«Таразға» жаңа бапкер келді

«Таразға» жаңа бапкер келді

Жамбылдық команданы енді Армения құрамасы мен қостанайлық «Тобылдың» бұрынғы бас бапкері Вардан Минасян жаттықтырады.

Бұл ақпаратты клуб басшысы Талғат Тұрлыбайұлы растап отыр.

– Вардан Минасянды күні кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа  таныстырып шықтық. Аймақ басшысы келісімін берді. Енді келісімшартқа қол қою жағын реттеп жатырмыз. Десе де команда Түркияға оқу-жаттығу жиынына аттанып кетті. Бас бапкер соңынан баратын болады. Былтырғы маусымды турнир кестесінде 8-орында аяқтадық. Биыл облыс әкімі бел ортадан төмендемеу туралы тапсырма беріп отыр. Осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз, – дейді клуб басшысы.

Естеріңізде болса, аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы биыл командадағы  легионердің санын 5-ден асырмау туралы тапсырма берген болатын. Әзірге «Тараз» клубында белорустық Валерий Каршакевич ғана тіркеліп тұр. Алайда Талғат Тұрлыбайұлының сөзіне сүйенсек, Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында 4 легионермен келісімшарт жасасу жоспарда бар екен. Ал қалған ойыншылар тек жамбылдың жігіттерінен іріктелмек.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы