Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтармен жүздесті.
Қабылдауда Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан бөлек өзге өңірлерден де бейнебайланыс арқылы бірнеше адам байланысқа шықты. Ел тұрғындарының көпшілігін медициналық көмектің сапасы алаңдатып отыр. Бұдан бөлек азаматтар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, шетелде ем алуға науқастарды оңалту, медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша да жәрдем сұрады. Министр олардың бәріне жауап беріп, қабылдау кезінде мәселелерді оңтайлы шешудің жолдарын қарастырып, тиісті мамандарға тапсырма берді. Ол сонымен қатар кейбір өтініштерді бақылауда ұстайтынын айтты.
– Министр барлық сұраққа жауап берді. Денсаулық сақтау басқармаларына институттарға және сарапшыларға тапсырма беріп, барлық азаматтың өтініш-тілегін толық тыңдады. Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында белгілі кесте бар. Онда министр, орынбасарларының қабылдауына жазылуға болады, – дейді Денсаулық сақтау министрінің баспасөз хатшысы Гаухар Бисарина.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан ұлының еміне көмек сұрай келген көпбалалы ана басындағы ауыр жағдайды баяндап берді.
– Ұлым туған кезде аяқ-қолы кішкене қысқалау болды. Тамыз айынан бастап оған өмірімде естімеген хондродистрофия, хондродисплазия диагнозы қойылды. Осы орайда балама көмектескен неврология бөлімінің қызметкерлеріне алғысым шексіз. Гүлбаршын Шәкенқызы бізді неврология бөліміне жіберіп, ем алуға мүмкіндік жасады. Соның арқасында балам кішкене болсын аунап-қунап, әйтеуір еңбектейтін болды. Қазіргі уақытта Гүлбаршын Шәкенқызының жазып берген емінің тең жартысын ғана алып жатырмын. Балама 5 жаста ғана операция жасауға болады дейді. Оған дейін біраз уақыт бар ғой. Не істеймін? Көмектесіңіздер, – деп жылады көпбалалы ана Елукүл Ахметжанқызы.
– Емдеу, диагностика бойынша барынша көмек көрсетеміз. Мемлекет жағынан да бүкіл көмекті өзіміз ұйымдастырамыз. «Ана мен бала орталығының» басшылығымен сөйлесемін. Бұл жиі кездесетін ауру емес. Ортопедтер де бар, неврологтар да бар, барлығы ұлыңызды қарайды. Сізге мықты болу керек. Үмітіңізді үзбеңіз. Ұлыңыз жазылып кету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді министр.
Қабылдауға келген Арайлым Алтаева дәрігерлердің біліксіздігінен ұлының мүгедек болғанын, ем алудың бәрі ақылы екенін айтса, 3 мүгедек баланың анасы Әсел Сабирова дәрі-дәрмек мәселесін көтеріп, науқас ұлдарын медициналық тексерістен өткізгісі келетінін жеткізді. Қабылдау соңында жұртшылықтың көңілін күпті еткен барлық сұраққа жауап беріліп, соған байланысты атқарылатын жұмыстың барысы талқыланды.
Әбілмансұр ЖАСАН