Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші онжылдығын абақтыда отырғандарды азаттыққа шығарумен атап өтпек. Бұл бір «дәстүрге» айналды: бірінші және екінші онжылдықта да солай жасалған. Сондықтан сарапшылар егемендіктің кезекті белесінде жазадан құтыларына сеніп, қылмыскерлер тайраңдай ма деп қауіптенеді.
Түрмедегілерге қанша шығын шығарады?
Егемендікпен бірге өз тізгіні өз қолына тиген Қазақстан рақымшылық институтына тым көп жүгінетінді шығарды. Оған негіз де жоқ емес еді. ХХІ ғасыр басында, 2002 жылы World Prison Brief халықаралық ұйымының рейтингінде «түрме тұрғындарының» халықтың жан басына шаққандағы үлесі жөнінен Қазақстан АҚШ пен Ресейден кейінгі екінші орында тұрды. Бұған дейінгі өткен 8 рақымшылық акциясы нәтижесінде 2020 жылы Қазақстан аталған рейтингте 100-орынға дейін түсті. Сонымен қатар түрмедегілерді ұстап тұру ел бюджетіне үлкен салмақ түсіреді. Жыл сайын пенитенциарлық саланы қаржыландыруға миллиардтаған теңге жұмсалады және бұл қаржы өзін ешқашан ақтамайды. Мысалы, қазір түрмеде отырғандар саны 24 мыңнан 30 мыңға дейін өсіпті. Тиісінше, ел қазынасының шығыны да артуда. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір сотталғанды ұстап тұруға республикалық бюджеттен 3 мың теңгедей шығын қарастырылған. Яғни, жылына түрмедегілерге 35 миллиард теңге қаржы жұмсалады. Бұл жайт қарапайым халықтың ашу-ызасын тудырады. Мысалы, Қазақстанда 2021 жылы айлық ең төменгі күнкөріс шегі 34 302 теңге болып бекітілді. Ал түрмедегі бір сотталғанды ұстап тұруға айына 90 мыңдай теңге шығындалады. Қазақстанда 82 түзеу мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 16-сы – тергеу изоляторы, біреуі – УК-161/12 толық қауіпсіздік түрмесі. Арқалық қаласының маңында орналасқан, «Қара бүркіт» аталатын сол қапаста аса ауыр қылмыстары үшін өмір бойына сотталғандар қамалған. Рақымшылық оларға таралмайды, алайда олар да одан пайда көрмек.Амнистиялар нендей нәтиже берді?
Тәуелсіздік мерейтойын кезекті амнистиямен атап өту туралы шешім былтырғы 6 қарашада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен ішкі істер органдарының алқа отырысында қабылданыпты. Осыған орай ІІМ «Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат бірнеше шарадан тұрады: біріншіден, темір тордағылардың бір бөлігі жазадан толық босап, бостандыққа шығады. Екіншіден, тағы бір бөлігінің жаза мерзімі ішінара кемітіліп, еркіндікте ауаны құшырлана жұтатын күні жақындай түседі. Үшіншіден, кейбір қылмыскердің жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жазаға ауыстырылады. Төртіншіден, соттар қарамаған істер тоқтатылады. Яғни, қаншама істер аяғына жеткізілмей, жабылады. Бесіншіден, қылмысы үшін онсыз да жеңіл жаза алып, пробация қызметінің есебіне қойылған қылмыскерлер тіпті көше сыпырмастан, жауапкершіліктен құтылып кетеді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 8 рет амнистия институтының тетігін іске қосыпты. Оның әрқайсысы белгілі бір атаулы межеге байланысты өткізілді. Мысалы, алғашқы рақымшылық 1994 жылғы 5 қазандағы заңға сәйкес, «Халықаралық отбасы жылына байланысты» ұйымдастырылды: жалпы саны 1 380 сотталған босатылды. Екіншісі 1996 жылғы 15 шілдеде «Қазақстанның жаңа Конституциясының бір жылдығына» орайластырылды: 10 988 сотталған жазадан босатылып, 2 396 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Үшіншісі 1999 жылғы 13 шілде «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты» өтті: 15 705 сотталған босатылды және 2 270 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Ел тарихындағы ең ірісі – осы! Төртіншісі 2000 жылғы 29 желтоқсанда «Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануының он жылдығына байланысты» жарияланды: 7 791 сотталған адам босатылды және 964 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Бесіншісі 2002 жылғы 19 ақпанда «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығымен» байланыстырылды: 10 524 сотталған босатылып, 693 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Алтыншысы 2006 жылғы 9 қаңтарда «Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты» жасалды: 3 626 сотталған босатылып, 1 406 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Жетіншісі 2011 жылғы 28 желтоқсанда «Мемлекеттік тәуелсіздіктің жиырма жылдығына байланысты» деп дәйектелді: 2 628 сотталған босатылды, 859 сотталғанның жазасы азайтылды. Сегізіншісіне 2016 жылғы 13 желтоқсанда «Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойы» себеп болыпты. 1 220 сотталған адам босатылып, 2 338 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Бірақ осы босатылғандардың қаншасы іле-шала түрмеге қайта оралғаны белгісіз. Мәселен, 2011 жылы амнистиядан кейін 2014 жылы Бас прокуратура талдау жүргізді. Қорытындысында қадағалаушы орган 2010 жылдан бері Қазақстанда рецидивті қылмыс өскенін әшкереледі. Атап айтқанда, 2013 жылы түрмеден босап шыққандар жасаған қылмыс 63%-ға артып шыға келіпті. Ал 2014 жылы жарты мыңдай қылмыскер қайтадан қылмысқа барып, темір торға кері жіберілді. Бұл тек ұсталғандары. Қаншама қылмыс ашылмай қалатыны мәлім. Тәуелсіздік жылдарындағы рақымшылық акциялары нәтижесінде жалпы саны 53 862 сотталған бостандыққа шықты, 10 926 сотталғанның жаза мерзімі кемітілді. Биылғы рақымшылық барысында 3-4 мың сотталған адамды босату жоспарланып отыр. Қанша қылмыстық істің ешкімді жазаламай жабылатыны кейінірек белгілі болады. Ол үшін алдымен ІІМ жазған заң жобасын ел Парламенті қабылдап, Президент қол қоюы керек.«Сары таспа» орнына қыл арқан ба?
