Ақтөбеде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасы жобасы талқыланды.
Облыстық, қалалық және 12 аудандық жол картасы жобасына 96 іс-шара енгізіліп, 70 нысаналы индикатор белгіленген. Әрбір жылға нақты көрсеткіштері бар тиісті жол картасын нұротандық депутаттар облыстық мәслихаттағы фракция отырысында талқылап, пысықтады. Фракция отырысын ашып жүргізген партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалин партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы жобасында тұрғындарды алаңдатқан мәселелер түгел қамтылғанын атап өтті.– Өткен жылдың 17 қазаны күні облыстық филиалдың кезектен тыс ХХХ онлайн конференциясында партия филиалының сайлауалды бағдарламасы қабылданған болатын. Сол сайлауалды бағдарламаны орындау жөнінде алдағы 5 жылдыққа арналған Жол картасы жасалды. Жол картасының ерекшелігі – мұнда облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі елді алаңдатқан мәселелер түгел електен өткізіліп, қамтылды. Алдағы бес жылда өңірді дамытудың тың жоспары осы құжатта толық жазылған, – деді Оңдасын Оразалин.
– Біз халық пен билікті байланыстыратын буын ретінде халықтың сенімі мен ақ-адал аманатын арқаладық. Сондықтан да сайлауалды бағдарламаларымызды жүзеге асыру үшін еліміздің, өңіріміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жоспарларымызды ашық түрде қарауға ұсындық. Ендігі кезекте, алдағы 5 жылда Сайлауалды бағдарламамызды жүзеге асыру жөніндегі Жол картасын толық әрі сапалы орындап, халыққа қызмет ету міндеті тұр. Облыстық жол картасы 165 пункттен құралып, фракцияның барлық 26 мүшесіне орындалуын ұйымдастыру бекітілді, – деді ол.
– Праймериз және үгіт-насихатпен біз шалғай ауылдарға дейін барып, халықтың ұсыныс-тілектерін естіп, жинап қайттық. Соның барлығы сайлауалды бағдарламада қамтылды. Енді міне, олардың жол картасына енгізілгенін көріп отырмын. Қоршаған ортаға қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін "ЭкоТехПрогресс" зауытын, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін салу жоспарланған. Бұл халық тілегінің ескерілгенінің бір мысалы, – деді фракция мүшесі Евгений Лазарчук.