Қостанай облыстық Полиция департаменті бірнеше жерге бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан адамды іздестіріп жатыр.
Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, полицейлер жарылғыш зат жайында жалған хабарлама таратқан күдіктіге іздеу салған. Олар хабарламаның рас-өтірігіне назар аудармастан, облыс орталығындағы ең ірі «Март», «Қостанай Плаза» сауда орталықтарында жүрген 2 300-ден астам адамды эвакуациялаған. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі, төтенше жағдай қызметі жеткенімен, сауда орталығынан «бомба» табылмаған. Күдікті мұнымен тоқтамай, бір күн өткен соң полицияға қоңырау шалып, құрылыс дүкеніне бомба қойылғанын хабарлаған. Содан құрылыс материалдарын сататын ірі сауда орталығынан 87 адам қауіпсіз аймаққа эвакуациялаған. Бұл жолы да сауда ғимаратынан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Жалған ақпарат таратудың үшінші жағдайы кеше тіркелді. Полиция департаментіне автовокзал аумағына жарылғыш заттың қойылғаны хабарланған. «Арнайы мамандар ғимаратты түгел тексеріп шықты. Ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Автовокзалдан 40 адам эвакуацияланды. Қазір осы оқиғаға қатысты тексеру-іздестіру шарасы жүріп жатыр. Полиция мен тұрғындарды бірнеше күн дүрліктіріп қойған жалған ақпаратты бір адам таратып отыруы мүмкін. Күдікті жоғары технологиялық құрылғыларды пайдаланған. Іздеу шараларына тәжірибелі мамандар жұмылдырылды», – деді облыстық Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Сембин.Айбике ЖАНАСЫ