Атырау облысындағы біріктірілген газ-химиялық кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Атырау облысындағы біріктірілген газ-химиялық кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр
241
оқылды

Желтоқсан айының 20-шы жұл­дызында Біріктірілген газ-хи­мия­лық кешені (І кезең – полипро­пилен өндірісі) жобасының жүзеге асырылу деңгейі 51,73% құрады. Келесі жылдың аяғына дейін Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. ЖШС ком­паниясы жобаны 53%-ға аяқ­тауды көздеп отыр. Бұл көрсеткіш жобалау, жабдық пен материал­дарды жеткізу, құрылыс секілді жұмыстардан құралады.

Қазіргі уақытта жобалау мен құрылыс­тың жылдамдығын әрі сапасын арттыруға мүмкіндік беретін, сондай-ақ кәсіпорынды қолдануды оңтайландыратын зауыттың цифрлық 3D үлгісінің дайындығы толы­ғымен аяқталды.

Жобаны жүзеге асырудың қарқыны жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізу, еңбек және техникалық ресурс­тарды жұмылдыру арқылы қамтамасыз етілді. Жабдықты тасымалдау және жеткізу кестеге сәйкес іске асырылуда. Жалпы, жобаға 39 компания тартылды. Оның ішінде қазақстандық – 36, шетелдік – 3.

Айта кетейік, қарашаның аяғында құрылыс алаңына қазақстандық компания жасаған ректификациялық бағана (пропан/полипролиненнің сплиттері) жеткізілді. Бағананың салмағы 1 100 тонна (қызмет көрсету алаңдары және үйлестіру құрылғыларымен қоса алғанда 1 500 тонна), ұзындығы – 105 метр, диаметрі 8 метрден астам, ал көлемі – 5 132 м.

Жақын арада құрылыс алаңына сал­қындатқыш блок пен салмағы 248 тоннаны құрайтын екі трансформатор жеткізілуі тиіс. Бұған қоса, зауыттың аумағында тасы­малдау, темір жол және жүк тиеу-тү­сіру инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. ЖШС 2008 жылы құрылған болатын. Ол «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорындағы» компаниялар тобының құрамына кіреді. 2018 жылғы 28 маусымда «Самұрық-Қа­зына» қоры компанияны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ сенімгерлік басқаруға тапсырды. Зауыттың құрылысын 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жоба жылына жылына 500 мың тоннаға дейін поли­про­пиленді өндіруге мүмкіндік береді.

 

Серік ӘЛІМЖАНОВ,
Атырау