Алматы іргесіндегі ұшақ апаты орнынан түсірілген бейнежазбалардың бірінде кішкентай сәбиді бауырына қысқан полицейге ел назары ауды. Оның ақ күртешедегі баланы жедел жәрдем қызметіне жеткізуге асыққаны көрген жанның көзіне жас үйірмей қоймайды. Көп ұзамай полиция қызметкерінің есімі белгілі болды. Ол – Алматы қалалық полиция департаменті патруль полиция полкінің аға лейтенанты Жақсылық Сұлтанов.
«Жақын маңда жүрген едік, оқиға орнына тез жеттік. Әріптесім екеуміз бірнеше адамды сыртқа алып шықтық. Арасында марқұмдар да болды. Сосын бізге «үйдің арт жағын қараңдаршы, тағы адамдар болуы мүмкін» деді. Біз ол жақтан 30-35 жастағы әйелді таптық. Ол аяғы сынып, үнсіз жатыр екен. Кеудесінде кішкентай сәби жатты. Бірақ алғашында мен оның бала екенін білмедім. Білген соң әйелге «баланы алып, жедел жәрдемге берем» дедім. Ол көзін жұмып, келісімін берді. Баланы көтере бергенде ол жылап қоя берді. Бірақ жолда үні шықпай қалды. Мен оны дыбысын шығарса екен деп сілкідім. Сосын нәрестені жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдым», – дейді Жақсылық Сұлтанов ҚазАқпарт агенттігі тілшісіне берген сұхбатында.
Кейіннен ол сәбидің 9 айлық Әділжан Ғатиат екені белгілі болды. Бала ми жарақатымен ауруханаға түскен, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы бірқалыпты. Ал оның әкесі 27 жастағы Мақсұт Болатқанұлы бас жарақатымен шұғыл медициналық қызмет көрсету ауруханасына жатқызылды. Анасы 27 жастағы Айсұлу Ерқанатқызы кіші жамбастағы ұршық буынының соққысы, бел омыртқасының жарақаты диагнозымен түсті.
Бұдан бөлек бұл апатта 5 айлық және 8 айлық тағы екі нәресте жарақат алған. Шамамен 4-5 айлық нәрестенің аты – Асылым Ақболатқызы. Қыз баланың миы жарақаттанып, соққы алған. Сәбидің еңбегі ұрылып, сырылған. Дәрігерлер баланың жағдайын бірқалыпты ауыр деп бағалап отыр. Сәбидің ата-анасы Алматы облыстық көпсалалы ауруханасында жатыр. Анасы 28 жастағы Сәттігүл Үсенге жарақаттан кейінгі пневмоторакс диагнозы қойылған. Оң жақ жамбас сүйегі және оң жақтағы 9-шы қабырғасы сынған. Қазір жағдайы бірқалыпты. Асылымның әкесі 32 жастағы Даваа Ақболат ми жарақатымен ауруханаға түсті. Оның да жағдайын дәрігерлер бірқалыпты деп бағалап отыр.
Ұшақ апатынан 8 айлық Құралбай Дәмелі де зардап шекті. Бала қосарлы жарақатпен түскен, миы жарақат алған, шайқалған. Іші, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы ауыр. Оның әкесі – 39 жастағы Нұрлан Төлебаев №4 ауруханаға жабық ми жарақатымен түскен. Миы шайқалып, кеуде тұсы соғылған.