Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Bek Air әуе компаниясы басшылығының БАҚ алдына шығудан бас тартуы дұрыс еместігін айтты, — деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Меніңше, олардың БАҚ алдына шықпауы дұрыс емес. Олар қаза тапқан жолаушылардың туыстарына қандай қолдау шараларының көрсетілетіндігін, зардап шеккендерге қандай көмек беретіндіктерін түсіндіруі қажет», — деді ол.
Сонымен қатар, вице-премьер аталған әуе компаниясының рейстеріне сатып алынған билеттердің қайтарылғанын айтып өтті.
«10 қаңтарға дейінгі аралыққа әуе компаниясы шамамен 19 мың билет сатқан. Қазірдің өзінде 9 мыңға жуық билет қайта тапсырылды немесе өзге әуе компанияларының рейстеріне қайта брондалды. Осынау қиын жағдайда қажетті көмек көрсетуге шешім қабылдаған Kazakh Air, Scat, Air Astana әуе компанияларына ризашылығымды айтамын.
Сондай-ақ Қазақстан темір жолы басшылығына осындай жағдайда жолаушыларға барынша көмек көрсету үшін қосымша пойыз ұйымдастырғанына алғыс айтамын», — деді Роман Скляр.