Абыхан ағаның аманаты
Абыхан ағаның аманаты
210
оқылды

Жыл артынан жыл, ай ар­ты­нан ай өтcе де, жақсы адам­ның аты да, жұрты үшін істеген ісі де ел жадында ұмы­тылмай, мәңгілікке сақ­тал­ады. Сондай жандардың  қатарына ізгілік пен қара­пайым­дылық, ірілік пен пара­саттылық сияқты адами қа­сиеттерді бойына ба­­рынша сіңіріп, өнегелі өм­ірі, елеулі еңбегімен жер­лес­тері­нің ес­ін­де жат­талып қалған Абы­хан Жексен­бековті ой­лан­­бастан қо­суы­мызға бола­ды. Ол өзі тір­лік кешкен ай­мақ­та ең ал­ғаш қазақ мек­тебін ашып қана қой­май, таулы өңірдегі Түр­ген ауылы­ның қайта тү­леуіне елеу­лі үлес қосқан жан. Бүгін­де ауыл­дағы қазақ ор­та мек­те­бі Абы­хан Жек­сенбеков аты­мен аталады.

Ел-жұрты Абыхан Аманбайұлы дегенде ең алдымен оның артына қал­дырған игілікті істерін, аза­маттығын еске түсіреді. Түргендік тұлғаның артына қалдырған ізгі­лікті іздері Кеңес өкіметінің тұсын­да да, еліміз егемендігін алған жыл­дардан бергі кезеңдерде де жер­лестерінің жадында дәл бүгін­гідей сайрап жатыр. Өйткені ол бар ғұмырын өзі қызмет еткен Еңбек­шіқазақ ауданы мен туып-өскен ауылы – Түргеннің эко­номикасын көтеруге, ондағы халықтың әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайын жақсар­туға, елді мекен­дерде білім мен мәдениетті дамы­туға бағыт­тады. Абыхан ағамен алғашқы та­ныстығымыз өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарының орта тұ­сында болған еді. Еліміз өтпелі ке­зеңнің ауыртпалығынан енді ес жия бастаған тұста басқаларға қа­рағанда елеусіздеу болып келген шұрайлы да, шырайлы өңірде өзгелерге үлгі болып, ұлттық сана­ға қозғау салатын қадамдар жаса­лып жатқанын, оларға ауыл бас­шысы бастамашы болып жүргенін жиі еститінбіз. Ауылға кіреберістен күтіп алған ел ағасымен бірге өт­кізген бір күнде өмірлік сабақ алғандай күй кештім. Бір көргенде сұсты көрінетін тұлғасы таудай аға­ның жүрегі соншалықты жұмсақ, көңілі сондай кең екен. Әңгімесі де керемет. Соғыс жыл­дарына тап келген балалықтың қызығы мен шыжығы. Ананың аялы алақаны мен ағайынның қамқорлығы. Елге елеулі азамат атанғанғанға дейінгі сынаққа толы асулар. Өтпелі кезең­дегі өкінішті тұстар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы азды-көпті қиын­дықтар мен алғашқы жетістіктер. Барлығы айтылды. Бір бай­қа­ғаным, қырық рулы елден құрал­ған сияқты көптеген ұлттың өкілі тұратын Түргендегі «мен» деген азаматтардың барлығы Абы­хан ағаның алдын кесіп өтпейтіні. Осы­ның өзінен-ақ көп нәрсені көңілге түйдік. ... Қалың бұқара қай кезде бол­масын,  жұртты ортақ іске жұмыл­дыра білген, ел басқарған  тұлға­ларын ұмытпайды. Уақыт өте келе, ел өздерінің бүкіл ғұмырын туған жері мен елінің ертеңіне арнаған танымал тұлғаларын ардақтап, оларға ауылдар мен мектептер, көше аттарын беретінін бүгінде көріп те, естіп те жүрміз.  Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында жерлестерінің көшін бастап жүр­ген Абыхан Аманбайұлы ақса­қалдар мен ауыл белсенділерін әкімдікке шақырып, көптен бері толған­дырып жүрген ойын ортаға салады. Ол – осы ауылдағы Ильич атындағы орта мектептің атын өзгертіп, оны қазақтың қадірлісі Дінмұхамед Қонаевтың есімімен атау туралы еді. Ұсыныс бірауыздан қолдау та­уып, көп кешікпей ардақты ақса­қалдың келісімін алу үшін Алма­тыға арнайы делегация жіберіледі. Дінмұхамед Ахмет­ұлы­ның келісі­мін алып, ауыл адам­дары үлкен қуанышпен оралады. Абыхан Аманбайұлының ауыл әкімі ретінде қызметке кірісуі тә­уел­сіздік алған жылдармен тұспа-тұс келгенін жоғарыда айттық.  