Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақ ісіне қатысты Премьер-Министр Асқар Маминнің бұйрығымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен басқа да шенеуніктер бар.
Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне сотқа дейінгі тергеу жүргізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің тезірек сауығуына жағдай жасауды тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен қаза тапқандардың отбасына 4 миллион теңгеден қаражат бөлінетін болды. Аман қалғандарға да қаржылай көмек көрсетіледі.
Комиссия төрағасы Роман Скляр Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы техникалық ақаудан немесе ұшқыштың қателігінен құлаған болуы мүмкін деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ұшақтың артқы бөлігі ұшып-қону жолағына екі рет тиген.
– Ұшып-қону жолағы біткен соң әуе кемесі оңға бұрылған. Шасси бұл кезде жиналып қойған. Ұшақ оң жаққа ауып кетіп, үйдің қоршауына соғылған. Үйде ешкім болмаған. Әуе кемесі екіге бөлініп кеткен. Негізінен ұшақтың алдыңғы жағында отырған жолаушылар көз жұмған. Техникалық себептерді Халықаралық авиация комиссиясы анықтайды. Қара жәшік те ХАК мамандарының қатысуымен оқылады, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Қайғыға ортақтасып, көңіл айтып жатқан елде есеп жоқ. Елбасы мен Президенттен бастап бар қазақтың қабырғасы қайысты. Әлем елдерінің басшылары да үсті-үстіне жеделхат жолдап жатыр.
Апатқа тікелей жауапты Bek Air әуе компаниясы ұшақ құлағаннан кейін 4,5 сағат өткенде ғана әрең «тілге келді».
Ал апатқа тікелей жауапты Bek Air әуе компаниясы ұшақ құлағаннан кейін 4,5 сағат өткенде ғана әрең «тілге келді».
«Аноним хабарламаларға назар аудармауды сұраймыз, себебі ол алаяқтардың ісі болуы ықтимал. Ресми ақпарат күтуді өтінеміз», – деп қысқа қайырды компания өкілдері.
Енді мәселенің мән-жайы анықталғанша Fokker-100 ұшақтары қолданыстан уақытша шығарылады. Апатқа ұшыраған әуе кемесі 1996 жылы өндірілген екен. Қазақстанда 2016 жылы 26 тамызда құжаты рәсімделген. Bek Air әуе компаниясында дәл осындай он ұшақ бар. Ең сорақысы, әбден тозығы жетсе де, оның тоғызына ұшуға жарамды деген сертификат берілген.
Жалпы, Bek Air компаниясы құрылғалы төрт рет оқыс оқиға тіркеліпті.
2016 жылы 20 наурызда компания ұшағы елорда әуежайына апатты жағдайда қонды. Себебі – механикалық ақау. Алдыңғы шасси ашылмай қалған Fokker-100 бортында 116 жолаушы отырыпты.
2018 жылы 7 наурызда Ақтау әуежайынан көтерілген ұшақ 7 000 метр биікті еңсергенде салонда дабыл жүйесі ойнаған. Экипаж дереу әуежайға оралған. Компания өкілдерінің сөзінше, болмашы ғана ақаудың кесірінен жалған ескерту іске қосылыпты-мыс.
2018 жылы 12 желтоқсанда Bek Air-дің «Астана – Алматы» бағытындағы рейсі сағат 3:00-де ұшып шығып, техникалық ақауға байланысты әуежайға қайтты. Сағат 05:30-да ұшақ жөнделді. Алайда компания рейсті тоқтатуды ұйғарған.
Былтыр 18 ақпанда Z92100 нөмірлі «Алматы – Астана» рейсі кешікті. Мамандардың уәжіне сенсек, жүк тиеу кезінде Fokker-100 ұшағының фюзеляжы зақымданған. Ақыры жолаушылар бір сағаттан кейін резервтік бортпен ұшқан.
Осыншама оқиғадан кейін Bek Air компаниясы қалайша қорытынды шығармаған деп қынжыласың. Қалтаның қамын адамның амандығынан артық қоймай, ескі-құсқы ұшақтарын қолданыстан алып тастаса, кешегідей келеңсіздік болмас па еді?
Әрине, ажал айтып келмейді. Бірақ жауапты органдар да сапасыз техникаға тыйым салса, қымбат ұшақтың билетіне ақшасы жетпейтін қарапайым халықтың халіне селқос қарамаса, кешегідей апатты айналып өтуге болмас па еді?
