2019: ішкі саясат
2019: ішкі саясат
289
оқылды

Биыл Қазақстанның сая­си жүйесінде маңыз­­ды оқи­ға аз болмады. Алғаш рет билік транзиті жүзеге асып, екінші Президент Ақор­даға келді. Ұлттық кеңес құрылып, бейресми қоз­ға­лыс­тар көбейді. Пре­зи­дент сайлауы өтіп, тұң­ғыш әйел кандидат тір­кел­ді. Қысқасы, бұл жыл бұ­рын­­­­ғы­сынан өзгерек. Ен­де­­ше өтіп бара жатқан 2019 жыл­ғы саяси жылдан не түйдік, не үйрендік?

Билік транзиті. Биыл 19 нау­­­­рызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президент қыз­ме­­тіндегі уәкілеттігін тоқтатуы – жұрт күтпеген оқиға болды. Се­бе­бі қызмет мерзімі заң бойынша 2020 жылдың соңында аяқталуы керек еді. Дегенмен Н.Назарбаев мем­ле­кет басшылығын қалдырып, ел тұтқасын Ата заңға сәйкес Се­­нат төрағасы Қасым-Жомарт То­­қаевқа ұстатуды жөн санады. Мұны тарихи шешім деуге негіз бар. Себебі Н.Назарбаев Қазақ КСР-нің басшылығына 1989 жы­­лы келгенін ескерсек, билік ба­­сында 30 жыл отырған екен. Ке­­зінде Ресейде Б.Ельцин де өз ер­­кімен орынтағын В.Путинге бо­­сатқан еді. Ұқсас сценарий де­­мес­ек те, ортақ аналогия бар се­­кілді.

Бұл тек мемлекет бас­шы­сы­ның өзгеруі емес, бір дәуірдің ауысуы деуге болады. Өйткені Ел­басының Қазақстанға сіңірген еңбегі аз емес екені мәлім. Алайда Н.Назарбаев саяси, қоғамдық өмірден біржола кеткен жоқ. Қа­зақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті мәрте­бе­­сімен қоса Қазақстан хал­қы Ас­самб­леясының, Nur Otan пар­тия­сының, Қауіпсіз­дік Кеңес­тің төрағасы, Конс­ти­­туция­лық Кеңестің мүшесі қыз­мет­терінде қалды. Жыл бойы түрлі шараларға қатысып, лауазымды кісілерді қабылдап, қоғаммен бірге болды. Қазақстан тарихында екінші Президент атанған Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдау барысында Елбасының жолын жалғастыратынын мәлімдеді. Көп өтпей Үкімет төрағасы мен оның мүшелерін жеке-жеке қа­был­дап, ел басқару процесіне кі­рісіп кетті. Аймаққа алғашқы са­парын Түркістаннан бастады.

Президент сайлауы. Қыз­ме­тіне кіріскен жаңа Мемлекет басшысы 9 сәуір күні кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Саяси до­да 9 маусымға белгіленді. 1991 жыл­ғы сайлауды ескерсек, бұл ел тарихындағы 6-шы президент сайлауы болатын. Осы жолы өзіндік ерекшелік аз болмады. Алғаш рет президенттікке әйел адам үміткер ретінде тіркелді. Ол – «Ақ жол» партиясының мү­шесі, Мәжіліс депутаты Дә­ния Еспаева. Коммунист Жам­был Ахметбековтен басқалары бұ­рын-соңды мұндай ірі саяси до­даға қатыспаған, тың үміт­кер­лер болды. Олар: «Ұлы Да­ла Қырандары» бірлестігі аты­нан Сәдібек Түгел, «Ауыл» пар­­­­­тиясынан Төлеутай Ра­қым­бе­ков, «Ұлт тағдыры» қоз­ға­лы­сынан Әміржан Қосанов, Батыс Қазақстан облысының кәсіподақ ор­талығынан Амангелді Таспихов еді. Ал билік партиясы Nur Otan өзінің ресми үміткері ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсын­ды.

