Алматы маңындағы ұшақ апатынан қаза болғандардың туыстары мен достары, әріптестері әлеуметтік желілерде марқұмдар туралы естеліктерін жариялап жатыр. Азалы естеліктердің үзіндісін жариялауды жөн көрдік.
«Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров туралы шәкірті Талғат Қаналы былай дейді:
«Бүгін қайғылы әуе апатынан ұстазым, есімі үлкен әріппен жазуға лайық нағыз офицер Рүстем Есімханұлы қаза тапты. Әкем өмірден өткен соң маған әкемдей қамқор болып еді. Мен оның энергиясына таңғалатынмын, қаншама қала мен елдерде өтетін түрлі іс-шараларға ұшып жүретін. Рүстем ағамен көптеген тарихи маңызы бар шараларға бірге қатысу бақыты бұйырған тағдырыма ризамын. Ағаның арамыздан алыстап кеткенін ойлау қандай қиын. Иманды болсын».
Қазақстандағы Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша ұлттық жаттықтырушы Арман Исина туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі парақшасында жазды:
«Қазақстан медицинасы ауыр қайғыны басынан өткеруде. Әріптесіміз, акушер-гинеколог Арман Исина қаза тапты. Ол Қазақстандағы Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша ұлттық жаттықтырушы болатын. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарына созылмалы инфекциялық емес ауруға шалдыққан пациенттерді халықаралық талаптарға сәйкес емдеу тәсілдерін үйретіп жүрген еді. Арман Исина Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. Еліміздегі әртүрлі денсаулық сақтау ұйымдарында, атап айтқанда Денсаулық сақтау министрлігінде және халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеді. Бұл барлығымыз үшін, әсіресе әріптесіміздің отбасы үшін өте ауыр және орны толмас қайғы».
Кәсіпкер Бауыржан Қалиев (41 жас) туралы қарындасы Алинаның естелігі: «Менің ағам Бауыржан өте ақылды еді. Мектепті алтын медальмен, университетті дипломмен бітірді. ІІМ-де тергеуші болып істеді, кейін бизнеске кетті. Отбасылы, үш баласы бар. Бауыржан балаларының лайықты өмір сүргенін қалайтын. Мұндай жағдай болады деп кім ойлаған? Ол Нұр-Сұлтанға жұмыспен барып, кешке Алматыға оралуы тиіс еді...»
Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті Сәния Аманжол (21 жаста) туралы сыныптас құрбысы мынадай естелік қалдырыпты:
«Сәния ашық-жарқын адам болатын, достарын жақсы көрді. Оны бала кезден білемін, ол туралы ойлағанда, үнемі күліп жүретіні еске оралады. Соңғы уақытта құрбыларымен жиі саяхатқа шықты. Жоспары көп еді... Бақиға ерте аттанғанын қабылдау өте қиын».
Кәсіпкер Николай Асташовтың (49 жаста) компаниясы ақпараттық технологиялар саласына қызмет көрсеткен. Көпшілік оны балық спортының шебері ретінде жақсы біледі екен. «Ол балық аулағанды жақсы көретін, балықшылар бір-бірін жақсы таниды. Форумдарды әңгіме-дүкен құрады. Екеуміз бір балықшылар клубында мүше едік. Ол балық аулаудан өтетін ірі республикалық ресми жарыстарда үнемі жеңімпаз болып жүретін. Достары көп еді, шетелдік балықшы спортшылар жақсы танитын. Табиғатты өте жақсы көрді. Бос уақытын тауда, өзен-көлде өткізетін», – дейді досы Мәди.
Ұшақ апатынан көз жұмғандардын қатарында Informburo.kz порталының редакторы Дана Круглова да бар болып шықты.
«Ол нағыз журналист еді. Мақалалары үнемі талқыға түсіп, редакцияның бар қызметкеріне үлгі болып жүретін. Қаңтар айында шығарушы редактор болып, 1 желтоқсан күні журналистік зерттеу бөлімін басқарды. Ол адал, өжет әрі объективті еді. Бұл біз үшін орны толмас қаза», – деп жазды ақпараттық порталдың бас редактор Михаил Дорофеев.
Дана Круглова 1984 жылдың 8 сәуірінде дүниеге келген. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тамамдаған. Дана жаңа жылды Нұр-Сұлтандағы ата-анасымен қарсы алу үшін елордаға ұшқан.
34 жастағы Абай Нұрбеков электрик болып еңбек еткен. Көршісінің БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты бойынша, ол Арқалықтағы ата-анасына бару үшін отбасымен бірге ұшаққа отырған. Бұл оның соңғы сапары болды. Әйелі Нағима мен төрт баласы аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр.
Ұшақ капитаны Марат Мұратбаев (58 жас) 1961 жылы 7 наурызда дүниеге келген. ATPL № 000179 капитан куәлігінің жарамдылығы 2024 жыл 26 сәуірге дейін. Ол тірі қалғанда әуе кемесінде 2024 жылға дейін ұшушы еді. Сыныптасы Виталий Хеннің айтуынша, Марат мамандығын өте жақсы көрген. Ешкімге дөрекі сөйлеп көрмеген, жұмыста да, отбасында да абыройлы бола білген. Вице-премьер Роман Скляр да Марат Мұратбаевты тәжірибелі ұшқыш деп бағалады.
Бір нәрсе анық, естелік авторларының ешқайсысы да туыстарын әуежайда шығарып салып тұрып, азалы естелік жазамын деп ойламаған-ды. Трапқа табан іліктірген жақындары да бақи жаққа асыққан жоқ...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