Қазақстан Үкіметі жаңа Экологиялық кодекстің жобасын мақұлдады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасы жеті негізгі қағидадан тұрады. Құжат 2030 жылға дейін қоршаған ортаның сапасын жақсартуға бағытталған жаңаша механизмді негізге ала отырып жасалған.
Министр Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында түсіндіргендей, Кодекс – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кірген елдердің тәжірибесін ескере отырып әзірленген құжат. Сонымен экологиялық жағдайды жақсартады делінген Экологиялық кодекстің жеті қағидасы қандай?
Бірінші қағида – «ластаушы төлейді және түзетеді». Яғни, мемлекет табиғатты пайдаланушыға экологиялық айыппұл төлеткенше, қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермейтін шаралар қолдануы керек. Бұдан бөлек, экологияға зиян келтірген ластаушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті.
Екінші қағида – қоршаған ортаға әсерді бағалауға (ҚОӘБ) жаңа тұрғыдан қарау. Осы қағидаға сәйкес, ҚОӘБ процедурасынан өту талабы өз үлесіне шығарылатын зиянды заттардың 80% келетін «бірінші санаттағы» 2,6 мың кәсіпорынға (бұрын мұндай талап 19 мың кәсіпорынға қолданылған еді) қатысты болады.
Үшінші қағида – экологиялық жағдайды жақсарту үшін қолжетімді технологиялар үздігін (ҚТҮ) енгізу қажет. ҚТҮ енгізген кәсіпорын эмиссия төлемінен босатылады. Ал ҚТҮ-ға көшпейтін болса, эмиссия көбейеді.
Төртінші қағида – кәсіпорынның эмиссия төлемдері 100% көлемінде экологиялық шараларға жұмсалатын болады. Айта кетейік, қолданыстағы заңнама қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдерден алынған қаражатты экологиялық шараларға жұмсауды талап етпейтін. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғауға 0-ден 400% -ға дейін, орташа есеппен 45% бөліп келген. Енді талап өзгереді. «Ең бастысы, бұл жүйені тек тыйым деп емес, ынталандыру тетігі ретінде түсіну керек», – деп атап өтті Мырзағалиев.
Бесінші қағида – зиянды заттардың шығарылуына мониторинг жасаудың автоматтандырылған жүйесін құру. «Экологиялық кодекс жобасында I-санаттағы нысандар үшін шығарылған және төгілген зиянды заттардың сандық және сапалық құрамы туралы уақытылы және анықталған ақпаратты алу мақсатында мәліметтерді өкілетті органға жіберетін өндірістік экологиялық мониторингтің міндетті түрде автоматтандырылуы қарастырылған», – деді министр.
Алыншы қағидада экологиялық бақылауды күшейту – Кәсіпкерлік кодекске халықтың өмір сүру жағдайына тікелей әсер ететін фактілерді тексеру тұрғысынан өзгерістер енгізу ұсынылды. Министр түсіндіргендей, алтыншы қағида қоршаған ортаға теріс әсер ету фактілеріне жедел ден қоюға бағытталған. Енді экологиялық құқықбұзушылық үшін әкімшілік айыппұлдар 10 есе артпақ.
Жетінші қағида – өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру. «Рұқсат етілмеген қоқыс полигондарының санын азайту мақсатында қалдықтарды өңдеумен және көмумен айналысатын кәсіпорындардың қызметін лицензиялау және қалдықтарды жинау ұйымдарын хабардар ету тәртібі енгізіледі», – деді Мырзағалиев.
Шынына келгенде, Қазақстанда Экологиялық Кодексті жаңартудың уақыты әлдеқашан келген. Өйткені еліміздің экологиялық ахуалы жылдан-жылға төмендеп, қоршаған ортаға әсері де анық байқала бастағаны жасырын емес. 2018 жылы экологиялық таза елдер рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 101-орында болған. Аталған рейтингті АҚШ-тың Йель университетінің жанындағы экологиялық саясат және құқық орталығы жасайды. Екі жылда бір рет жаңарып отыратын экологиялық тиімділік индексі 10 санат бойынша 22 көрсеткіш негізінде түзіледі. 180 мемлекеттің ішінде 101-орын алу аса қуантатын көрсеткіш емес. Себебі аталған рейтингте Ресей – 52, Беларусь – 44, Түркіменстан 38-орындарда тұр. Ал қырғыз ағайын бізден екі сатыға жоғарылап, 99-орынға тұрақтапты.