Президент сайлауы әр бес жыл сайын өтеді. Арасы әжеп­теуір уақыт. Соңғы сайлауда қол­данылған әдістер келер жолы нә­тижесін бермеуі мүмкін. Кәдуілгі жұрт ақпаратты әлеуметтік же­лі­ден алуға көшкелі қашан. Сон­дықтан биылғы саяси додада сая­си технологтар күшін негі­зі­нен сол желілерге салуға ты­рыс­қанын байқадық. Әрине, би­лік партиясы әдеттегідей та­ны­мал кісілермен бірге аймақ ара­лау керуенін тағы қайталады. Зауыт­бек Тұрысбековтің өз пар­тия­сының кандидаты жайлы «Тәш­кен көрген» сөзі көптің есінде қал­ды.

Либералды көзқарастағы аза­маттар Қосановтың айна­ла­сында ұйысуға тырысты. Ортақ кандидат ретінде ұсынуға бел байлағандай болды. Алайда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшылығы бұл сайлауға қаты­су­дан бас тартты. Осылайша, сай­лау науқаны басталмай жатып демократиялық күштердің ара­сы­на жік түсті.


...4 кісінің өмі­рін қиып, бір қаланы әбігерге са­лып, шығыны мил­лиардтаған теңгеге жеткен апаттың жа­за­сы жай сөгіс болып қалды. Әрине, ауыр апаттан соң биліктің қолданар шарасы ауызша ескерту бол­са, ал бірнеше миллион жым­­­қырды деген лауазымды жем­қор­лар шартты жаза алса немесе абақ­тыдан үнемі ерте шыға бер­се, қоғамды қоғам ететін негіз­гі құндылық – әділдік қайда қала­ды?


Әр кандидат өзіндік бағ­дар­ла­ма ұсынды. Ж.Ахметбеков Ба­­­тыстың ықпалымен күресіп, қаш­қын олигархтарды сотқа тар­туды ұсынса, Д.Еспаева кә­сіп­керлікті дамытып, офшорға кет­кен қаражатпен күресуді мақ­сат тұтты. Ал Ә.Қосанов жем­­қорлықты жоюды, саяси ер­кін­дікті қалады, Т.Рақымбеков ауыл мен қаланы әлеуметтік тұрғыда теңес­­тіріп, ұлт құндылығын сақ­­тауды көздеді. Қ.Тоқаев ел да­муын қамтитын кешенді бағ­дар­­лама ұсынды. Алғаш рет «Қуат­ты Президент – ықпалды Пар­­ламент – есеп беретін Үкі­мет» формуласы айтылды. Со­ны­мен, 9 маусым күні өткен сай­лаудың нәтижесінде Қ.Тоқаев 70,09%, Ә.Қосанов 16,23%, Д.Ес­паева 5,05% дауыс жинады. Заңға сәй­кес, ең көп дауыс жиған кан­ди­дат республика президенті бо­лып сайланды.

Саяси өзгерістер. 2019 жыл Қа­зақстан азаматтарының ерекше саяси белсенділігімен есте қалды. Алдымен президент сайлауында қа­тардағы азаматтар ерікті түр­де бақылаушы болып тіркеле бас­тады және өзінің көрген-біл­ген­дерін әлеуметтік желіде жиі жаз­ды. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында заңсыз митингілерге шыққан жұрттың қарасы көбейе түсті. Алайда олар жүйесіздікпен, талаптардың ша­шыраңқылығымен ерек­ше­ленді. Яғни, нақты ұйымдастырушы, белгілі маршрут, талап-тілектің тізімі болмады. Сөзсіз, олар заң­сыз қоғамдық жиналу болып есеп­телгендіктен, полициямен қақ­тығыс фактілері жиі тіркелді. Бастапқыда бұл қоғамның н­аразылығын туғызғаны бел­гілі. Сондықтан кейінгі кездері по­­­лиция қызметкерлері заң­сыз жиынға келгендерді ұс­тау тактикасын өзгерткенін бай­қа­дық, яғни бұрынғы күш көрсету тә­сілі азайды.

