Біз қаншамыз, қандаймыз?
Біз қаншамыз, қандаймыз?
352
оқылды
Бүгінде Қазақстанда үш миллион сегіз жүз мыңнан астам жас бар. Бұл жалпы халық санының 21 пайызы. Ал соңғы бір жыл ішінде Қазақстандағы қарт адамдардың саны 1,4 млн адамға жетіп, 4 пайызға өсті. Демографиядағы өзге­ріс егде адамдар санының тұрақты өсуімен де байланысты. 2014 жылы жасы 64-тен асқан жандардың қатары халық санының 6,8 пайызын құраса, 2018 жылы 7,5 пайызға жетті. Болжамға сәйкес, 2050 жылы бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін. БҰҰ-ның жас айырмашылығы шкаласында Қазақстан халқы қартайып бара жатқан елдердің қатарына жатады.

Осыған дейін қазақтардың отызыншы жылдардағы аштық­тан ең көп жапа шеккен ха­лық еке­нін айтып келдік. Ғалым­дар­­дың зерттеуі бойынша, 1926 жылы қазақтың саны өзбектен 10-15 пайызға көп болған. Тіп­ті, түркі халықтарының ішінде Осман империясынан кейін саны жағынан қазақ ұлты екін­ші орынды алатын. Белгілі демограф, мар­құм Мақаш Тәтімов аға­мыз­дың «Егер аштық бол­ма­ған­да, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…» деген өкініші де есімізде. Иә, сөйтіп Екінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылындағы қиындықтар қазаққа үлкен қасірет әкелді. Алайда тәуелсіздік бізді ғасырға со­зылған қиындықтардан құт­қар­ды емес пе? Онда неге азбыз? Жастарымыздың үлесі азайып, Қазақстан неге қартайып бара жатыр?

Бұған себеп көп. Оның ал­ғаш­­қысы – экологиялық ахуал. Бірде елордада бас қосқан таны­­мал ғалымдар мен қоғам қай­рат­керлері экологиялық пробле­ма­ларды ортаға салды. Олардың айтуынша, қазақтың көбеймеуіне экологияның бұзылып, қоршаған ортаның ластануы әсер етіп жатыр. Белгілі ақын Олжас Сүлей­менов ұрпағымыздың азаюына табиғаттың бұзылуы себеп деп, нақты мысал келтірді. «Қазақ халқы репрессиядан бөлек 40 жыл бойы Семей полигонының қасіретін шекті. Оның залалы әлі де сезіледі» деді ол. Оның үстіне, ұзақ уақыт үздіксіз мұнай мен жер қойнауынан қазбалы байлық өңдеуден де табиғат әбден ластанған. Мұның бәрі тұрғындар денсаулығына кері әсер етеді. Экологияның бұзылуынан қазір елімізде ұрпақ сүйе алмай жүрген жастар да, мүгедек болғандар да көп.

Ал қоғам қайраткері Аман­­гел­ді Айталы халықтың басым бөлігі осы қалыптасқан жағ­дай­ға келісетінін айта отырып: «Сон­дық­тан дер кезінде эко­ло­­гиялық мәдениет қалыптастырып, қолда­ғы барлық мүмкіндікті пайдалана білу маңызды» деді. Бұл – бір.

Екіншіден, бұрын әр қазақ­тың шаңырағында кемі 5-6 қара домалақтан дүниеге келген болса, бүгінде ондай отбасыларды сау­­­­сақ­пен санайтындай күйге жеттік. Денсаулық пен біз әңгіме еткен экологиялық жағдайды алға тартатындарды айтпағанның өзін­де, бұған әлеуметтік жағдай­дың қатты әсер етіп отырғанын аңғарамыз.

«Баламыз көп болса, оларды жеткізсек» деп, көбеюді мұрат тұтып қосылатын жастар азайды. Үйленбей жатып, отбасы іргесін сөгетін, жауапкершілігі аз ота­ға­­сылар көбейді. Баланы бі­рін­­­ші орынға қойып, тек со­ның жолында бәріне дайын ана­лар азайды. Мойындасақ та, мойындамасақ та қоғам шын­­дығы – осы. Өйткені дәл қазір ажы­расудан ТМД елдері ара­сын­да алғашқы ондықтамыз. Статистика комитетінің мәлі­метін­ше, былтыр Қазақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ кө­теріпті. Бұл 2017 жылмен са­лыс­тырғанда 5 мыңға аз. Кері­сінше, ажырасушылар көбей­ген. 2010 жылы 146 мың неке тір­келіп, 41 мыңдай отбасы ажы­­расса, былтыр 137 мыңға неке қиыл­ған, 55 мыңға жуық ша­ңы­рақ шай­қал­ған», – дейді әлеу­мет­танушы Ерлан Бошай.

Статистика комитетінің мәлі­­меті бойынша, бүгінде Қа­зақ­­стан халқы 18 миллион 581 мың 469 адам. 1989 жылғы ха­лық санағы бойынша елде 16 мил­­лион 200 мың адам болған, содан бергі 30 жылда 2 миллионға ғана көбейгенбіз. Жақында ғана Өзбекстан ақпарат құралдары ел халқының 33 миллион 724 мыңға жеткенін хабарлады.   

