Ол дәрігерлер келгенше суға батып кете жаздаған.
Ақтауда 30 жасар ер адам теңізге секіріп, суға батып кете жаздаған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға туралы хабар жедел жәрдем қызметінің диспетчерінің пультіне 1 қаңтарда таңғы сағат 7: 30-да келіп түсті.
Оқиға орнына төрт минуттан кейін келген жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен адамға жүрек-өкпе реанимациясын жүргізді.
«Анықталғандай, ер адам 4 шағын аудандағы жартас соқпағы маңында суға секіріп, батып кете жаздаған. Дәрігерлер зардап шегушіден аспирациялық синдромын анықтады. Маңғыстау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бригадасының жеделдігі мен кәсібилігінің арқасында құрамында дәрігер Әйгерім Сали мен фельдшер Самат Темірханов ер адамның өмірін сақтап қалды. Зардап шегуші Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Оған барлық қажетті ем-дом жүргізілді, хирург-терапевт және травматолог қаралды. Үйге жіберілді, себебі ауруханада қалудан өз еркімен бас тартқан. Жас жігіттің суға секіруіне не итермелегенін полиция қызметкерлері анықтап жатыр»,-деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.