Оған қоса, биыл тіркелмеген қоғамдық қозғалыстар да бой көр­сете бастады. Олардың қа­та­рында «Оян, қазақ», «Республиканы» кел­тіруге болды. Бірді-екілі шара, әлеуметтік желідегі тұрақты пост­­­тар болмаса, жүйелі әрекет бай­қал­мады. Жалпы, елдің саяси бел­сенділігі барысында о бастағы бір­неше қателік көп қайталанды. Ол – ұйымдастырушылық жұмыс­тар­дың реттелмеуі, мойын­далған көш­басшының жоқ­тығы, тұра­қ­ты мүшелер мен қаржы көзінің же­тіспеуі, бел­сенділіктің тек ор­тал­ық қалаларда көрініс табуы жә­не тағысын тағылар. Бұл бір жағы түсінікте де, өйткені олар­­­ға бастама болған кәсіби оп­пози­ционер, саясаткерлер емес, азаматтық белсенділер еді. Сәйкесінше, оларға саяси тә­жі­ри­бе, қолдаушы жетпей жатты.

Алайда осынша кемшілікке қа­рамай, жаңа Президент ел­дің саяси өзгерістерге деген сұра­ны­сын ескеріп, жауап ретінде нақты ша­раларды қабылдады. Олардың қа­тарында Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесінің құрылуы, митин­гі­лерді өткізуге жиі рұқсат беру, алаң­ға шыққандарға полиция та­ра­пынан күш көрсетпеу, жала жабу туралы 130-баптың жазасын жеңілдету және басқалар бар.

Қоғам санасындағы өзгеріс­тер­ді түрлі мүддедегі азаматтар мен топтар әрқилы пайдалануға ты­рысты. Олардың бұл әрекеті әлеу­меттік желілерде айқын кө­рінді. Ең алдымен, Қазақстанда сая­силанған Facebook алаңында түр­лі блогерлер ақылы посттар жаза бастады. Бірі үкіметті жақ­­­таса, екіншілері елді аран­дату­ға кетәрі емес еді. Оған қо­са, биыл Telegram-арналар ерек­ше белсенділік танытты. Қыс­қа уақытта бірнеше мың жа­зылу­шы жиған арналар елдегі сая­си процестер туралы ақпарды бей­тарап тұрғыда берудің орнына субъективті көзқарасын қоса ара­ластырып таратты. Әрине, көп­шілігі лауазымды тұлғалар, сая­си оқиғалар әрі нақты дәлел­сіз болғандықтан, жұрттың на­зарын аударды. Оқырман са­нын көбейтті. Тіпті, кейбірі оп­позициялық күштермен әріп­тес­тік танытуға даяр екенін және өз­дерінің шетелде жүргенін мә­лім­деді. Расталмаған мәліметті жа­риялау медиа заңдылығына қар­сы болса да, фейк жаңалықтар ке­зеңінде бұл оқырман жинаудың әккі әдісіне айналды.

   

Арыстағы апат. 24 маусым кү­ні Түркістан облысының Арыс қа­ласындағы әскери оқ-дәрі қой­масында болған жарылыс ел­ді дүр сілкіндірген оқиға бол­ды. Қазақстан тарихында ал­ғаш рет бір күнде 45 мың қала тұ­р­ғы­ны эвакуацияланып, қауіп­сіз жерге көшірілді. Әрине, бар­­лығын облыс басшылығы ұйым­дас­тырған жоқ. Халықтың басым бөлігі өз мүмкіндігімен Шымкент қаласына жетті. Арыстағы жа­рылыстың елге әсер еткені сон­ша, ол төтенше жағдайдан саяси мә­селеге айналды. Қоғам істі қалай ше­шер екен деп, жаңа сайланған Мемлекет басшысына үмітпен қарады. Қ.Тоқаев апат болған күні Арысқа барып, жарылыс бол­ған жерді аралап, халықпен кез­десіп, басу айтты. Үкіметке шұ­ғыл шаралар қабылдауды тап­сырды.

