23-27 желтоқсан аралығында Алматы қаласында биатлоннан Қазақстан чемпионаты өтті. Спортшылар спринт, аралас эстафета мен із кесу бойынша бақ сынады. Жылдың басты бәсекелерінің бірі «Алатау» спорт кешенінде бастау алды.
26 желтоқсан күні спринттен жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды. Әйелдер арасындағы сында Галина Вишневская үздік атанды. Күміс медальді Елизавета Бельченко еншіледі. Қола жүлде Анастасия Кондратьеваға бұйырды. Ерлер арасында Александр Мухин алтыннан алқа тақты. Владислав Витенко күміс, Роман Еремин қола медаль алды.
Ал Вишневская мен Бельченко әйелдер арасында із кесу бойынша өткен сайыстың көрігін қыздырды. Шығысқазақстандық спортшы Галина Вишневская өзіне қарсылас шақ келтірмеді. Вишневскаяның жерлесі Елизавета күміс жүлдеге ие болды. Қарағандылық Людмила Ахатова қолаға қол созды.
Із кесу бәсекесі бойынша ерлерден Ақмола облысының үміті Александр Мухин алтын медальді қанжығасына байлады. Шығыстан келген Владислав Витенко күміспен күптелсе, павлодарлық Антон Пантов қола жүлдені қанағат тұтты.
Алматы төрінде өткен спорт додасы қала жұртшылығына қуаныш сыйлады. Ауа райына қарамай қолдау білдірген жанкүйерлерге спортшылар да ризашылық білдірді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