Қазақстанның экспорты құбылмалы болып тұр. 2019 жылдың сегіз айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 45 млрд 633,2 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 2018 жылға қарағанда 1,6%-ға азайып, 28 млрд 580 млн АҚШ доллары болса, импорт 7,9% көбейіп, 17 млрд 52 млн АҚШ долларына жетті.
Пайда көзі – экспорт
Шет мемлекеттерге Қазақстан сапалы өнімдерімен белгілі. Бүгінгі күні экспортталатын тауар түрі артып келеді. Шетелге өткізілетін өнімдер легін мұнай, астық, ет бастап тұр. Мысалы, астық экспорты бойынша негізгі өңірлер – Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары. Астықтың дәстүрлі нарықтары – Орталық Азия, Иран, Қытай және Ауғанстан. Ал Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстары Ауғанстан мен Орталық Азияға ұнды көбірек жіберсе, өсімдік майы негізінен Қытай, Ресей және Орталық Азияға Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан жеткізіледі. Қазақстан үшін маңызды нарық – Еуразия экономикалық одағы. Онда $490 млн-ға 1,2 млн тонна астық экспортталады. Қазақстанның келесі басымдық берілетін нарығы – Иранға $329 млн сомасына 1,8 млн тонна қазақстандық ауылшаруашылық өнімі экспортталады. Парсы шығанағы елдерінің нарығы да Қазақстан үшін қызығушылық тудырып отыр. Мәселен, БАӘ, САК, Бахрейн, Оман, Катар, Кувейтке 2018 жылы 4,5 млн тонна қазақстандық АӨК өнімдері экспортталған. Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы көп экспорт жасаған. Қазақстан Түркияға $113 млн сомасына 455 мың тонна АӨК өнімдерін жеткізеді. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары экспорт жөнелтуде белсенді.
Қазақстан Еуропа елдеріне $303 млн сомасына 900 мың тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімін экспорттайды.
Орталық Азияда біз Өзбекстанмен белсенді сауда жүргіземіз. Өткен жылы АӨК өнімдерінің экспорты $633 млн сомасына 3,9 млн тоннаны құрады. Осы орайда, Өзбекстанға экспорт бойынша көшбасшылардың – Түркістан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласының үлесі 78,1% құрайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, 2018 жылы Қазақстан 16 000 тоннаға жуық сиыр етін экспортқа шығарып, шеттен 15 000 тоннадан аса сиыр етін әкелген. Былтыр 60 тоннадан астам жылқы еті шетелге сатылса, екі жарым мың тоннаға жуық етті сырттан сатып алған. 3 800 тоннадан астам қой еті экспортқа шығарылып, 93 тоннадан астам ет шеттен әкелінген. Экспортқа екі мың тоннадан астам шошқа етін шығарып, бір мың тоннадан астам етті сырттан әкелген. Ал 190 мың тоннадан аса құс етін шетелден сатып алған Қазақстан экспортқа 8,5 мың тонна құс етін шығарған. 2018 жылы Қытайға 60 тонна қой етін сатқан.
2019 жылдың алғашқы үш айында 5,4 мың тоннадан астам сиыр еті экспортқа кетсе, 2 мың тоннадан артық ет шеттен сатып алынған. Сол сияқты екі мың тоннаға жуық құс етін экспортқа шығарып, 33 мың тоннаға жуық етті өзге елдерден сатып алған. Осы мерзім ішінде шетелге небәрі бір тонна жылқы еті сатылып, 169 тоннаға жуық жылқы еті Қазақстанға сырттан әкелінген. Сонымен бірге 604 тонна қой еті шетелге сатылып, 6 тоннадан аса қой еті сатып алынған. Шетелге 330 тоннаға жуық шошқа еті сатылып, сырт жақтан 64 тоннаға жуық ет әкелінген.
Қазақстаннан ет алатындар тізімінде Ресей, Армения, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Украина мен Қырғызстан бар. Ал Қазақстанға ет сататын мемлекеттер арасында Ресей, Украина, Беларусь, АҚШ және Уругвай аталады.
Бүгінгі таңда Қазақстан 119 елге 800-ге жуық өнім экспорттайды. Сонымен қатар еліміздің экспорт қоржыны жыл сайын орта есеппен 5-8 өнім топтарымен толықтырылады. Атап айтқанда, 2017 жылы экспорттық тауардың жаңа топтары автокөліктер, күн панельдері, газ қазандықтары, картридждер, рельстер және POS-терминалдар болды. 2018 жылы БАӘ нарығына балды өнеркәсіптік мөлшерде экспорттай бастады.