Жарылыс үш адамның өмі­рін жалмады. Кейін қазан айын­­­да снарядтарды жоспарлы түр­де жою барысында тағы бір офи­цер көз жұмды. Өкінішке қа­рай, осындай трагедия болса да, снарядтардың қауіпсіздігіне жауап­ты болған лауазымды әс­­керилер «жеңіл жазамен» шек­телді. Мәселен, Қорғаныс ми­нист­рі Н.Ермекбаевқа, оның орын­басары әрі Бас штаб бас­ты­ғы М.Бектановқа, генерал М.Майкеев пен Т.Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды. Ал экс-қорғаныс министрі, Ұлттық қор­ғаныс университетінің басшысы Сәкен Жасұзақов қызметінен кетті. Яғни, жалпы 4 кісінің өмі­рін қиып, бір қаланы әбігерге са­лып, шығыны мил­лиардтаған теңгеге жеткен апаттың жа­за­сы жай сөгіс болып қалды. Әрине, ауыр апаттан соң биліктің қолданар шарасы ауызша ескерту бол­са, ал бірнеше миллион жым­­­қырды деген лауазымды жем­қор­лар шартты жаза алса немесе абақ­тыдан үнемі ерте шыға бер­се, қоғамды қоғам ететін негіз­гі құндылық – әділдік қайда қала­ды? Азаматтар әділдікке сенуден, үміттенуден, жүгінуден қалмай ма?

Алайда Арыстағы жарылыс елді сары уайымға түсірген жайт емес, жұртты жұдырықтай бі­рік­тірген ортақ қайғыға айнал­ды. Алдымен Шымкент жұрты ала­сапыранда жеткен Арыс жұртын ша­масы жеткенше қабыл алып, нан-суын жеткізіп тұрды. Кейбірі бейтаныс жандарды үйінде қондырды. Жоғалған баласын та­буға атсалысты. Кейінірек бар­лық облыс тұрғындары Арыс­та жапа шеккендерге қо­лы­нан келген көмегін беріп жат­ты. Біркүндік жалақысын ау­дарды, кәсіпкерлер тауарын те­гін жет­кізді, еріктілер қаланы қал­пы­на келтіруге үлесін қосты. Арыста жарылыстан зардап шеккен ғимарат пен үйлерді қалпына кел­тіруге 34,5 млрд теңге қажет бол­ды. Республика азаматтары ар­найы есеп-шотқа 1,6 млрд теңге жи­нады. Тіпті, шет елдерден 105 мың рубль, 7 800 доллар келіп түсті. Ел басына күн туғанда еш­кім етектен тартпады, қайта бір кісідей көмек қолын созды.

Ұлттық кеңес. Президент Тоқаев өзінің сайлауалды бағ­дар­ламасында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру мәселесін көтерді. Ол кеңес беруші орган болуы қажет етеді. Бірақ заңды сай­ланған Парламент тұрғанда қо­сарланған жаңа органның қа­жеті қанша деген заңды сауал­дар туындады. Кеңес құрамы жа­сақталғанда билік түрлі көз­қа­растағы азаматтармен диалог құруға дайын екендігін танытты. 12 маусым күні Президент Тоқаев аталған кеңесті жасақтау туралы Жарлыққа қол қойды. Көп өтпей оның құрамына бұған дейін би­лікті сынап келген Арман Шо­раев сынды кәсіпкер де, Ай­гүл Орынбек сияқты блогер де, Айгүл Омаровадай адвокат та кірді. Бұдан бөлек, Айдос Са­рым, Ораз Жандосов, Марат Ши­бұтов, Мұхтар Тайжан, Расул Жұмалы, Саясат Нұрбек, Рахым Ошақ­баев және басқа да қоғам қай­раткерлері кеңеске мүше атанды.

