Ел астанасында 752 оқушыдан коронавирус анықталды. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында да коронавирус инфекциясын жұқтырғандар бар. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның дерегінше, 2021 жылдың 1 ақпанындағы деректерге сәйкес, мектеп оқушылары арасында 752 коронавирус жағдайы тіркелді. Оның 56-сы кезекші сынып оқушылары, 596 жағдай қашықтан оқитын оқушылар арасында анықталды. Оқу жылы басталғаннан бері елордада 76 мектеп карантинге жабылды. Бүгінде оқушылардан коронавирус шығуына байланысты 21 мектеп оқуды қашықтан өткізіп жатыр», – деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер. Астанада оқитын студенттер арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 145-ке жеткен. Оның 32-сі колледждің, 113-і жоғары оқу орындарының студенттері. Оффлайн форматта білім алушылардың арасында 4 студенттен коронавирус анықталған. Оның екеуі Қазақ ұлттық өнер университеті мен Назарбаев университетінде, ал тағы екі студент политехникалық және көпбейінді колледждердің білім алушылары екен. Сархат Бейсенованың айтуынша, 2021 жылдың қаңтар айының басынан бері COVID-19 жұқтыру бойынша 3 763 жағдай тіркелді. Бір тәулікте 61 дерек тіркеліп отыр. Оның ішінде симптоммен – 44, симптомсыз – 17. Астаналықтар арасында ауырғандардың 24,5 пайызы – 30-39 жастағы адамдар. 50 және одан жоғары жастағы адамдар үлесі – 22,7 пайыз, 18-19 және 40-49 жастағы топтар – 16 пайыз, балалар – 16,7 пайыз. Жалпы, елордада 2020 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда ауру көрсеткіші 1,5 есе немесе 35 пайызға өскен.Т. МЫРЗА