Қазақстан Ұлттық банкі ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын өзгертті. Президент Қ.Тоқаев жуырда Үкімет пен Ұлттық банкке халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарды, жалғыз мүлкі банктердің балансына өтіп кеткен қарыз алушыларды қолдау шараларын әзірлеуді тапсырған еді. Ұлттық банк көпке созбай аталған бағдарламаға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітті.
Шыны керек, халық арасында проблемалық ипотеканы қайта қаржыландыру туралы әңгіме екі мыңыншы жылдардың ортасында жиі айтылатын. Себебі ипотекалық несиені АҚШ долларымен алғандар доллар қымбаттағанда несиесін өтей алмай қатты қиналды. Ипотекасын өтей алмай, баспанасы банктің балансына өтіп кеткендер де аз болған жоқ. Осы бір күрделі мәселенің күрмеуін шешуді сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Ұлттық банкке тапсырған. Ұлттық банк ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын 130 млрд теңге бөлу арқылы шешуді ұйғарған. Сөйтіп, бұл жұмысты жүзеге асыру үшін 2015 жылғы 24 сәуірде Ұлттық банктің қаулысымен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаны әзірлеуге мүдделі мемлекеттік органдармен қатар, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де қатысты. Сөйтіп, бөлінген қаражатты екiншi деңгейлі банктерге жеткізу мақсатында Проблемалық кредиттер қоры екiншi деңгейлі 9 банкке 20 жылға жылдық 2,99 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен депозитке қаржы құйды. Сол жылы бағдарламаға «Қазкоммерцбанк» АҚ («БТА Банк» АҚ мен «БТА Ипотека» АҚ), «Қазақстан Халық Банкі», Fortebank АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, Kaspi Bank АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ мен «Нұрбанк» АҚ кірді. Ал бүгіндері аталған бағдарламамен жұмыс істейтін банктер саны жиырмаға жетті.
Ал 23 желтоқсан күні бағдарламаға енгізілген өзгерістер нені көздейді?
«Жаңа өзгерістер әлеуметтің осал тобына жатқызылған 7 355 қарыз алушыны қолдауға мүмкіндік береді. Олардың жалпы ипотекалық қарызы – 44,6 млрд теңге. Міне, осы қарыз алушылардың арасында баспанасы банктің балансында тұрған тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі. Бұл шаралар бұрын қайтарымды негізде бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылады», – дейді Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов.
Оның айтуынша, бағдарлама жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Айта кетерлігі, проблемалық ипотекасы бар қарыз алушылармен, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтармен жұмысты Үкіметтің тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс топтары шеңберінде әкімдіктер жеке тәртіппен жүзеге асырады екен. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылған, қарыз алушылар валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 2020 жылғы 15 желтоқсанына дейін кредиторбанкке өтініш беруі қажет.
Осы тұста ескеретін бір жағдай, бағдарламаға 2015 жылдан бері шағымдарын айтқан қарыз алушылар ғана қатысады.
«Бізде олардың статистикасы бар, қарызын төлемегеніне 90 күннен асып кеткендердің тізімі жасалған. Жаңадан өтініш қабылданбайды. Екінші деңгейлі банктер төлем қабілеті төмендеп кеткен қарыз алушылардың мәселесін реттеу үшін бөлінген ақшаны 20 жылдан кейін Ұлттық банкке кері қайтарады», – дейді О.Рамазанов.
Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, 2015 жылы бағдарлама қабылданған кезде 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Бүгіндері бағдарлама шеңберінде 171,4 млрд теңгеге 28 мың қарыз алушыға көмек көрсетіліпті, ал 56 млрд теңгеден астам сомаға қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық сомасы бойынша берешегі төмендетілген.
Ал бағдарламаның екінші бөлігі 2018 жылы 27 наурызда іске қосылды және жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырыла бастады. Бағам айырмасының сомасы, бұл 156 млрд теңге, тағы да Ұлттық банк қаражатының есебінен өтеліп жатыр. Валюталық қарыз алушылардан қайта қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге 9 мыңнан аса өтінім берілген, оның ішінде қайта қаржыландыруға жалпы құны 78,7 млрд теңгені құрайтын 8 840 қарыз мақұлданыпты.
...Бағдарламаға енгізілген түзетулер туралы кешелі бері ақпарат құралдарында айтылып жатыр. Алайда ел арасында «ипотекамды қайта қаржыландыратын болдым» дегендер жоқтың қасы. Шыны керек, бізді кімдердің ипотекалық қарызының мәселесі жеңілдетіліп жатқаны қызықтырды. Бәлкім, қарызы жеңілдетіліп жатқандардың тізімін ашық жариялау керек шығар?
Әрі-беріден соң қарызын қайта құрылымдап бергенімен, бәрібір қарыз алушы негізгі қарызын төлеуден босатылмайтынын ескерту қажет. Тек аздап жеңілдікке ие болады. Бұл жерде әдеттегідей екінші деңгейлі банктердің жолы болып тұр.
– Ипотекасын төлей алмаған тұрғындардың қарызы мен өсімақысы артып кеткен жылдар болды. Бұл мәселе негізінен ипотекалық қарызды шетел валютасымен алғандарға қатысты. Есіңізде болса, ипотекалық қарызы қордаланып қалғандар көмек сұрап митингіге дейін шыққан. Мемлекет әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін Ұлттық банк арқылы осы мәселені шешу үшіне қайта қаржыландыру бағдарламасын қабылдады. Олардың мәселесі толығымен шешілді деуге келмейді. Енді бұл топтың қатарына халықтың әлеуметтік осал тобы келіп қосылды. Әрине, халықтың бұл екі тобына да көмек берген дұрыс. Бірақ бұл көмекті кім беріп жатыр? Әрине, халық. Ұлттық банктің есебінен өздерінің қаржылық тәуекелін күшейтіп алған екінші деңгейлі банктердің мұртын балта шаппақ емес, – дейді Integriti Astana қоғамдық бірлестігінің директоры Жанат Нұрғалиев. Оның айтуынша, ипотека қарызын жеңілдету үшін бөлінген қаржы, түптеп келгенде, мемлекетке салық төлеуші адал тұрғындар есебінен беріліп отыр. Ал ол аз қаржы емес. Әрине, ол қаржы жиырма жылдан соң Ұлттық банкке кері қайтарылады. Бірақ ол кезде сол ақшаның құны бола ма?!.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