Соңғы жылдардағы ірі ұрлықтардың бірі Binance криптовалюта биржасында болды. Хакерлер 7 мың биткойн ұрлап, компанияға 41 млн доллар шығын келтірген. Бұл халықаралық ірі ойыншылардың да кибер шабуылдардан жеткілікті дәрежеде қорғалмағанын көрсетті. Ал Қазақстан бұл салада үлкен жетістіктерімен мақтана алмайтыны ақиқат. Яғни, мемлекеттік мекемелер мен отандық банктерде сақталатын ақпарат кез келген уақытта қолды болуы мүмкін. Біздің қорғаныс қабілетіміз қандай?
Жалпы Қазақстанда жаңа технологияның игіліктерін қолдануға сұраныс аса жоғары. Қабылданған жобалар аясында қолма-қол емес төлемдерден бастап мемлекеттік қызметтерді онлайн алу мүмкіндіктеріне дейін қолжетімді. Мысалы, бүгінде 723 қызметтің 580 түрін онлайн алуға болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» іске қосқан жобалары тұрғындардың уақытын үнемдеуге әсер еткені сөзсіз.
Алайда білмейтін жердің ой-шұқыры көп екені белгілі. «Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының» президенті Олжас Сатиев ай сайын түрлі деректердің жоғалып тұруы қалыпты жағдайға айналғанын айтады:
«Мысалы, бірнеше жыл бұрын Қорғаныс министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің, елорда әуежайының сайттары бұзылды. Ондай оқиға көп. Себебі хакерлер арасында «бұзылмайтын жүйе болмайды» деген ұғым бар. Іс жүзінде хакерлер Пентагонды да бұзып кіре алады», – деді ол.
Маманның сөзіне сенуге болады. Тарихта АҚШ Қорғаныс министрлігінің, НАСА-ның, халықаралық аударым жүйелерін бұзып кірген адамдар болған. Қазір де халықаралық БАҚ беттерінде түрлі елдерге жасалған кибершабуыл туралы жаңалықтар жиі көрініп жүр.
Цифрландырудың қарқынды жүруі нәтижесінде халық электронды коммерцияны белсенді пайдалана бастады. Ал онлайн қаржы айналымы хакерлердің ең сүйікті саласы. Мәселен, 2019 жылдың 11 айында қазақстандық ғаламтор қолданушыларға қатысты 7 мыңнан астам алаяқтық жасалған. Бұл туралы Криминалды полиция департаменті Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев хабарлады.
«Ғаламтордағы алаяқтықтың үлесі артып келеді. Бұл жаңа банк қызметтерінің шығуымен байланысты. Мысалы, он жыл бұрын онлайн банкинг, мобильді банкинг болмаған кезде мұндай қылмыстар да жоқ еді. ІТ технологияларды қарапайым азаматтармен қатар қылмыскерлер де қолданады. Сондықтан алаяқтықтың жаңа түрлері шығып жатыр», – деді ол.
Кибер қылмыскер дүниенің кез келген бұрышында отырып құрбандарын құрығына түсіруі мүмкін. Былтыр Ресейде біздің полицейлер 15 адамнан құралған қылмыстық топты ұстауы сөзімізге дәлел бола алады. Ресейлік қаскөйлерге отандастарымыз түрлі көлемде ақша аударып жіберген. Арасында 10-20 миллионға алданғандар да бар. Жақында HomeBank-ке де шабуыл жасалды. Хакерлер 1000 тұтынушының интернет-банкинг жүйесін бұзған. Бұл шабуылды түрік хакерлері ұйымдастырған.
Қазақстанға шетелдік қылмыскерлердің қызығуының бір себебі – кибер қорғаныс деңгейінің төмендігінде. Мемлекеттік органдар мен ірі корпорацияларда ғаламтордағы қауіпсіздікпен арнайы мамандар айналысса, жекелеген азаматтар бұл мәселемен бетпе-бет күресуге мәжбүр. Сондықтан ақпараттық технологияларды қолдану кезінде де сақтыққа аса мән беру керек екен. Криминалды полиция департаментінің Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев ғаламтор қолданушыларына жеке ақпараттарды қорғаудың жолын айтты.
«Бейтаныс сайттарға кіргенде, абай болу керек. Мәселен, шетелдік бір сайтқа әлеуметтік желі арқылы тіркелген соң құпия сөзіңізді ауыстыру артықтың етпейді. Өйткені қазір бар ақпаратты телефонда сақтаймыз ғой. Бәріміз WhatsApp арқылы жеке куәлігіміздің, банк картамыздың суретін жіберген шығармыз. Бұлай істеуге болмайды. Онлайн сауда жасау үшін осы ақпараттың өзі жеткілікті»,– дейді ол.
ҚК 190-бабы бойынша алаяқтарға аса жоғары мөлшерде зардап келтіргені үшін (4 мың АЕК) 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ұйымдасқан топпен жасалған қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бірақ бұл да кибер қылмыс санын азайта алмай тұр. Сондықтан жеке ақпараттарды әркім өзі қорғауы тиіс. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпаңыз.