Көкшетаудан бала асырап алған америкалық ананың сыры
Көкшетаудан бала асырап алған америкалық ананың сыры
194
оқылды

Көкшетаудан бала асырап алған америкалық отбасы өз­дерінің бастан кешкендерін әңгімелеп берді. Мұхит асып кеткен қазақстандық бала­лар қазір америкалық үлгілі от­басылардың бірінде тәр­биеленіп жатыр.  Өздері бала­лы бола алмаған отбасы үшін  бала махаббатына ешнәрсе жетпейді.

2005 жылы Көкшетаудан бала  асырап алған Энн Джейкобсонмен тілдесудің сәті түсті. Қазір Дэниел және Маяй есімді балалардың жасы 16-ға толған. Олар өздерінің Қазақстанда туғандарын біледі екен. Отбасылық дәрігер болып қызмет ететін Энн Джейкобсон бірнеше жыл бойы емханада  қызмет еткен. Кейін денсаулық сақтау саласында кеңесші, Лойола Стритч медициналық мектебінде оқытушы болып жұмыс істепті. Ол жұбайы Джон Лиммен бірге ата-ана болу жолындағы қиындық­тарын баян етті. «Чикаго қол астындағы реп­родуктивті медицина емханасында  күн сайын бір уақытта радио­хабарландырулар таратылатын. Бірнеше апта бойы түсімде орталық репродуктолог дәрігерге  алғыс білдірген әйел дауысынан оянатынмын. Осыдан он жыл бұрын мен осы емханаға аптасына бірнеше рет келдім. Бірнеше қан талдауын өткізіп, ультрадыбысты зерттеулерден өткеннен кейін отбасылық дәрігер болып жұмыс істеген емханама келдім. Менің емделушілерімнің арасында көп­теген жүкті әйелдер болды. Олар менен «бала көтере алдың ба?» деп  сұрады.  Сыпайы түрде «әлі жоқ» деп жауап қайтардым», – дейді ол.  Бірақ кейіпкеріміздің есінен сол бір радиохабарлама шықпай қой­ған. Алған бетінен қайтпай, «әлі де балалы боламын» деген үміт сәу­лесімен алға ұмтыла берген. Жұбайы дәрігер болып қызмет етеді. «Біз барлық амалды қол­да­нып көрдік. Осыдан кейін бедеулік жөніндегі маманның алдына барып кеңестік. Ол толыққанды отбасы үшін до­нор­лық жұмыртқа жасушаларын қолдану, ұрықтарды алудың реп­родуктивті әдістерін түсіндірді. Бірақ бұлардың бәрін қолданған соң ғана бедеуліктен емделуді тоқтатқан жөн деп таптық», – дейді Энн Джейкобсон. Америкалық отбасы осыдан кейін бала асырап алуды жөн сана­ған. Ол үшін көп уақыт дайын­далып, үміт пен күдікке толы сезімдерді бастан өткеріпті. «Қырық аптаға созылатын шынайы жүктілік қандай қиын болса, әрбір сәт арман мен қуа­ныш­қа, күдік пен  қорқынышқа толы. Бала асырап алу да сон­шалықты қиын.  Тоғыз ай тоғыз күн көтермесең де, оның да өз қиындықтары бар. Өз ойларыңмен іштей арпалысасың. Біз бала­ларымызды жеті жасқа жеткенше көрген жоқпыз. Олар бізден мыңдаған шақырым жерде сәбилер үйінде болды. Олардың био­логиялық ата-анасының кімдер екенінен, олардың әлеуметтік жағдайы, өмірге қалай келгенінен де хабарсыз болдық. Дегенмен  біз балаларымызды алғаш көрген сәттен-ақ барлық тексерістен бас тарттық. Олар дың көздерінен  «осынша ұзақ уақыт қайда бол­дыңыздар?»  деген сөздерді оқы­ғандай болдық», – дейді Энн Джейкобсон. Содан бері арада он бес жыл өткен. Балаларға жақсы тәрбие беріп,  отбасылық құндылықтарды түсіндіріп келеді. Дегенмен аме­рика­лық ата-ана өздерін әлі де түр­лі ойлар мазалайтынын жасыр­мады. «Балаларымыз бізден алдағы уақытта өзінің шын ата-аналарын сұрайды-ау деген сұрақ бізді күн сайын мазалайды. Расында да, олардың тегі кім? Өмірге әкелген кім? Осы сауалдар түптің түбінде мазалауы мүмкін ғой. Ең басты артықшылық  балаларымыздың ата-анасына, бір-біріне деген құр­меті, мейірімі отбасын нығайтып, одан әрі біріктіре түседі», – дейді Энн Джейкобсон. Олардың шын ата-анасынан кім екенін хабарсыз болуы амери­калық ананы да көп мазалайтын секілді. «Оларға деген ықыласым шексіз.  Әлемнің келесі жарты­сынан өміріме қуаныш әкелген шынайы бақытымды таптым. Өйткені әлем махаббатпен ғана шынайы екеніне сенемін. Мен бала­ларымның осыны біліп өске­нін қалаймын», – дейді Энн Джей­кобсон.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы