Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары Әулиекөл ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Алдымен халық қалаулылары Әулиекөл ауданының активімен кездесті.
Тұрғындар түйткілді мәселелерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, аудан тұрғыны Фаина Михайловна сауда-саттық нысандарына бірнеше жыл бойы газ құбырының жүргізілмегенін тілге тиек етіп, 40 сауда ұйымының өкілі қол қойған ұсынысхатты депутаттарға ұсынды. Бұл мәселеге депутат Қуаныш Сұлтанов жауап берді. Ол өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, депутаттар елді мекендерді аралап, тұрғындардың мәселелерін шешуге атсалысып жатқанын айтты.
Әулиекөл бастауыш мектеп-интернатының ұжымымен әңгіме барысында депутаттар «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануына байланысты өзгерістерді түсіндірді.
– Жаңа заң педагогтардың кәсіби қызметтегі құқықтары мен міндеттерін егжей-тегжейлі көрсетеді және материалдық жағынан қамтамасыз етеді. Бұған қоса әлеуметтік кепілдіктерге қатысты нормаларды қамтиды. Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімді үш еңбекақы мөлшерінде сыйақымен марапаттау, ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге жер телімін алуда басымдық беру мәселесі қарастырылған, – деді депутат Ирина Аронова.
Ал Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Альберт Рау Краснооктябрь боксит кеніші басқармасының автокөлік цехы ұжымымен кездесті. Цехта мәжілісмендер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының іске асырылуы және атқарылған жұмыстары жөнінде сөз қозғады.
Әбілмансұр ЖАСАН