Осылайша, Қазақстанның шикізаттық бағыттағы экономикасы экологияның да сорына айналып отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 200 миллион текше метрге дейін қауіпті қалдықтар жинақталып қалған. Бұл көрсеткіш жалпы радиациялық жағдайға әсер етіп, халықтың денсаулығына қауіп төндіруі әбден мүмкін. Эколог мамандар республикадағы 118 карьер мен шахтаның аумағында 237 миллион тонна радиоактивті қалдықтар барын айтып дабыл қағуда. Мұнай ұңғымалары бұрғыланған жерлерде радиоактивті барий мен торий бар. Осыған қарамастан Қазақстанда әлі де радиоактивті қалдықтарды реттеудің нормативтік-құқықтық базасы жоқ. Қазіргі уақытта елде тұрмыстық қалдықтардың тек 2% ғана қайта өңделеді, қалғаны полигондарға жіберіледі. Еуропа мемлекеттерінде қалдықты өңдеу жолға қойылған, қатты қалдықтардың 38% ғана полигондарға жіберіліп, қалғаны қайта өңделіп шығады.
Дегенмен еліміздің экология мәселесімен тұтас бір министрлік айналысқалы бері қолға алынған жұмыстарды да айта кеткен жөн. Бүгінгі күні республикамызда тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін кешен саны 170-ке жеткен. Қалдықты кәдеге жарату 11,5%-ке ұлғайды. Елуге жуық қала мен аудан орталықтары және 27 ауылда қоқысты сұрыптау жүйесі енгізілген. Алайда бұл аз. Жылдар бойы тонналап үйілген тұрмыстық қалдықтың көзін жою немесе кәдеге жарату әзір мүмкін емес.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, ең ластанған қалалардың қатарына Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Риддер кіреді. Ауаға шығарындылар көлемі жөнінен (56%) Қарағанды мен Павлодар облыстары және Өскемен қаласы көш бастайды. Бұдан бөлек, Ақтөбе мен Атырау облыстарының өндірістік қалдықтар жөнінен өзіндік проблемалары жетерлік. Каспий теңізі және оған іргелес жатқан аумақтар экологиялық апат аймағына айналу қаупі де жоқ емес. Өйткені мұнайдың ластануы, Каспий теңізіндегі мұнай қабықшалары судың булану жылдамдығын бірнеше есе төмендетеді. ХХ ғасырдың басында Каспийдегі итбалықтар саны 1 миллионнан асса, қазіргі дереккөздерде олардың саны 200 мыңға еркін жетпейді. Одан бөлек, соңғы он жылда бекіре тұқымдас балықтар 40-50 есе азайып кеткен. Осылайша, еліміздің бірқатар аймақтарында тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын төмендететін, қауіпті аурулардың дамуына ықпал ететін күрделі экологиялық жағдай қалыптасуда.
Үкімет отырысында саладағы қордаланған мәселелермен күрес туралы баяндаған министр мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Биылғы 11 айда 2 мыңға жуық тексеріс болып, 4 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Ауаны ластайтын кәсіпорындардың жұмысын тоқтату туралы 337 материал сотқа жіберілген. Тексерістің нәтижесінде мемлекет пайдасына 12 млрд теңгеден астам қаржы өндіріліпті. Әйтсе де, айыппұл салу оңай, бүгінгі күні «ластанған ауаны қалай тазалаймыз?» деген мәселе туындауда. Бұл орайда министрлік өңірлерде жасыл белдеулерді көбейтуді ұсынып отыр. Сондай-ақ өрт немесе құрғақшылық салдарынан жойылып кеткен ормандарды қалыпқа келтіру жоспары бар. «Қазіргі таңда республикадағы орманды жерлер 4,7%-ті құрайды. 2030 жылға қарай көрсеткішті 5%-ке жеткізу – мақсатымыз. Биыл 174 мың гектар аумақта 628 орман өрті тіркелді. Ол өткен жылдан 2,2 есе аз. Осы 57 мың гектарға ағаш егілді. Проблема көп. Жаңа экологиялық кодекс жобасы Мәжілісте қабылданса, ауаны ластап, заңды бұзып отырғандарға талап күшейеді», – деді М.Мырзағалиев.
Сонымен бірге министр еліміздегі үлкен проблема – қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің төмен деңгейі (14%) туралы да мәлімдеді. Осыған байланысты министрлік қалдықтарды жағу нәтижесінде пайда болатын электр энергиясын сатуды көздейтін «Қалдықтарды энергияға дейін» тетігін енгізуді ұсынып отыр. Бұл механизм 2025 жылға қарай қалдықтардың көлемін 30% -ға дейін төмендетіп, жеке инвестицияларды тартады.