Мораторий зияны
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2019 жылғы 19 ақпандағы №89 «Қалпына келтірілген қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды, ірі қара малдың өңделмеген терісін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, қалпына келтірілген қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтар, ірі қара малдың өңделмеген терісін еліміздің аумағынан әкетуге 2 жыл мерзімге тыйым салу енгізілген еді.
Әрине, бұл тыйымның арқасында жергілікті кәсіпкерлерді қолдаймыз деген ой болғаны рас. Дегенмен мораторий таяқтың екі ұшы барын тағы да бір еске салды. Кәсіпорындардың өздері еліміздегі сойылған малдың терісін қабылдауға қауқарсыз болып шықты. Халыққа өткізген терісі үшін шетелдіктер сияқты дені дұрыс баға ұсына алмады. Әр өңірде тері қабылдайтын орын ашу ісі де жеткілікті деңгейде жолға қойылмады. Қытай зауыттары кесілген, тесілген терілерді жеңіл-желпі кемшілігіне қарамай қабылдай беретін болса, біздің кәсіпорындар қатал қарайды. Салдарынан бұрын сиыр терісі кемі 2-3 мың теңге тұрса, тыйымнан кейін 500-600 теңгеге түсіп кетті. Мораторийге дейін қолындағы бар ақшасына тонналап тері сатып алған кейбір кәсіпкерлер оны өткізетін жер таба алмай банкрот болды.
Мұндай жағдай қалпына келтірілген қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды қабылдау орындарында да қайталанды. Мысалы, газетіміздің №197 санында «Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында қағаз-картон қабылдайтын 6 мекеме бар. Бар болғанымен, олардың қай-қайсысы да тап қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. Тұрғындар мен мекеме-кәсіпорындардан жиналған 1 тоннаға жуық макулатура мекемелердің ауласында тау болып үйіліп жатыр. Қағаз қалдықтарын отандық зауыттарға жеткізудің шығыны шаш етектен. Ал Ресейдің қарға адым жердегі бес бірдей губерниясына шығаруға тыйым салынған» деп жазғанбыз. Бұл мәселе әлі де өзекті болып тұр.
Экспорт болашағы
Ұлттық экономика министрлігі 2018-2022 жылдарға арналған «Қазақстанның Ұлттық экспорт стратегиясын» түзді. Осы бағдарлама «Қазақстан–2050» стратегиясында белгіленген, атап айтқанда, шикізаттық емес экспорттың көлемін 2025 жылға қарай 2015 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайтуға бағытталған. Бағдарламаға экспортталып жатқан немесе экспорттауға ұсынылып отырған жеті саладан 116 тауар енгізілді. Шетелдік тұтынушыларға жол тартатын тауарлар ішінде тамақ өнеркәсібі тауарлары, минералдық және химиялық тыңайтқыштар, медицина бұйымдары, шыны бар. Перспективалық қызмет көрсетуге, экспорттық тұрғыдан алғанда көлік, туризм, қаржы және іскерлік қызмет көрсетулер, сондай-ақ білім, медицина, ғарыштық қызмет көрсету және ғарыштық жабдықты сынау жатады. Ал тауарды сату мен қызмет көрсетулердің перспективалық нарығы ретінде 27 ел анықталды: олар Ресей, Қытай, Беларусь, Үндістан, Иран, Қырғыз Республикасы, Түркия, Өзбекстан, Украина, Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан, Грузия, Латвия, Моңғолия, Нидерланд, Польша, Тәжікстан, Түркіменстан, Ұлыбритания, Германия, Италия, Финляндия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея, Жапония.
Өткен қантар-қараша айларында шикізаттық емес экспорт бойынша 300 миллион теңгеге 61 келісімшарт жасалған. Бұл, әрине жалпы табыс 28 млрд 580 млн АҚШ долларының бір проценті ғана. Ашығын айтқанда, бізді әлі күнге дейін бұл салада ілгерілеу болмай тұрғаны қынжылтады. Бұл біздің тек шикізатты сатып, дайын өнімдерді өткізумен ғана шектеліп келе жатқанымызды анғартады. Сонымен қатар алдағы уақытта шикізаттық емес экспортқа мән бере түсуіміз керегін білдіреді.
Иә, сауда-саттық арқылы еліміздің әлеуметтік жағдайы арта түсетіні анық. Бұл салада 2019 жыл табысты болды. Келер жылдан үміт мол.