«Ордабасы» Еурокубоктан тағы да шет қалуы мүмкін. Fair Play-ге байланысты шектеудің ақыры не болары белгісіз. Клуб басшылығы несиелік қарызды өтедік дегенімен, УЕФА оң қабақ танытпай отыр.
Еурокубокқа қатысу тәртібі қарапайым ғана заңдылықтан тұрады. Қазақстан чемпионатында 1-орын алған командаға тікелей Чемпиондар лигасына жолдама беріледі. Турнирді 2-3-орынмен аяқтаған команда мен Қазақстан кубогының иегері Еуропа лигасында бақ сынайды. Осы жүйеге байланысты ҚПЛ-да 3-орын алған «Ордабасы» 2020/2021 маусымда ЕЛ-нің іріктеу кезеңінен бастайтын болған. Алайда Fair Play қаржылық ережелері шымкенттік клубтың еурокубокта өнер көрсетуіне «қарсы».
Жыл сайын «УЕФА клубтық турнирлеріне қатысу үшін қаржылық Fair play және футбол клубтарын сертификациялау ережесінің» негізінде сертификаттау комиссиясының отырысы өтеді. Биыл комиссия мүшелері «Ордабасыны» Fair Play қаржылық ережелерін бұзғаны үшін жазалап, айыппұл салды. Осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін төлеуі міндеттелген кредиторлық қарызды уақытында өтемегені үшін УЕФА-ға 100 мың евро айыппұл жазылды. Сондай-ақ сертификаттау комиссиясы «Ордабасы» клубынан бөлек, «Олимпияға» 75 мың евро, «Црвена Звездаға» 50 мың евро айыппұл белгіледі. УЕФА тығырықтан шығар жол нұсқағандай төлемді 2021 жылдың 31 қаңтарына дейін жасаса, жазадан құтылуға болатынын көрсетті. Өз кезегінде шымкентік клуб ресми сайтында мәлімдеме жасап, берешектерін өтегенін жазды.
«Бүгінгі таңда «Ордабасы» футбол клубы 2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі барлық кредиторлық қарызды жауып, УЕФА талаптарына сәйкес сертификатқа үміткер ретінде лицензия процесін өтуде. Осыған байланысты «Ордабасы» футбол клубының Еурокубоктардан шығарылу қаупі жоқ» деп жазды клубтың ресми сайтында.
Естеріңізде болса, 2018 жылы УЕФА Fair Play ережелерінің 52-бабы – әлеуметтік қорлар мен салықтық органдар алдында кредиторлық қарыздарды өтеу уақытының бақылау мерзімін бұзғаны үшін «Ордабасыға» еурокубокқа қатысу сертификатын беруден бас тартты. Нәтижесінде, талаптардың барлығын орындап, чемпионаттағы орынына сәйкес ЕЛ-ге «Ордабасының» орнына «Тобыл» қатысты. Егер УЕФА шешімін өзгертпейтін болса, еурокубоктік бәсекеден «Тобылды» көруіміз бек мүмкін.
Жалпы, «Ордабасы» клубы 2012 жылдан бері 5 рет еурокубокқа жолдама алды. Еуропада айбарын көрсетпесе де, қауқар мен ұмтылыс барын дәлелдеді. Сәтін салса, 2020/2021 жылы УЕФА турнирлерінде Қазақстанның 4 клубы бақ сынайды. «Астана» чемпион болғандықтан ЧЛ-де, «Қайрат» 2-орын алған соң, «Қайсар» Қазақстан Кубогының иегері ретінде ЕЛ-де ойнайды. Ал «Ордабасы» бағы шапса, УЕФА рұқсатын берсе, Еуропа лигасында өнер көрсетеді. Нәтиже басқаны нұсқаса жолы «жеңіл» «Тобыл» клубы Еуропа лигасында топтық кезең үшін таласқа түседі.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