Мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, таяуда ғана өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Айза Мамбекованы Жаңа жыл қарсаңында әңгімеге тартқан едік.
– Айза, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атандың. Жеңісің құтты болсын!
– Құттықтау сөздеріңіз үшін көп рақмет! Бұдан бұрын бірнеше рет Қазақстан чемпионатында күміс жүлдеге ие болғанмын. Осы жылы Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізгеніме өте қуаныштымын.
– Мәнерлеп сырғанау – ең қауіпті спорт түрінің бірі. Түрлі жарақат алып қалатын кез де болады. Басқасын айтпағанда, былтыр Пхенчханда өткен Олимпиадаға барар алдында да аяғыңды сындырып алғаныңды білеміз. Қиналған кезде өзіңді қалай қайрайсың?
– Мен үшін ең маңыздысы – ешқашан қолды түсірмеу, кері шегінбеу. Бүгін қиын болса да, көңіл күйің нашар болса да, ештеңеге қарамай жаттығу жасау керек. Қолайсыз жағдайлар қалады, ал жұмыстың жемісі әрқашан көрініп тұрады. Сол кезде өз-өзіңе риза боласың.
– Кейінгі жылдары жақсы жетістіктеріңмен елімізде танымал спортшы болып үлгердің. Өз елімізде де, шет мемлекетте де түрлі сайыстарға қатысып жүрсің. Өз жанкүйерлеріңнің алдында өнер көрсету жігерлендіре ме, әлде жауапкершілікті арттыра түсе ме?
– Өзімді танымал спортшы деп санамаймын. Бірақ далада, ойын-сауық кешендерінде көпшілік танығанда қуанамын. Халықаралық сайыстарда мен үшін арнайы келген отандастарды, жанкүйерлерді көбірек кездестіретін болдым. Ол мен үшін, әрине жауапкершілік сезімін арттырады, көңілімді көтеріп, жігерлендіре түседі. Ондайда барымды салуға тырысам.
– Cені мұзайдынына жетелеп әкелген әкең Евфрат Бағдатұлы. Қазақша әуенге би қою идеясы да сол кісінің бастамасы екенінен хабарымыз бар. Алдағы уақытта қазақша қандай әуендерге би қоюды ойластырып жүрсің?
– Иә, әкем екеуміз әр жарыс маусымының алдында музыка таңдай бастаймыз. Бұл өте ұзақ әрі жауапты кезең. Түпкі нәтижеге келгенше бірталай нұсқаларын ауыстырамыз. Әзірше келесі маусымға әуенді таңдаған жоқпыз. Оның уақыты келеді. Құдайға шүкір, қазақтың фольклоры өте бай, барлығы да сондай әдемі күйлер.
– Денис Тен көзі тірісінде мәнерлеп сырғанаудан тағы бір мақтанышымыз Элизавет Тұрсынбаева екеуіңе қамқорлық танытып жүрген. Бүгінде Лиза екеуіңе жауапкершілік бұрынғыдан да арта түскендей...
– Иә, марқұм Денис Лиза екеумізбен әрқашан да өте жақсы қарым-қатынас жасады. Бір мұзға шығып, 2017 жылы Алматы Аренада өткен Универсиада кезінде, кейін Корея Олимпиадасының алдында да бірге жаттыққан кезеңдер есімде. Денис – өте ашық, ақкөңіл, ақылды, сөз тапқыш және елінің нағыз патриоты болды. Жаттығу кезінде қасыма келіп сырғанау жайлы ақыл-кеңесін беретін.
Осы жылы Дениске бағышталған тұңғыш Мемориал сайысы өтті. Сол жарысқа қатыстық. Отандық сырғанаушылар жақсы нәтиже көрсеткен сияқты. Басқа елдерден келген сырғанаушылардың, бапкерлер мен төрешілердің де жарыста барлығына көңілі толды деп естідім. Жарыстан кейін өзге елдерден келген мәнерлеп сырғанаушы қыздардың «Алматыдан кеткіміз келмейді» дегенін естіп, көңілім марқайды. Олар Медеуге, Көктөбеге барып, ұлттық тағамдарымыздан ауыз тиіп үлгерген екен. Денистің Мемориал сайысы дәстүрлі түрде өтіп тұрады деген ойдамын. Бұл – Денисті есте сақтауға және шетелдіктер алдында өз елімізді танытуға үлкен мүмкіндік.
– Универсиада, Азияда, Олимпиада сен үшін үлкен мектеп болды. 2022 жылы өтетін Бейжің Олимпиадасына қатысу жоспарыңда бар ма? Таяу мерзімде қандай жарыстар күтіп тұр?
– Әрине, Қытайда өткелі жатқан Олимпиадаға қатысқым келеді. Алда көптеген жұмыс күтіп тұр. Қазір келер жылдың қаңтар айының басында Польшаның Торунь қаласында өтетін Mentor Toruń Cup-2020-ға дайындалып жүрмін. Сайыстағы негізгі мақсатым – ақпанның ортасында Кореяда өтетін төрт құрлық чемпионатына ұпай жинау.
– Қазақстандықтарға жаңажылдық тілегіңді жеткізсең.
– Барша қауымға зор денсаулық, мол бақыт, күш-жігер мен керемет көңіл күй тілеймін. Спортшыларға жаңа табыстар мен жеңістер әкелсін! Көк Туымыз әрқашан биікте желбіресін!
– Өзіңе де сәттілік серік болсын!
Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