Моңғолияда үкімет ауысты
Моңғолияда үкімет ауысты
315
оқылды

Қаңтардың 28-і күні Моңғолия үкіметінің жаңа бас­шысы белгілі болды. Сөйтіп, 21 қаңтарда  отставкаға кет­­кен Ухнаагийн Хүрэлсүхтің орнына премьер-министр болып Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ тағайындалды.  Ал бұрынғы үкімет  халықтың наразылығына байланысты отставкаға кеткен еді. Алайда бұрынғы кабинеттің отс­тавкасы тек қана адам құқымен байланысты емес.

Әлбетте, «өз қазанында өзі қайнап» жатқан Моңғолиядағы саяси оқиғалардың маңызын біреу артық, біреу кем бағалауы мүмкін. Алайда ел үкіметінің биылғы отставкасы Моңғолияны Еуразия құрлығындағы біраз елге үлгі ретінде көрсетуге себеп болды. Тіпті, үкімет отставкасын адамгершіліктің жоғары деңгейі ретінде бағалағандар бар. Әңгімені әріден бастасақ, 19 қаңтар күні Ұланбатыр қала­сын­дағы перзентханалардың бірінен нәрестелі әйел инфек­циялық ау­­руханаға ауыс­ты­рыл­ған еді. Өйткені әйелден ко­рона­вирус табылған. Алайда перзент­ханадан ауруханаға апарар кезде әйел мен нәрестеге дәрігерлер жылы киім кигізбеген. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды да, 20 қаңтар күні азаматтар қаланың орталық алаңында наразылық акциясын ұйым­дастырды. Адам құқы аяққа тапталды дегенді алға тартқан шерушілер үкіметтің жауап­сыздығын айыптады. Ал осы оқиғаға байланысты Моңғолия үкіметінің екі мүшесі – Ден­саулық сақтау министрі Тогт­молын Мөнхсайхан және вице-премьер, коронавируспен күрес жөніндегі мемлекеттік төтенше комиссияның төрағасы Ян­гу­гийн Содбаатар өз еріктерімен отставкаға кетті. Кейін үкімет басшысы Ухнаагийн Хүрэлсүх тұтас кабинетімен отставкаға кететінін мәлімдеп, алдымен ха­лықтан кешірім сұраған. Экс-премьер отставкаға кету себебін жаңа босанған әйелге қатысты жағдаймен байланыстыра келе, кабинетіндегі екі ми­нистр­дің қызметтен кетуі үкімет жұ­мысын ақсатады деп тү­сіндірген еді. Алайда 20 қаңтарда болған наразылық шараларын ұйым­дастырушылар қатарында ел президенті Халтмагийн Баттулга бар деген тұспалын айтты. Сөй­тіп, жеңіл киіммен перзент­ханадан шыққан әйелге байла­нысты оқиға саяси сипат алды. Негізі, нәрестелі әйелге қа­тысты оқиға Моңғолия саясат­керлерінің арасындағы текетірес үшін тек сылтау еді. Ел президенті мен үкімет басшысының ара­сындағы түсініспеушілік бі­раз­дан бері бар. Президент Хал­т­маагийн Баттулга «Демокра­тиялық партияның» өкілі болса, үкімет басшысы «Моңғолияның халық партиясының» өкілі. Ал соңғысы парламентте басым­дыққа ие. Яғни, нәрестелі әйел­дің оқиғасы қос партияның ара­­­­­сындағы текетірестің көрінісі. Өйткені парламенттегі 76-орын­ның 62-сіне «Моңғолияның халық партиясынан» депутат сайланса, демократтар 11-орын иеленген. Парламенттегі өзге орындарға тәуелсіз кандидаттар мен оңшыл күштердің өкілдері сайланды. Яғни, Моңғолия үкі­метінің отставкасы Парламент пен Президент текетіресіне ұқ­сайды. Сондықтан У.Хүрэлсүх үкіметінің отставкасын қалың бұқараға билік өкілдерінің жаны ашығаны деп түсіндіру біржақты пікір. Ал жаңа үкімет құрамына келсек, премьер-министр Лув­сан­намсрайн Оюун-Эрдэнэ кабинетінің құрамында бұрынғы үкіметтің 8 мүшесі бар. Ал жаңа премьердің өзі бұрынғы үкімет кеңесін басқарған болатын. Министр қызметін атқарған кезі де болды. Л.Оюун-Эрдэнэ – Моңғолияның 32-премьер-министрі.

Ардақ СҰЛТАН