Сондай-ақ мамандар елдегі қартаю процесі еңбек нарығына, экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ алдағы онжылдықта әлеуметтік және зейнетақы тө­лем­­­дері бөлігінде мемлекеттік бюд­жетке салмақ салуы мүмкін екеніне де алаңдап отыр. Өйт­кені қазіргі ахуал осылай жал­ғаса берсе, Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығы да өседі де­ген болжам бар. Бұл жақсы үдеріс 2014 жылы өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 71,44 жыл болса, 2018 жылы 73,15 жасты көрсеткен. Сондай-ақ 2019-2050 жылдар аралығында әлеу­­меттік қолдау коэффициенті азайып, жасы 65-тен асқан 1 зей­нет­керге еңбекке жарамды 3,5 мың адамнан келеді екен.

 

Статистика комитетінің мәлі­­меті бойынша, бүгінде Қа­зақ­­стан халқы 18 миллион 581 мың 469 адам. 1989 жылғы ха­лық санағы бойынша елде 16 мил­­лион 200 мың адам болған, содан бергі 30 жылда 2 миллионға ғана көбейгенбіз. Жақында ғана Өзбекстан ақпарат құралдары ел халқының 33 миллион 724 мыңға жеткенін хабарлады. Ал біз көршімізге қарағанда жыл­дам қартайып барамыз. Өзбекстанда 1991 жылы халық саны 20 миллион болған. Содан бері 13 миллионға артыпты. Ал Қазақстандағы өсім осы уақыт ара­­лығында 2 миллион адам шамасында ғана. Оның ішінде 1 миллион адам шеттен көшіп келген отандастарымыз болса, демек, 28 жыл ішінде 1 миллион жанға ғана көбейген болып шығамыз. Дәл бүгінгі таңдағы табиғи өсім 1 пайыз шамасында. Яғни, жылына 185 мың адамға ғана көбейіп отырмыз.

«Демографиялық өсімнің жыл­­дан-жылға төмендеп келе жатқанын ескерсек, бұл алаң­дай­тын мәселе. Соңғы жылдары Қазақстанға көшіп келушілерге қарағанда, елді тастап кетіп жатқандар көбейді. Қазақстанда жағдай дұрыс болса, жұрт елден көшпес еді. Бұл да терең зерттеуді қажет ететін дүние.

Оның ішінде Солтүстік Қа­зақ­стан, Шығыс Қазақстан, Павло­­дар, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы ахуал алаңдатады. Ондағы халық саны көбеюдің орнына кеміп барады. Оның үстіне өңірдегі халық қатты қартаюда. Осы қарқын өзгермесе, біраз жылдан соң солтүстік облыс­­тардағы халық саны мүлде азайып кетуі ықтимал», – дейді әлеуметтанушы Ерлан Бошай.

Қазір көрші Ресей халқы да қартайып, жылдан-жылға халық саны кеміп келеді. Сондықтан олар шеттен көшіп келетіндерге үлкен үміт артып отыр. Оның қатарында Қазақстан да бар. Солтүстік облыстардағы жастар көрші Ресейде жоғары білім алғанды қалайтыны рас. Тіпті, олардың біразы болашағын Ресеймен байланыстырып, сонда қалып қойып жатады. Өйткені олар үшін жағдай жасалып отыр. Онда еңбекақы жоғары, балалы отбасыларға жоғары әлеуметтік көмек қарастырылған. Қазірдің өзінде Ресейде 100 мыңға тарта қазақ­стандық оқып жатыр. Өкі­ніш­­тісі сол, бұл сан жыл сайын артып барады.

Түйін:

 

Бұл мәселенің іргесін сөгетін жалғыз-ақ жол – көбею. Иә, біз көбеюдің жолын жан-жақты қа­­рас­­тыруымыз керек-ақ. Бала мем­­лекеттің басты байлығы десек, отбасы – сол баланың ба­­қыт­­ты мекені. 50-жылдары әр­бір жүзінші отбасы ажырасса, 80-жылдары – әрбір төртінші, ал 90-жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолы екі айырылатын болған. Сенат депутаты Динар Нө­ке­таева ажырасуға алаңдай келе, «Шаңырақтың шайқалуы, яғни ерлі-зайыптылардың ажы­­расуы – сол отбасы үшін ғана мораль­­дық зардап емес, ел демо­гра­фия­сы­на төнген қатер деп қабыл­да­нуы керек. Осы мәселенің заңды өлшемін, қоғамдық жауап­кер­ші­лігін нақты айқындау қажет деп есептейміз» деген болатын. Өзіміз демографияға дем сала алмай отырған қоғамда оған қауіп төн­­діретін мәселелердің шешімін Үкімет қолға алмаса, енді бір бес жылда кешігіп қалуымыз әбден мүмкін...