2019 жыл өрт жиі тіркелген жыл болды. Жер шарының әр жерінен бой көрсеткен жалын жыл соңына дейін жалғасып, 2020-ға да жетті. Австралия жаңа жылды қып-қызыл өрттің ішінде қарсы алып жатыр.
31 желтоқсан күні алапат орман өрті Австралияның Корбарго қаласына кіріп кетті. Келген жылды алаңсыз қарсы алуға дайындалып жатқан жұрт күтпеген жерден әбігерге түсіп, қаланы тастай қашуға мәжбүр болған. Әлемдік ақпарат көздері жариялаған деректерге сүйенсек, тілсіз жау жалмаған жануарлардың саны жарты миллиардқа жетіп қалған.
Австралия жанып жатты...
Корбарго – елдің оңтүстік-шығысындағы Жаңа Оңтүстік Уэльс штатына қарасты қала. Мыңдаған азамат жан сақтау үшін жапа-тармағай теңіз жағасына жеткенімен, бірнеше адам құрбан болған. Жағалауға жақын орналасқан Маллакута қаласының тұрғындары Би-Би-Си журналистеріне адамдар қызыл жалынның ішінде арпалыса жүріп, қолы жеткені қайыққа міне теңізге түсіп жатқанын хабарлаған.
Өрттің салдарынан Сидней мен Мельбурнның танымал бірнеше курортты аймағы жұмысын тоқтатты. Жаңа Оңтүстік Уэльс және Виктория штаттарында оннан аса өрт ошағы тіркелген. Бұл шамамен ұзындығы 500 шақырымға созылған аумақ.
Австралия – Австралия құрлығы мен Тасмания аралында және көптеген кішігірім аралдар жиынтығынан құралған мемлекет. Құрлықтағы өрт 2019 жылдың қыркүйегінде басталған. Сарапшылар өрттің шығу себебі – аптап ыстық пен құрғақшылық деген қорытынды жасады. РИА Новости агенттігі өрт 5 миллион гектар жерді шарпығанын хабарлады. Мыңдаған үй өртеніп кеткен. The Straits Times мәліметінше, елдегі коаланың 30 пайызы, яғни 8 мыңға жуығы қырылып қалған. Себебі орманда ағашқа өрмелеп күнелтетін коала ашық жерде баяу қимылдайтын жануар. Одан бөлек, 480 миллиондай жан-жануар қырылған.
Құрлықты жайпап бара жатқан жалынның аумағы ұлғайғаны соншалық, кейбір жердегі ошақты ұшақпен сөндіру мүмкін болмай отыр. Ел билігі орман өртін сөндіруге 3 мыңға жуық әскери қызметкер атсалысатынын мәлімдеді. Австралияның қорғаныс министрі Линда Рейнольдс бұл – ел тарихында болған ең ірі өрт деп мәлімдеді. 31 желтоқсаннан бері құрбан болғандар саны артып, 23-ке жеткен. Ал DW мәліметінше, Виктория штатында 17 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Дегенмен 6 қаңтарда Австралияда нөсер жаңбыр жауып, жауын-шашын елдің шығыс жағалауынан, Сидней мен Мельбурнға дейін жеткені айтылды.
Орман өртінің зардабы көршілес аймақтағы мемлекеттерге залал келтіре бастаған. Мәселен, Жаңа Зеландиядағы мұздықтар өрт күлінің кесірінен қоңыр түске боялған. Австралиядағы жағдайға байланысты танымал адамдар қалыс қалмай, қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, ресейлік теннисші Мария Шарапова Twitter желісіндегі парақшасында Австралияға көмек ретінде 25 мың АҚШ долларын аударатынын мәлімдеп, әріптесі Новак Джоковичті де ұсынысын қолдауға шақырған. Ал Джокович Шарапованың ұсынысын қабылдап, ол да көмек ретінде қаржы аударатынын мәлімдеді.
Одан бөлек, Грета Тунберг, Леонарди Ди Каприо, Ева Лонгория және тағы басқа танымал тұлғалар Instagram желісіндегі парақшаларында қолдау сұрап жазып жатыр.
Былтырғы жыл табиғат апатының жиілеп, төтенше жағдайлар көбейген жыл ретінде есте қалатындай. Ұлыбританиялық Оксфорд сөздігі «климаттық төтенше жағдай» сөзі 2019 жылы әлем бойынша ең көп қолданылғанын анықтапты. Ал Ресейдегі Орыс тілі институты «өрт» сөзі жыл сөзі болғанын айтып отыр. Өйткені биыл жазда Ресейдің Сібірінде алапат орман өрті күллі әлемді алаңдатып, түтіні мен ыстың иісі біздің елге де жеткені есімізде.
Сібір мен Амазония өртеніп еді
2019 жылғы 7 тамызда ақпарат құралдары Ресейде 4,3 млн гектар орман алқабы жанып жатыр деген мәлімет таратты. Сібірдің жалпы географиялық аумағы 13,1 млн шаршы километр екенін есепке алсақ, бұл өте үлкен көлем. Осынау өрттің түтіні Қазақстанның теріскей аймақтарына да, Мәскеуге дейін жеткені бар. Былтыр жазда Ресейдің 10 аймағында өрт болған. Соның салдарынан қоршаған ортаға орасан зор зиян келді. Өкініштісі, алапат орман өрті кезінде адамзат қауқарсыз болып қалатыны бар. Ресейдегі өрт кезінде де солай болды. Өрт сөндіруге жұмылдырылған техникалар жалын шарпыған аймаққа жете де алмай қалатыны бар. Мәселен, Сібірдің теріскей аймақтарына өрт сөндіруші ұшақтарды жіберуді қажет деп таппады көршілер. Өйткені 500 шақырым алыстағы орман өртін сөндіруге ұшып барған ұшақтың шығыны мол болады. Сондықтан Ресей билігі алыс аймақтағы өртті сөндіруге тырысқан да жоқ. Ал жалпы Сібірдегі орман өртін сөндіруге 2 715 адам мен 343 техника жұмылдырылды. Одан бөлек 28 ұшақ пен тікұшақ өрт сөндіруге араласты.
Өрт демекші, былтыр Амазония ормандары да отқа оранған. Масс-медиадан байқайтынымыздай Амазония ормандары жылда өртеніп жататыны бар. Алайда былтыр орасан зор болды. Орман өрті Бразилияда, Боливияда және Перуде тіркелді. Жалпы, 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында Амазония алқабында 77 мың өрт ошағы тіркелген. Онда да миллиондаған гектар орман өртенді. Ал атмосфераға былтыр орман өртінен 6,7 мың мегатонна көмірқышқыл газы қосылыпты. Бұл дегеніңіз АҚШ-тың барлық өндірістері шығаратын зиянды қалдықтардан көп. Алып елдің зауыттары мен түрлі өндірістері ауаға былтыр 5,1 мың мегатонна көмірқышқыл газын шығарыпты. Демек, орман өрті жаһандық сипат алған жайы бар.
Орман-тоғай өрті Қазақстанда да аз емес
2019 жылдың тамызына дейін елімізде 500-ге жуық орман өрті болды. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Е.Нысанбаев тамызға дейін орманды алқаптарда 499 өрт шығып, шығыны 221,2 млн теңге болғанын айтқан. Ал 2015-2018 жылдар аралығында елімізде мемлекеттік орман қоры аумағына кіретін 226 мың 835 гектар жер өртенді. Жалпы, соңғы 3 жылда орман өртінің саны 1 703-ке жетіпті. Бір сөзбен айтқанда, орман өрті бізде де болып тұрады. Өкінішке қарай, әзірге осынау апаттың алдын алу ісінде адамзат қателік көп жасап келеді. Біздің елде де солай. Мысалы, 2018 жылы бір ғана Жамбыл облысындағы орман өрті еліміздегі орман өртінің 90 пайызынан асып кеткен. 146 мың 461 гектар орман мен ерекше қорғалатын аумақ өртенген. Әр өңірде мұндай деректер кездеседі.
Жалпы, орман мен дала өртінің көбінің шығуына адам себепші болатыны жасырын емес. Біздің елде де, шетелдерде де солай. Біз айтқан Амазония ормандарының өртенуіне жергілікті тұрғындар біраз «үлес» қосса керек. Ал Қазақстанда ағаш саудалайтындар мен «шөп жақсы шықсын» деген ниетпен даланы өртеп жіберетін адамдардың, салғырт-салақ демалушылардың да кесірі тиіп жатады. Дегенмен найзағай мен қуаңшылықтың кесірінен де өрт шығатын кездер аз емес. Қалай болғанда да орман өрті жақсылық әкеле қоймайтыны анық.
P.S.
Австралиядағы өртке қатысты деректер соңғы күндері әлеуметтік желі қолданушыларын кәдімгідей алаңдатып қойғандай болды. Тұтас құрлықтың өртеніп жатқаны жайлы фотоны көп адам бөліскен. Жер серігі түсірген фото екен-мыс. Алайда әлгі фото фейк еді. Иә, Австралияда өрт болды, бірақ құрлық түгел жанып кеткен жоқ. Осындайда ақпараттың рас, өтірігін тергеп алатын сергек сана да жетіспейді-ау дейміз. Кез келген дүниеге сергек қарасақ адам қолымен жасалатын апатқа да жол бермес едік.