Ұшақ экипажы мен диспетчердің әңгімесін естісең, еріксіз егілесің. Мына бір шағын диалогта қаншама қасірет, қаншама шарасыздық тұнып тұр десеңші?
«Bek Air 2100, жел 040 градус, 05 оң жақ, ұшуға рұқсат беремін», – дейді диспетчер.
«05 оң жақ, 2100, күніңіз сәтті өтсін!» – деп жауап қатады ұшқыш.
«Жолыңыз болсын!» – деп қоштасады мұнара.
Сосын диспетчер бірнеше рет бортқа хабарласады:
«Bek Air 2100, Алматы-Мұнара»...
«Bek Air 2100, Алматы-Мұнара»...
«Bek Air 2100, Алматы-Айналыңыз»...
Экипаждан жауап болмаған соң диспетчер басқа лайнерлерге ескертеді.
«Astana 671, біз ұшағы қайда екенін білмейміз», – дейді.
Ал осы мезетте Fokker-100 ішіндегі жолаушылар дүрлігіп, үрей құшағында төмен қарай құлдилап бара жатқан. Апат кезінде ұшақта отырған Аслан Назарәлі Sputnik Қазақстан сайтына берген сұхбатында өмір мен өлім арпалысқан қас-қағым сәтті былай суреттейді:
«Кәдімгідей қайық сияқты ары-бері шайқалып, теңселіп кетті. Ұшақ селкілдей бастады. Мен өзім құлаққап тағып, телефонды қарап отырғанмын. Басында мән берген жоқпын. Ал ұшақтың сол жақ қанаты, одан кейін оң жақ қанаты қатты селкілдеп, артынан тырс еткен дыбыс шыққанда бір ақау барын түсіндім. Біреу ұшақты тартып қалғандай болды», – дейді куәгер.
Су ішерлігі бар екен, Аслан 15-қатарға билет алыпты. Өйткені негізінен 14-қатарға дейінгі бизнес-класта отырған жолаушылар зардап шеккен.
«Бәрі дүрлігіп кетті, балалар жылады. Біреу апаттық есікті ашты. Сөйтіп бәріміз содан шығуға ұмтылдық. Ұшақтың қанатымен түстік. Ол тайғақ болды. Бәріміз құлап, жығылып шықтық қой», – дейді Аслан Назарәлі.
Бір байқағанымыз, қазақты трагедия біріктіреді екен. Мәселен, Арыста әскери қоймалар жарылғанда жаны ашыған халық жаппай ақша жинағанын көргенбіз. Кешегі оқиға да ұлтты ұйыстыра түскендей. Гүлдала мен Әлмерек ауылының тұрғындары еш қайтарымсыз, ақ көңілмен, ізгі ниетпен, өз еркімен қол ұшын созды. Құтқарушыларға ыстық тамақ әзірледі, ұсақ-түйек шаруасына жүгіріп жүрді.
Қан тапсыруға да қарақұрым ел барыпты. Дәрігерлер бәрінен қан алып үлгермегендіктен, қан құрамы төртінші топқа жататын адамдарды ғана кезексіз кіргізген. Қалғанын соңыра қабылдаймыз деп кері қайтарған. Қалалық қан орталығының басшысы Дилявер Бекировтің хабарлауынша, кеше түске дейін шамамен 500-ге жуық тұрғын донор болуға ниет білдірген.
Алматы шаһары мен Алматы облысының медициналық ұйымдары жараланған жандарға жанұшыра көмектесті. Мертіккендер мен қаза тапқандардың отбасымен 40 психолог жұмыс істейді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов науқастардың жағдайын өз бақылауына алды.
«Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады» демекші, жалпақ жұрт жабыла жәрдемдесіп жатқанда кейбір әуе компаниялары билет құнын аспандатып жіберді. Bek Air-дің жұмысы тоқтаған соң бүлінгеннен бүлдіргі алуға тырысып баққан, ақшаға құныққан кәсіпкерлер қаралы күнде халықты қақтап саууға кірісіпті. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы шығар...
Дүниеде қара жер көтере алмайтын зілмауыр қайғыны қазақ көтереді. Бірақ көтереді екен деп көресіні көрсете беруге болмайды. Жауапты мекемелердің жауапсыздығына қашанғы көз жұмамыз?