Жалпы, билік тарапынан бұ­ған дейін оппозиция өкілдерін әріптестікке шақырып, ортақ жұ­мыс атқаруға талпыныс бір­не­ше рет болған. Мәселен, «Аза­­мат» қозғалысын құрар ал­дын­­дағы кездесу, Азаматтық қо­ғам­ды демократияландыру мен дамыту жөнiндегi кеңес (2002 ж), Демократия және азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегі ұлт­тық комиссия (2004 ж). Алайда бұл бастамалар сәтсіз аяқталып, жұ­мысы жеміссіз қалды. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек де­мек­ші, жоғарыда айтылған Ұлт­тық кеңес алдыңғыларынан бө­лектеу болды. Оның мүше­ле­рі билікке принципшіл оп­по­зиционер емес, түрлі тап өкіл­дері. Оған қоса, көпшілігі би­­­лікте болмаған, яғни саяси амбициясын анық байқатпайды, артында тұрған қолдаушысы да шамалы. Сондықтан олар Ақордамен қоян-қолтық әріптес болуға келісті және бірнеше топ­қа бөлініп, ұсыныстарын жүйе­леді әрі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында президент назарына ұсынды. Ал Президент үшін кеңес қоғамның әр то­бы­­ның өкілімен жүздесіп, сұх­бат­тасып, байланыс орнатуға, кө­кейдегі базынасын тыңдауға жә­не осы арқылы олардан қол­дау табуға жақсы мүмкіндік бол­ды. Қыркүйек айында өткен кеңес­тің алғашқы отырысында жа­ла жабу туралы бап, жер, бі­лім, зейнетақы, тіл мәселесі кө­терілді. Ал желтоқсанның соңын­да өткен екінші оты­рыс­та митингіні ескертіп қа­на өткізу, сөз бостандығы, ше­т­елдік жұмысшылар кво­та­сы­ның қысқаруы, көлеңкелі экономиканы азайту, партияны тіркеудегі жеңілдік, жер қаты­на­сындағы ашықтық жайлы ай­тылды. Яғни, кеңес ішкі саясат­та, экономикада, қоғамдық өмір­де болып жатқан маңызды м­ә­селелерге жауап іздеді. Бұл – өз уақытында жасалған қа­дам екені уақыт өте көріне бас­­­­тады. Өкінішке қарай, бұл Парламенттің атқаратын фун­­кциясы еді, алайда заң шы­ғару­шы палата оны өз деңгейінде ат­қар­маған соң бұл міндет Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесіне ауысты.

Не түйдік? Биылғы би­лік тран­зиті – саяси жүйе үшін де, қо­ғам үшін де үлкен сы­нақ­­қа айналды. Сын көп ай­тыл­ға­нымен, мемлекеттік қызмет ап­параты өз міндетін толық ат­­­­қарғандай. Саяси бағыт, са­бақ­тастық сақталды. Бұдан бө­­­лек, саяси жүйе қоғамның жаңа либералды талаптарына лез­де жауап қайырып отырды. Әре­кет ету стилі өзгерді. Яғ­ни, митингілер жиілей баста­ды, Президент қоғамдағы түр­­­лі белсенді азаматтарды қа­был­­дады, Ұлттық кеңесте өткір мә­селелер көтеріліп, оларды ше­шу бойынша тапсырмалар бе­рілді. Себебі саяси ашықтық бол­май нарықтық экономиканың дамуы тежелетінін барлығы тү­сіне бастады. Сондықтан Ата заңда жазылған базалық сая­си құқықтан бастап күрделі сая­си талаптар да ес­керілді. Бұл қатардағы аза­мат­тардың, қо­ғамның сұранысы еді. Ал олар­дың кешенді қол­дауын­сыз «Қуат­ты Президент – ық­палды Пар­ламент – есеп бе­ретін Үкі­мет» формуласын жүзеге асыру неғайбыл. Жалпы, де­­мок­ратиялық процестерді эво­лю­циялық жолмен, кезең-ке­зеңі­мен іске асырса, біздің қоғам бар­лық игі өзгеріске дайын екен.