АҚШ президенті Дональд Трамп халықаралық құқықты сақтайтынын және Иранның мәдени мұра нысандарына соққы жасауға бұйрық бермейтінін мәлімдеді. Осылайша Трамп бірнеше күн бұрын Иранға жасаған қоқан-лоқысынан бас тартты деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.
Өткен сенбіде Трамп АҚШ Иранның 52 нысанына қарулы күшін бағыттағанын, оның ішінде иран мәдениеті үшін өте маңызды нысандар бар екенін мәлімдеген еді. Президент егер ирандықтар генерал Касем Сулейманидің өлімі үшін кек алу мақсатында америкалықтар мен АҚШ мүлкіне шабуыл жасайтын болса, АҚШ соққы беруге дайын екенін ескерткен болатын.
АҚШ президентінің бұл қоқан-лоқысы әлемнің бірнеше елінде сынға ұшырады.