«Заң жобасы азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын: кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмаған балалары бар не жүкті әйелдерді, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарды, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босатуға бағытталған», – деді ІІМ. Бұдан бөлек, үнемделген қаражатқа қылмыстық-атқару жүйесінің әкімшілігі мен қызметкерлерінің жұмыс жағдайлары және олардың қызметі мен әлеуметтік қорғалуының басқа да жағдайлары жақсарады. Алайда сарапшылар қылмыскерлерді жаппай босатуды қою керек деген пікірде. Рақымшылық жасау негізінен дамуда арттап қалған мемлекеттердің еншісі: ол ТМД-да, бұрынғы Югославияда, Албания, Болгария, Вьетнам, Египет, Ирак, ҚХР, КХДР, Ливан, Румыния, Түркия, Филиппин, Эфиопия және бірлі-жарым дамыған елде қолданылады. Ал АҚШ пен Еуропаның белді мемлекеттерінде – Германия, Испания, Нидерланд, Норвегия, Швеция, тіпті Эстонияда жаппай амнистия институты жоқ. Польшаның конституциялық судьялары осы мәселені қарай келе «рақымшылық жасау Конституцияға қайшы» деп таныды. Дамыған елдерде негізінен әрбір сотталғанның ісі жеке қаралады. Назар аударар жайт, бұрынғы Югославия елдерінде, Аргентинада, Гондураста, Иракта, Кубада, Молдовада «рақымшылық жасау қылмыскерді жәбірленушілер алдындағы шағымнан босатпайды» деп арнайы қарастырылған. Ал Қазақстанда амнистия жарияланған сайын қаншама алаяқ пен жемқор босап шығады. Олар мемлекет пен жеке адамдарға келтірген шығынын өтемейді. Бұл қоғамның ашу-ызасын тудыратыны жасырын емес. ІІМ ұсынып отырған заң жобасында рақымшылыққа ілігушілердің шыққан соң шығынын өтейтіні туралы бір сөз жоқ. Парламентте талқылау барысында ондай түзетуді депутаттар қосады деген үміттеміз. Ресми мәлімет бойынша, рақымшылықпен шыққандарға қарағанда мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққандар әлдеқайда аз қылмыс жасайды. Себебі бұлар пробациялық бақылауда болады. Ал амнистияда әрбір қылмыскердің түзелу деңгейі бағаланбайды, «оптом» шығарыла салады. Ендеше бостандыққа шығу – биліктің сыйлығы болмауы керек, қылмыскер бостандық үшін еңбек сіңіруі, түзелуі, қоғамның ортасына оралуға дайындығын паш етуі керек. Рақымшылық бәрібір болады екен, демек билік сонша қылмыскерді әлеуметтендіруге де әзір болғаны жөн. Мысалы, Сингапурде «Сары таспа» (Yellow Ribbon Project) деген ұлттық бағдарлама бар. Оның аясында сотталғандар темір тордың ар жағында отырып, болашақ кәсібі – компаниясы үшін жұмыс істей бастайды. Қазақстанда бостандыққа шыққанымен не үйі, не отбасы, не жұмысы жоқ адам өзіне етене таныс қылмыс әлеміне қайта аяқ басуы ықтимал. Болмаса, өзіне-өзі қол салады. ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Садыбековтің мәліметінше, бейнебақылау арқасында 2016 жылдан бері түрмелерде 65 суицидтің жолы кесілді, соның ішінде алтауы 2020 жылы болған. Еркіндікте өмірден баз кешкені қаншама?Елдос СЕНБАЙ