Айдос Ербосынұлы қарсыласын нокаутпен жеңгеннен кейін WBA рейтингіндегі екінші орнын сақтап қалды, – деп жазады ҚазАқпарат.
Қазақстан кәсіби бокс федерациясының мәліметінше , Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) 31 желтоқсанда өз рейтингін жаңартқан. Онда екі қазақстандық бар. Екінші орта салмақтағы екінші орын Айдос Ербосынұлына тиесілі. Ол 21 желтоқсанда венесуэлалық Омар Гарсияны нокаутпен жеңіп, WBA International, WBO Global және WBC Asia титулдарын қорғады.
Бұл дивизиондағы оныншы орынға Талдықорғанның тумасы Анатолий Муратов жайғасқан. Германиялық боксшы WBA тізімінде Қазақстан өкілі ретінде көрсетілген.
Жартылай орта салмақтағы WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Australasian титулдарының иесі Нұрсұлтан Жаңабаев алтыншы орыннан жетінші орынға сырғыды. Ол желтоқсан айында жарақатына байланысты жекпе-жегін кейінге қалдырған еді.
Айта кетейік, WBA рейтингінде Қазақстанның бір әлем чемпионы бар, ол – бірінші ауыр салмақтағы «тұрақты» чемпион Бейбіт Шүменов. Боксшы 2018 жылдың шілдесінен бері рингке шыққан жоқ.