Алматы маңындағы әуе апатынан аман қалған жолаушы лайнердің бортында не болғанын айтып берді.
Алматы маңындағы әуе апатынан аман қалған жолаушы лайнердің бортында не болғанын айтып берді.
186
оқылды

Алматылық Евгений Кульгавый жолаушылар шұғыл әрекет ету қызметін күтпестен бір-біріне көмек көрсете бастағанын еске алады.

 Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында куәгер апаттың қалай орын алғанын айтып берді.

"Біз бес-он минутқа кешігіп ұштық. Менің ойымша, ұшақ өте ұзақ көтерілді. Жерден көтеріле бергенде күшті соққы болды. Ол ұшу жолағына немесе қандай да бір қоршауға соғылғандай сезілді. Біз жоғары көтерілдік те, қайтадан жерге соғылдық. Ұшақ тағы да жоғарыға көтеріліп, тағы да жерге соғылды.

Барлығы қорқып айқайлай бастады. Ұшақ қатты шайқалып кетті. Осы сәтте көршім екеуміз стюардтар мен стюардессалар үйреткендей бүрісе қалдық. Басымызды жауып, еңкейіп тіземізді құшақтадық. Бір кезде өте күшті соққы болды да ұшақ тоқтады.

Біз көршіміз белдіктерді тез шешіп,апатты есікті ашуға тырыстық. Бірақ ол ашылмады.

Сол кезде қарама-қарсы жақтағы қосалқы есік ашылды. Адамдар жанталасып сыртқа шыға бастады. Ұшақ өртенеді деп қорықтық.

Алдымен бәрі алысқа қаша бастады. Кейін ұшақ жанбайтынын түсініп қайта оралдық. Жаралыларға көмек көрсете бастадық. Біз келгенде бір стюард зардап шеккендерді сыртқа шығарып, алғашқы көмек көрсетіп жатыр екен. Басқамыз да содан көргенімізді істедік.

Ұшақ құлаған соң 15-20 минуттан кейін бір әйел әуежайға хабарласты. Ол жердегілер ұшақ апатқа ұшырағанын білмейді. Айтуларынша, ұшақ радардан жоғалып кеткен. Одан бұрын мен де жедел жәрдемге хабарласқам. Неге екені белгісіз, қоңырау облыстық ауруханаға түсті. Олар да ештеңе білмейді, шок болды.

Қысқасы, онда 20-30 минут не әуежай жақтан, не ТЖМ тарапынан ешқандай көмек болмады. Содан кейін ғана келді. Біз бірінші ұшақтан шығарып алған балаларды көлікке отырғыздық. Сол жерге зардап шеккен әйелдерді де кіргіздік. Олар балаларды қолдарына алып, осы машинада отырды", - деді ол.