Табиғаты тамаша Түрген ауылында 1994 жылға дейін қазақ мектебі бол­маған еді. Қазақ  балалары жа­қын елді мекендердегі мектептерге қатынап немесе туған-туыс­тары­ның үйлерінде жатып оқып жүрді. Осынау кереғар жағдай тау  тұл­ғалы азаматқа маза бермеді. Әкім болып тағайындала салысы­мен қазақ мектебін ашуды қолға алды. Оны өзінің басты міндетінің бірі деп санады. Қажетті құжаттар жи­нас­тырылып, дайындалып, мәселе аудандық, облыстық дең­гейдегі жиын­дарда осы  бірнеше рет кө­терілді. Жасырары жоқ, қар­сы шыққандар да болды. Білім са­ласы басшыларының табал­дырығын тоздырып жүріп ауылға қазақ мектебін ашу қажет екенін дәлелдеді. Ақыры алдына қойған мақсатына да жетті. Сөйтіп, 1994 жыл­дың 1 қыркүйегінде Түрген қазақ орта мектебінің ашылғанын паш еткен тұңғыш қоңырау үні ес­тілді. Білім ордасы сол кезде бос тұр­ған балабақшаның ғимаратына орналасқан еді. Бос қалған бұрынғы балабақ­шаны мектеп ғимаратына лайық­тап жабдықтау оңай соқпады. Күрделі жөн­деуден өткізу керек. Осынау қым-қуыт шаруалардың ұйымдас­тырушысы болып, басы-қасында тағы өзі жүрді. Ескі ғи­марат оқушы­ларға тарлық ете бас­тағандықтан, кейін мектеп бос тұрған кәсіптік-тех­никалық училищенің ғи­мараты­на көшір­іл­ді. Алғашқы оқу жылын 50 оқушы­мен бастаған Түрген қазақ орта мек­тебі бүгінде 600-ден астам шә­кірт білім алатын іргелі оқу орнына айналып отыр. Абыхан Аманбайұлының білім саласын да­мытуға қосқан үлесі ескерусіз қал­ма­ды. Ол сол кездегі Оқу министр­лігінің «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапат­талды. Сон­дай-ақ кезінде «Құрмет Белгісі» ор­денімен, көптеген медальдармен наградталған еді. Айта кетерлігі, ауыл­дастары өзі өмірден өтсе де өнегелі істерімен жұрт есінде қалған азаматтың есімін ол ашқан мектепке беру туралы ұсыныс жасап жүріп, ақыры  2015 жылдан бері Түрген орта мектебі Абыхан Жексен­бековтің есімімен аталатын болды. Қазіргі кезде мектепте 58 ұстаз сабақ береді. Ұстаздардың бар­лығы жоғары білімді. Олардың 9-ы жоғары, 23-і бірінші санатта. Білім ошағы алғаш ашылғанда жас мұғалім ретінде қабылданған 2 мұғалім «Қазақстан Республика­сының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. Жыл сайын 1 ақпан күні Ең­бекшіқазақ ауданындағы бұрынғы Түрген қазақ орта мектебінде ел қадірлеген ардақты азамат Абыхан Жексембековті еске алуға арнал­ған жиын өтеді. Жиын соңы әдет­тегідей түрлі тақырыптағы тәрбие сағат­тарына ұласады. Одан кейін аудан көлеміндегі мектеп оқушы­лары ара­сында спорт түрлерінен жарыс­тар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етіледі. Көпшілікке үлгі-өнеге болатын осынау мәдени-спорттық шараны өткізу білім ошағында жылдағы дәстүрге айналған. Мектепте өтетін барлық іс-шараларға, сондай-ақ спорт жарыстарына Абыхан Аман­байұлының ұрпақтары  демеушілік етеді. Кезінде  Абыхан Аманбайұлы оқушылардың білімге деген қы­зығу­шылығын арттыру мақ­са­тында озат оқушыларға шәкіртақы та­ғайындау үрдісін жолға қойып кет­кен еді. Әкеден қалған бұл үл­гілі үрдісті балалары үзбей келеді. Мектеп ұжымы мен оқушылар да ар­дақты азамат атына дақ түсір­меу жолында қажырлы еңбектері мен бар күш-жігерін аямауда. Ұстаз­дардың еселі еңбегінің нәти­жесінде оқушылар  аудан, облыс көлемінде өтетін түрлі  байқауларға қатысып, Абыхан Жексембеков атындағы мектеп атын шығаруда. Пән олимпиадалары мен дарынды балаларға арналған кіші ғылым ака­демияларында,  түрлі өнер бай­қауларында да жүлдесіз қалған емес. «Өз ұлтын, өз перзентін ескер­месе, ел тегі қайдан алсын кемең­герді?!», – деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, кешегі өткен ел аға­лары­ның есімдерін жаңғырту – міндет. Туған жерге еңбек сіңірген, дарын-даралығымен ел мақта­нышына айналған азаматтарды ардақтау, бағалау – парыз.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы