«Айқын» - рейтинг
«Айқын» - рейтинг
257
оқылды

Биыл елдің мәдени өмі­рінде айрықша оқиғалар болды. Мә­дениет пен өнер­дің, спорт пен кино­ның елдің дамуына қосар үлесі зор. Сондықтан 2019 жыл Нью-Йорк қазақша ән шырқап, жапондар көк Туды ұстаған жыл ретінде есте қалды. Ән қоржы­ны­мыз есті әндермен толы­ғып, әлем қазақ спортының дамып жатқанына куә болды. Кине­ма­тографияға келсек, «Томирис» тарихи фильмі мен бірқатар туын­ды жарық көрді. Алғаш рет балалар «Еврови­дение­сі­нен» жүлделі орын алдық. Димаш Әміреден кейінгі қазақтың үні екенін, Ержан дауысымен ел мен жердің арасында алтын кө­пір са­луға боларын дәлелдеді. Биыл спортта Бекзат Нұр­дәу­летов жарқ етті. Тәуел­сіз елдің ұланы Ла Круздай ерге төтеп бе­ре алатынын дәлелдедік. Ел­дос Сметов болып талай сын­да топ жар­дық. Өнер мен қазақ­тың рухы үйлесім табаты­нын, спорт­ты серік еткен көшпелі елдің жігері жа­сымайтынын көрсеттік.

2019 жыл қазақ спорты үшін табысты болды. Әлемдік додада айбарымызды көрсетіп, бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдедік. Бокстан әлем чемпиона­тында әр қарсыласты бағалау қажетін еске салдық. Бекзат Нұрдәулетов тә­різді боксшымыз төрткүл дүниеде жас пен тактиканың әлі де үс­тем­дік құратынын дәлелдеді. Рух пен жүректің, айбын мен жігердің бокс­тан 4 дүркін Әлем чем­пио­нын құлата алатынын көрсетті. Сөйтіп, рейтингіміздегі «Жыл спорт­шысы» атағын еншіледі.

Элизабет Тұрсынбаеваны «Жылдың үздік спортшы қызы» дегенді жөн көр­дік. Өйткені талантты мәнерлеп сыр­ғанаушы биыл тарихтағы ресми жарыста төрт сальхов секірген алғашқы ару атанды. Тутберидзе шәкірті Сай­тамада өткен әлем чемпио­натында, Анахаймда төрт конти­ненттің басын қосқан бә­секеде және Красноярскіде өткен Уни­версиадада күміс медальге ие болды. 2019 жыл Тұрсынбаеваға табысты жыл болғаны сөзсіз.

Элизабет.jpg

«Жыл жүлдесін» алған Юлия Га­лышева түзілімнің 3-сатысына жай­ғасты. Галышеваның Пчен­чхан қысқы Олимпиадасында құраманы алға сүй­регені есте болар. Биыл да талантты спортшы үшін жемісті жыл болды. Галы­шева АҚШ-та фристайлдан өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Фристайлшының бұл әлем чемпионатындағы алғашқы алтыны. Қазақстан спорт тари­хындағы ерекше жүлде рейтингке орналасуға ықпал етті.

Ал Елдос Сметов дзюдодан өткен әлем чемпионатында ел қоржынына қола медаль салды. Сметовке Будапеште өткен Гран-при сайысында алтын ме­даль бұйырды. Қандай жағдай бол­ма­сын соңына дейін барын сала­тынын, дзю­додан әлемнің үздік спортшыларының қатарында екенін көрсетті.

Күрес түр­лерінен Нұр-Сұл­тан қала­сында өткен әлем чем­пио­натында Әлі­шер Ерғали жасындай жарқ етті. 97 келі салмақта күрескен ол олимпиадаға жол­дама алып, «Жыл жаңалығы» атан­ды. 20 жастағы Әлішер еркін күресте еркін елдің баласы барын сала белде­сетінін дәлелдеді.

Әлішер Ерғали.jpg

«Жылдың ең жас спорт­шысы» – Әбіл­мансұр Батырғали. 17 жас­та­ғы спортшы Чилиде өт­кен ка­ратэден жастар ара­сындағы әлем чемпионатынан алтын медаль алды. «Жыл командасы» атанған «Сарыарқа» Жоғарғы Хоккей лигасын сәтсіз бастады. Бірін­ші­лікте 3 бапкер ауыстырып, лиганы 10-орынмен аяқта­ды. Алайда «Петров» кубогында сце­на­рий өзгерді. Спорт сарапшы­лары тур­нир басталарда «Сарыар­қаны» аут­сайдер қатарына қос­қан. Бірақ олар командалық ойын өрнегін көрсетіп, жеңімпаз болды.

1. «Жыл спортшысы» – Бекзат Нұрдәулетов

2. «Жылдың үздік спортшы қызы» – Элизабет Тұрсынбаева

3. «Жыл жүлдесі» – Юлия Галышева

4. «Жыл жігері» – Елдос Сметов

5. «Жыл жаңалығы» – Әлішер Ерғали

6. «Жылдың ең жас спортшысы» – Әбілмансұр Батырғали

7. «Жыл командасы» – «Сарыарқа» хоккей командасы



Ақан Сатаев түсірген «Томи­рис» фильмі рейтингте «Жыл ки­носы» ата­лы­мына ие болды. Та­рихи негізде түсі­рілген фильм­ді көрермен жылы қа­былдады.

Актерлік құрамды таңдау мен түсі­рілім жұмыстарына ерекше мән берген Ақан Сатаевты «Жыл режиссері» деге­німіз жөн болар. Туындыны әр қырынан бақылап, соғыс бейнеленген кадрға ба­йып­пен қарағаны байқалып тұр.

Ал көрерменге рух беріп, жі­герді жа­ныған кинокартина – «Қазақ хан­дығы. Алтын тақ». Сондықтан Рүстем Әбдіраш таспалаған туынды «Жыл ру­хы» атанды. Тақ пен тағ­дыр­дың, хан жолының, қазақ тарихының бейнесін көрсет­кен фильмге жоғары баға берілді. Актерлік құрамның шеберлігі, сцена­рийдің құ­рылымы үйлескен көркем фильм көптің көңілінен шықты.

Елімізде комедия жан­рында түсіріл­ген кино көп. Про­каттағы қазақ кино­ла­рының көп бөлігін коме­дия жанрын­дағы фильм­дер құрайды. Сондықтан біреуін таңдау қиынға соқ­ты. Бірінің берерінен күл­діргі тұсы көп болса, екін­ші фильмнің мәнін ұқпай жат­тық. Десе де, прокатқа шық­қанына көп уақыт бол­маса да, «Ва банк» ко­медиясы мис­сиясын орын­дады. Әзілдің астарында зіл барын, күлкі де ой саларын мо­йын­датты. Құралай Әнуарбе­ко­ваның про­дюсерлігімен жарық­қа шыққан кезекті туынды ныса­насын дәл көздеді.

Алтын тақ.JPG

Рейтингтің «Жыл сценарийі» ата­лымын «Айна» фильміне бе­руді ұйғар­дық. Сценарийдің ұтым­ды тұсы көрер­менге әр нәр­сенің себебі бар екенін түсіндіре алуында. Қоғамның шынайы бейнесін айна қатесіз сурет­теуінде. Фильм сценарийі Денис Теннің өліміне себепші болған айна біреудің өміріне қажет екені, күйбең тіршіліктің қамы қайғылы жағдайға себеп бола­тынын түсіндірді.

Үздік продюсерге келсек, Нұрлан Қоянбаев бірнеше жыл қатарынан сәтті еңбек етіп ке­леді. Оның бастамасымен шық­қан фильмдер прокатта «сар­саңға» түскен емес. Көрермені бар, ойы бар, Қоянбаев сияқты «Жыл продюсері» бар фильмнің сүрінбесі анық.

Әрине, рейтингте «Жыл ба­лалар фильміне» де орын бар. Талғамға талас жоқ. Биыл бала­лар мен жасөспірімдер «Кани­кулы OFF-line» картинасын қызыға тамашалады. Ауылдағы лагерь өмірін комедияға арқау еткен фильм касса жинай алды. Та­лантты балаларды елге таны­тып, біразының жұлдызын жақты.


1. «Жыл киносы» – «Томирис»

2. «Жыл рухы» – «Қазақ хандығы. Алтын тақ»

3. «Жыл комедиясы» – «Ва банк»

4. «Жыл сценарийі» – «Айна» фильмі

5. «Жыл режиссері» – Ақан Сатаев

6. «Жыл продюсері» – Нұрлан Қоян­баев

7. «Жыл балалар фильмі» – «Кани­кулы OFF-line» 



«Айқын» рейтингіндегі «Жыл ән­шісі» аталымы Димаш Құдай­бергенге бұйырды. Биыл Димаш үшін жыл ста­дион толы концерт­пен басталып, Нью-Йорктегі ерекше шоумен аяқталды. «Ар­нау» деп ат береген ән-керуен әлем­ді шарлап жүр. «Айқын» газеті мен қалың қазақ Димаш­тың көмейіндегі үн мен кө­кірегіндегі күй тоқтамағанын қалайды.

«Жыл үміті» атанған Ержан Максим балалар «Евровиде­ние­сінде» бақ сынап, ел тарихындағы тұңғыш жүлдені алды. Қазылар алқасы жас таланттың қабі­летін жоғары бағалап 1-орын берге­німен, көрермен дауысы нәти­жесінде жарысты 2-орынмен аяқтады. Десе де, Ержан талғамы мен талантының арқа­сында көптің қошеметіне ие болды.

Шымкенттік Назима, сөзсіз, «Жыл­дың ән-елшісі». Black Star құрамындағы қазақ қызы рэп оқумен қатар, милизмге толы ли­рикалық әндерімен әйгілі. Оған Ресейдің атақты әншісі Валерия­мен айтқан дуэті дәлел. Назима биыл алыс-жақын шетелдерге концерт беріп қайт­ты. Елге келді, түрлі шараға қатысты, Ре­сейдегі маңызды кештерде өнер көр­сетті. Ал Данэлия Тулешова рейтингте «Жыл жаңғырығы» аталымына иелік етті. Жас әнші 2019 жылы Халықаралық Еуразиялық жүл­де­ге ие болды. Клип түсіріп, фильм саундтрегін орындады. Ол орын­даған танымал Stone Gold әні YouTobe-те 45 мил­лион­нан астам қаралым жинады.

Назима.jpg

YouTobe демекші, Ерке Есма­ханның «Қайда» әніне түсірген клипін серверде 103 миллионнан астам адам тамаша­лаған. Ән­шінің биыл шығарған «1001 күн» әні Ақ­төбелік полицей Шалқар Құ­дай­бергеновке арналды. По­лицей суға секірмек болған жас қызды құтқару үшін өмірін құр­бан етті. Артынша Құдайбер­ге­новтің биыл шаңырақ көтермек болғаны, сү­йік­тісінің бар екені мәлім болды. Елге танымал Ерке ержүрек по­лицей мен сүйікті­сінің махаббат хикаясын арқау етіп, ән жазды­рып, клип түсірді.

«Жыл жаңалығы» атанған Әділхан Макин «Славян базары 2019» байқа­уында топ жарды. Ол Витебск қаласында өткен сында Игорь Николаевтың «Озеро на­деж­ды» әнін орындады. Ән орын­дау мәнеріне, болмысына тәнті болған төрешілер Әділханға 178 балл қойды. Әлемнің 16 елі­нен кел­ген үздік­тер бақ сынаған бай­қау­да отандасымыз Гран-при иеленді.

2019 жылы мөлдір сезім мен сағы­нышқа толы «Сүйікті етші» әнін есті­ме­ген тыңдарман жоқ шығар. Әні мен әуені үйлесім тапқан композицияны Мейрам­бек Беспаев пен Қанат Үмбетов орындайды. Жыл ринтгонына айналған әнді жүрекке жеткізген қос әншіге рей­тингтен «Жыл дуэті» аталымын бердік.


1. «Жыл әншісі» – Димаш Құ­дай­берген

2.  «Жыл үміті» – Ержан Максим

3. «Жыл ән-елшісі» – Назима

4. «Жыл жаңғырығы» – Данэлия Тулешова

5. «Жыл жұлдызы» – Ерке Есмахан

6.  «Жыл жаңалығы» – Әділхан Макин

7. «Жыл дуэті» – Мейрамбек Беспаев пен Қанат Үмбетов («Сүйікті етші») 



«Айқын» газеті Дәурен Серғазиннің сомдаған рөл­дері мен актерлік шебер­лігіне тәнті болды. Сон­дық­тан оған «Жыл актеры» атағын берді. Талантты актер 2019 жылы екі бірдей фильмде басты рөлді сом­дады. Серғазин биыл «Брат или брак 2» мен «Қазбат» көркем фильміне түсті. Екі түрлі жанрда ойнап әрі рөлін көрерменге жеткізе алғаны Дәуреннің жыл үздігі еке­нінің айғағы.

Ал «Жыл актрисасы» жә­не «Жыл жа­ңалығы» ата­лымын Альмира Тұр­сынға беруді ұйғардық. Өйткені психо­логтан актриса шыға­ру оңай емес. Ал жо­лын жаңа бастаған актрисаның То­мирис бейнесіне ене алуы тіпті керемет. Альмира Тұрсын Томирис тағдырын көзімен, ханшаның алған бетінен қайт­пайтын жігерін болмысымен үйлестірді. Киген киімі де, жүріс-тұрысы да, өктем естілген дауысы да Тұмар ханымның образын ашты.

Рейтингтегі «Жыл театр актеры» ата­лымы Қ.Қуа­ныш­баев театрының актері Нұрлан Өтеуіловке бұйыр­ды. Біраз рөлімен елге та­нымал дарынды актер биыл «Абай» спектаклінде ақын образына жаңа тыныс берді.

нуркен.jpg

Ал Назгүл Қарабалина «Жыл театр актрисасы» атан­ды. «Анна Каренина», «Фариза» және тағы басқа қойылымда басты рөлді сомадаған актриса өз ісінің шебері екенін көрсетті. Қа­рабалинаның ызаға, өкініш­ке толы жанары Анна Ка­ренинаны, жігерлі дауысы мен таланты Фаризаны дү­ниеге әкелуге көмегі тиді. Алматыда, Нұр-Сұлтанда және Мәс­кеуде қойылған «Фариза» спектаклі та­лайды тәнті етіп, көрерменнен жо­ғары бағасын алды.

Сондай-ақ жоғарыдағы «Қазақ хан­дығы. Алтын тақ» және «Каникулы OFF-line» фильміне түсіп, басты рөлді сомдаған Мейірғат Амангел­дин «Жыл­дың үздік жас актеры» атанды. Өзіне сене­тін және өз рөліне сендіре ала­тын талантты жас актер­лерді көргенде сүй­сінесің. Қа­зақ кинемато­гра­фиясы­ның ертеңіне үмітпен қарай­сың. Мейірғат Амангелдин өзін театрда, драмада, та­рихи кино мен комедияда сынап жүрген дарынды жас.


1. «Жыл актері» – Дәурен Серғазин

2. «Жыл актрисасы» – Альмира Тұрсын

3. «Жыл театр актеры» – Нұркен Өтеуілов

4. «Жыл театр актрисасы» – Назгүл Қарабалина

5. «Жыл жаңалығы» – Альмира Тұрсын



Айзат АЙДАРҚЫЗЫ