. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің ірі қалаларында бейбіт митингілер ұйымдастырсақ деп отырмыз. Митингі тақырыбы еліміздегі Сот жүйесі және оны қалай реформалау туралы болады. Өйткені еліміздегі осы сала әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеп жатыр деп айта қою қиын. Митингіге келген халық сот саласын жетілдіру жөнінде ұсыныстарын айтуы тиіс.
Екінші бір басты мәселе, біз партия құруды қолға алдық. Бұл экологиялық Жасылдар партиясы болады және ол экологиямен шектелмей, мемлекеттік, халықтық, ұлттық мәселелермен де айналысады. Ең бастысы – Ұлт мүддесін бірінші орынға қою.