Түркістан облысында «Nur Otan» фракциясының депутаттары қоғамдық қабылдау өткізуді жалғастырып жатыр. «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Темір Қырықбаев қабылдау өткізді. Сонымен бірге Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Жұмағали Төреқұл, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов та жергілікті тұрғындарды қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдады. Аудан әкімдігінің бірнеше бөлімінің басшылары да қатысты.
Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың бірі – Жаңа ауыл елді мекенінің тұрғыны Шариф Давранов ауылда спорт комплексінің жоқтығын айтып, елді мекен мектебінің спорт залында спорттық үйірмелер ұйымдастыруға көмек сұрады. Сонымен қатар Ынтымақ ауылдық округінің тұрғыны Құрбанай Муссулумова әжесінің зейнетақы көлемінің тым төмен екендігін алға тартса, қабылдауға келген У.Ермаханбетова өзінің зейнетақы қорындағы қаражатымен несиесін жабуға көмек керектігін жеткізді. Жетісай қаласының екі тұрғыны баспана мәселесін алға тартты. [caption id="attachment_108659" align="alignnone" > ©Сурет интернеттен алынды[/caption] Халық қалаулыларының қабылдауында болған Қызылқұм ауылдық округі, Қызылқұм ауылының тұрғыны С.Аджиханов ескі үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына көмек сұрады. Бүгінде 4 перзентімен 1950 жылы салынған ескі үйде тұрып келе жатқан жалғызбасты әке еденнің ескіріп, терезелерінің қирап жатқанын айтады. Жалғыз өзінің жалдамалы жұмыстан тапқан табысы ас-ауқаттан артылмайтын көрінеді. Айтылған бұл өтінішке байланысты облыстық мәслихат депутаты Темір Қырықбаев алдағы екі айда өз қаржысы есебінен тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруге уәде етті.